Aлайда «Астана» әйелдер командасының орталық қорғаушысы Ұлпан Пазыл бұл пікірді жоққа шығарып, футболдың аруларға жат еместігін дәлелдеуге тырысты.
– Ұлпан, «Астана» қыздар командасы биылғы біріншілікті Шымкенттің «БИІК-Қазығұртына» қарсы ойындармен бастады. Алғашқы аяқ алыстарыңызға қандай баға бересіз?
– Екі кездесу өткізіп, екеуінде де тең түстік. Біріншісінде есепті біз бірінші ашқанбыз. Екіншісінде олар бірінші ашқанымен есепті теңестіруге шамамыз жетті. Иә, негізінен қорғанысқа көбірек көңіл бөлдік. Дегенмен, бұл дұрыс деп ойлаймын. «БИІК-Қазығұрт» қанша дегенмен өте тәжірибелі, әрдайым еурододаға қатысып жүрген команда. Ойыншылары да қарымды, шебер. Көбісі ұлттық құрамада ойнайды. Дәл қазіргі таңда оларға қарсы тең ойнағанымыздың өзі ерлік. Ал алдағы ойындарда біз алаңға міндетті түрде жеңіс үшін шығатын боламыз.
– Жалпы «БИІК-Қазығұрттан» бөлек, тағы қай команда биыл Қазақстан біріншілігінде жүлделі орындарға таласуға қабілетті?
– Меніңше, чемпиондыққа тартыс «Астана» мен «БИІК-Қазығұрт» арасында өрбімек. Сондай-ақ, Алматының «Барысы» да мықты екен. Рас, олар бізге соншалықты қарсылық көрсете алмауы мүмкін. Дегенмен, біраз жүйкемізді жұқартуға шамалары жетері анық. Олар үздік үштіктен көрінуден бірден-бір үміткер. Ал Ақтөбе мен Шымкенттің екінші командасында өрімдей жас қыздар жиналған. Оларға әзірге тәжірибе жетіспейді.
– Ел біріншілігінде бес-ақ команда. Тым аз емес пе?
– Әлбетте, аз. Командалар көп болса екен деп біз де тілейміз. Еліміздің барлық аймағында өзінің қыздар командасы болса, шын жүректен қуанар едім. Ал қазір небәрі бес команда...
– Дегенмен, 2017/18 жылдан бастап Премьер-лиганың әрі клубы өз қарамағына қыздар ұжымын және футзал командасын алуы керек деген шешім шығарылды.
– Бұл өте дұрыс шешім деп ойлаймын. Келесі маусымнан бастап-ақ Премьер-лиганың барлық командасы қыздар футболына көңіл бөле бастайды деп үміттенемін. Қазірдің өзінде естіп жатамыз, 2017 жылғы футбол маусымына қазірден бастап дайындалып, қыздар футболын қолға ала бастаған клубтар бар екен. Соны естіп қуанып жатырмыз. Бұл Қазақстанда қыздар футболының дамуына үлкен серпін берер еді.
– Сәйкесінше, маусым соңында басқа командалардан ұсыныс түсіп жатса, қабылдайсыз ба?
– Мен «Астанамен» бір жылға келісімшартқа отырғанмын. Осы маусымның соңына дейін елордалық команданың жетістіктерге жетуіне бар күшімді салуға тырысамын. Ал келесі жылы қалай боларын көре жатармыз. Командалар көбейеді деп үміттенемін. Егер қарымды клубтан ұсыныс түсіп жатса, ойланып көремін.
– Ал «Астанаға» дейін қай командаларда ойнаған едіңіз?
– Өзім Қарағандының қызымын. Доп тебуді сол жақта бастағанымен кәсіпқой футболдағы алғашқы қадамымды «БИІК-Қазығұртта» жасадым. 2009-2011 жылдар аралығында шымкенттік командада өнер көрсетіп, кейін Қарағандының «Шахтер-ҚарМу» сапына ауыстым. Одан кейін өткен жылы Көкшетаудың «Оқжетпесінде» ойнағанмын.
– «Астанаға» қалай келіп қалдыңыз?
– Жаңа жылдың қарсаңында елордамызда футбол клубы құрылады деген әңгіменің шетін естіп жүретінмін. Сөйтіп жүргенде мұнда мені Ора Амангелдіқызы (Орынбасар Дәуренбекова команданың аға жаттықтырушысы – автор) шақырды. Жалпы, ол кісіге алғысым шексіз. Маған көп нәрсе үйретіп, футболшы ретінде қалыптасуыма үлкен көмек жасады. «Астана» қыздар командасының құрылуына да зор еңбек сіңірді. Егер ол болмағанда «Астана» да болмайтын еді деп ойлаймын.
– Бас бапкері Виктор Сеник жайлы не айтасыз?
– Виктор Евгеньевич те өте тәжірибелі маман. Молдовадан келген. Өз ісінің шебері. Рас, кейде арамызда түсініспеушіліктер болып жатады. Дегенмен, оның барлығы да жаттығулар барысында дұрыс жағына қарай шешіліп, дер кезінде тіл табысып жатамыз.
– Енді өзіңіз жайлы, Ұлпан. Футболмен қашаннан бері айналысып келесіз?
– Ес білгелі футболдамын. Қателеспесем, 10-11 жасымда бастадым ғой деймін. Бірден өмірлік махаббатыма айналды. Содан бері теңбіл допты жанымнан тастамаймын. Алаңға әр шепте ойнап көрдім. Қазір орталық қорғаушымын.
– Кейбіреулер футбол қыздарға арналмаған спорт түрі деп жатады. Келісесіз бе?
– Ең басында менің де бұл қызығушылығыма үйдегілер қарсы болатын. Бірақ кейін әкемнің өзі ақ батасын беріп, футболмен кәсіпқой түрде айналысуыма өзі де жағдай жасады. Сол үшін әкеме көп рахмет айтамын. Жалпы, «футбол қыздарға арналмаған» деген пікірмен келіспеймін. Бұл стереотипті бұзу қажет. Футболдағы қыздар сұлу, дені сау келеді. Сондай-ақ, келісетін шығарсыздар, футболды түсінетін қыздарды жігіттер де ұнатады.
– Ал қыздар футболы мен ерлер футболының айырмашылығы неде деп ойлайсыз?
– Айырмашылығы бар. Біз жігіттер секілді допты қатты тебе алмаймыз. Бұдан бөлек, соншалықты жылдам ойнай алмаймыз. Дегенмен, қыздар футболының да өз әсемдігі бар. Біз жігіттерге қарағанда алаңда тез ойланып, тез шешім қабылдаймыз.