Вернуться к списку статей

Астана және Алматы арулары күміс жүлдеге таласады

Футбол
1K
Қазақстан-U19 құрамасы. Фото: kff.kz
Елордамыздың «Тарлан Арена» стадионында «Астана» арулары Ақтөбенің «№2 ОБЖСМ» командасын қабылдап, 3:0 есебімен жеңіске жетті. Дегенмен, Виктор Сеник шәкірттеріне жеңіс оңайлықпен келген жоқ.

ГОЛСЫЗ ТАЙМ

Аталмыш командалардың бесінші кездесуі бұл. Бұған дейінгі төрт матч елордалықтардың жеңісімен аяқталған. Бірақ бұл жолы ақтөбеліктер кездесуге барынша дайындалып шыққан сияқты. Қарымта шабуылдарға иек артып, тайлы-тұяғымен қорғанысқа жатып алған қонақтар бірінші таймда алаң иелерінің барлық шабуылдарына төтеп беріп, қақпаларына гол кіргізген жоқ.

ӘМБЕБАП – ЯЛОВА

Ойын тағдыры екінші таймда өзгерді. Шамасы, үзіліс кезінде қыздар жаттықтырушысы Виктор Сениктің біраз «жылы сөзін» естіген секілді. Алаңға жаңа леппен шықты. Тізгінді өз қолына алған капитан Мария Ялова соло жасап, 50-минутта есеп ашты. Араға бес минут салып Машаның есепті еселейтін мүмкіндігі болған. Бірақ Аида Гайстенованың еңбекпен тапқан пенальтиін жүзеге асыра алмай, допты айдалаға бағыттады. Ал тағы 20 минуттан кейін екінші ескертуін алып, алаңнан қуылды.

«АСТАНАДА» ГОЛДЫ КАПИТАНДАР ҒАНА СОҒАДЫ

Алаңнан кетіп бара жатып Ялова капитандық таспаны Марина Пушкареваның қолына тағып кетті. Сола-ақ екен, жауапкершілікті сезінген Пушкарева түлеп сала берді. 85-минутта есепті 2:0-ге жеткізсе, ойынның аяқталуына үш минут қалғанда «Астананың» үшінші голын соғып, ойынға нүкте қойды.

ЕКІ КҮННЕН КЕЙІН КЕЗЕКТІ КЕЗДЕСУ

Енді аталмыш командалар екі күннен кейін жасыл алаңда қайта жүздеседі. Ойын 28 қыркүйек күні «Тарлан-Аренада» өтеді. Ал Алматыда қазір жергілікті «ЖСШОМ-Барыс» пен Шымкенттің «БИІК-№7 МБЖМОР» командасы ойнауда. Жалпы, биылғы біріншілікте екінші орынға астаналық және алматылық арулар таласуда. Қайсының «күміс жүлдегер» атанатыны бір айдан кейін елордадағы өзара текетірестің қорытындысынан кейін  анықталады. Бейресми ақпараттарға сүйенсек, оңтүстік астаналықтар бұл матчқа Түркияда дайындалмақ.

Қазақстан біріншілігі

17-тур (26 қыркүйек)

АСТАНА – №2 ОМБЖСМ (Ақтөбе) 3:0 (0:0)

Голдар: Мария Ялова, 50. Марина Пушкарёва, 85. Марина Пушкарёва, 88.

Ескертулер: Мария Ялова 44, Айдана Жәутікова 45, Сәуле Сайдулла 82,

Қызыл қағаз: Мария Ялова, 76.

«Астана»: Маргарита Широкова (Маргарита Панова 46), Айнұр Жахина, Марина Пушкарева, Евгения Хацкевич, Виолетта Мицул, Анастасия Берендеева, Юлия Николаенко (Сюзанна Корнецова 88), Анна Костина (Ұлпан Пазыл 70), Карина Жұмабайқызы (Тоғжан Бекпенбет 53), Әйгерім Әлімқұлова (Аида Гайстенова 76, Алина Свергун 83), Мария Ялова.

Резерв: Ирина Чукисова

№2 ОМБЖСМ: Аяжан Бақтарбай, Алевтина Токарева, Құндыз Қожахмет, Лаура Оразметова, Әйгерім Амангелді, Фатима Сатығалиева (Әсел Көбесова 90+1), Айдана Жәутікова (Дильназ Аманжол 60), Рано Ақбаева, Әсем Жақсымбай, Айнұр Құрманғазина, Айсәуле Сайдулла

Резерв: Анастасия Титанова, Гаухар Қартанбай, Інжумаржан Серғали, Наргиз Алданизарова

Төрешілер: Саят Қарабаев, Дамир Сырымов, Әліби Мерғазы (бәрі де – Астана)

Астана қаласы, «Тарлан Арена» стадионы. 100 көрермен.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика