Вернуться к списку статей

Қазақстан қыздары Македония құрамасынан ұтылып қалды

Футбол
1K
Фото kff.kz сайтынан
Македонияда 17 жасқа дейінгі қыздар арасындағы  «Даму кубогы» додасы басталды. Қазақстан бойжеткендері алғашқы ойында алаң иелерінен ұтылып қалды.

Скопьеде өтіп жатқан халықаралық додаға Қазақстан қыздарымен бірге Украина, Македония және Люксембург бойжеткендері де қатысатындығын жазғанбыз. Бекітілген ойындар күнтізбесі бойынша алғашқы ойындар да өтті.

Қазақстан қыздары Македония бойжеткендерімен кездесіп, 2:5 есебімен ұтылып қалды. Біздің құрама сапынан Анастасия Низамутдинова мен Карина Әділханова гол соғып, көзге түсті.

Қыздар арасындағы Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушы Роман Заев осы ойыннан кейін өз пікірін білдіріпті:

Ойын нәтижесіне көңіліміз толмайды. Алайда команданың дайындық деңгейі мен қыздардың талпыныстары келешекке үмітпен қарауымызға негіз бола алады. Ең бастысы, осы бетімізден қайтпай, қыздардың шеберліктерін жетілдіре түсуіміз қажет. Екінші таймда біздің құрама өте ширақ қимылдады. Карина Әділханова бұрыштамадан көтерілген допты басымен қақпаға тура бағыттады. Гол соғатын тағы да бірнеше мүмкіндіктеріміз болды. Бірақ шешуші пастың жетіспейтіні байқалды.

Енді Роман Заевтың шәкірттері ертең, 25 сәуір күні Украина құрамасымен өткізеді. Осы ретте айта кетейік, Украина қыздары кеше Люксембург бойжеткендерімен кездесіп, 4:3 есебімен басым түскен болатын.

Македония U-17 – Қазақстан U-17 – 5:2

Қазақстан: Исмаилова, Садықова, Жақсыбай (Аруова, 41), Флют, Иванюк, Низамутдинова, Серғали (Скуфина, 41), Төлегенова, Смағұлова (Багули, 31), Волкова, Әділханова.

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика