Вернуться к списку статей

«Ордабасы» от басты ма, федерация дөп басты ма?

Футбол
1K
«Ордабасы» – «Широки Бриег». Фото: fcordabasy.kz
«Ордабасы» футбол клубы Еуропа лигасына қатыса алмайтын болды. ҚФФ Сертификация комиссиясы UEFA кубогына қатысуға құқық беретін сертификат бермеген...

«Ордабасы» клубының Еуропа лигасындағы көрсеткіштері

Жалпы, «Ордабасы» клубы Еуропа лигасына төрт рет қатысты. 2012/2013 жылдар маусымында оңтүстікқазақстандықтар дәл осы Еурокубок додасының екінші електік сатысына дейін жетіп, жанкүйерлерін риза қылған («Ягодина», Сербия – 0:0, 1:0 және «Русенборг», Норвегия – 1:2, 2:2).

Араға екі маусым салып, соңғы үш жылда үздіксіз қатысып келеді. Бірақ кейінгі екеуінде өз қабілеті мен мүмкіндігіне сай деңгейде өнер көрсете алмай, отандық мамандар мен жанкүйерлерді жерге қаратты:

2015/2016 жылдар маусымы: «Бейтар», Израиль – 0:0, 1:2
2016/2017 жылдар маусымы: «Чукарички», Сербия – 3:3, 0:3
2017/2018 жылдар маусымы: «Широки Бриег», БжГ – 0:0, 0:2

Әсіресе соңғы екеуінде ортаңқол командалардан аса алмай, Еуропа лигасы додасынан алғашқы електе-ақ тыс қалды. Ойындары мүлде үйлеспей, жанкештілік танытпады. Еурододада сенімді ақтай алмады. Негізі, осал ұжым емес еді. Мәселен, 2017 жылы «Астананы» үш ойынның екеуінде ұтса (3:0, 0:1, 2:1), ал 2016 жылы «Қайратқа» төрт матчта екі-ақ ұпай ұстатқан-ды (1:0, 2:2, 2:1, 1:1).

Бір қызығы, Еуропа лигасына қатысуға құқық беретін төрттікке ілігу үшін барын салып, жанталасады да, Еурокубок додасында кежегесі кейін тартып, білгенінен жаңылады. Сонда қалай, «Ордабасы» клубына «Еуропа лигасына қатысты немесе қатысады» деген атағы ғана керек болғаны ма?

Әлде басқадай сыры бар ма? Мәселен, Еуропа лигасына қатысатын клуб ретінде қосымша қаржы сұрау үшін? Дөп басып айта алмаймыз. Түсініксіз. Әйтпесе, «Чукарички» де, «Широки Бриег» те «Ордабасы» клубының шамасы жететін командалар сияқты еді. Әйтеуір, Батысқа бір-ақ рет барумен шектеліп жүрді...

«Ордабасы» неге жазықты болды?

Неге «Ордабасы» осылай ойланбай жүріп от басты. Неге кредиторлық қарыздарын дер кезінде төлемеді. Әлде басшыларының «бәрін де шешеміз» деген шектен тыс сенімділіктері жарға жығып, соның сазайын тартып отыр ма?! Мұны да түсіну қиын.

Өздеріңіз білесіздер, биыл Қазақстан футбол федерациясының президенті ауысты. Жылдағыдай емес, енді «Бәке, Мәке» деген сөздердің өтпеуі де мүмкін. Кім біледі, бәлкім, ҚФФ басшылары қайсыбір тәкаппар басшыларды тәртіпке салып алғысы да келетін шығар...

Жанкүйерлері жасып қалды  

Шымкент клубының басшыларынан гөрі футболшылары мен жанкүйерлеріне обал болды. «Ордабасы» Еуропа лигасында ойнайтын болғандықтан осы клубтың намысын қорғауға келіскен футболшылар аз емес шығар. Сонымен қатар, кешегі «суыт» хабар жанашыр жанкүйерлерінің жандарына батып, қабырғаларын қайыстырды.

Біле білсек, «Ордабасы» – Қазақстанның қай қаласына барса да, кемі бір топ жанкүйері өздігінен жиналатын еліміздегі бірден-бір клуб. Ал Алматыға барса, кейде тіпті шымкенттік жанкүйерлердің қарасы «Қайраттың» фанаттары мен жергілікті көрермендерден асып та түсетін...  

«Тобылдың» тасы өрге домалап тұр

«Ордабасы» клубының орнын «Тобыл» басатын болыпты. Яғни биыл Еуропа лигасында Қостанай клубы ойнайды. Жалпы, «Тобылдың» басшылары командаларын түлету үшін бар күш-жігерлерін салып жүр. Соңғы жылдары талай иігілікті жұмыс атқарды. Стадиондарын қалай жөндеп, түзеп алды?

Қазір өзгелерге үлгі тұтарлықтай істері көп. Инфрақұрылымдық жүйелерін жан-жақты дамытып жатыр. Осыдан екі күн бұрын Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Қазақстан футбол федерациясының жаңа сайланған Атқару комитетіне мүше болды.

Былтырлары «Астананың» негізгі құрамына ілікпей қалған футболшыларын жалға алып жүретін команда биыл құрамын біршама нығайта түскен. Тәжірибелі ойыншыларды тартты. Олардың арасында «Ордабасы» клубына "қажет  болмай" қалған жігіттер де бар.

Қазақстан футбол федерация түсініктемесінен

– «УЕФА клубтық турнирлеріне қатысу үшін қаржылық фэйр-плэй және футбол клубтарын сертификациялау ережесінің» негізіне сәйкес УЕФА клубтық турнирлеріне сертификат алу үшін 31 наурызға дейін келісімшарт немесе құқықтық міндеттер күшінде қызметкерлер алдында (өткен жылдың 31 желтоқсанына дейін, яғни 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап) әлеуметтік қорлар мен салықтық органдар алдында кредиторлық қарыздары болмауы тиіс. (52-бап, 1-пункт – «Лицзензиялау және қаржылық фэйр-плэй бойынша «УЕФА» ережесі).

«Ордабасы» футбол клубынд 2018 жылдың 31 наурызына дейін мерзімінен өткен кредиторлық қарыз болды. Олар қарызды бақылау уақыты өткеннен кейін 2018 жылдың 1 сәуірінде төлеген. Осы жағдайға байланысты Қазақстан футбол федерациясының Лицензиялау (сертификация) және аттестациялау департаментінің тарапынан УЕФА-ның тиісті органдарына «Ордабасы» футбол клубына қатысты Сертификатты берудің мүмкіндігі мен заңдылығы жөнінде сұраныс жіберілді.

Қазіргі таңда УЕФА-ның қаржылық органының бақылауында екі қазақстандық клуб тұр. Олар - «Астана» және «Ертіс» футбол клубтары. УЕФА тарапынан қаржылық «фэйр-плэй» талаптарына сәйкес келмеген кез келген жағдай бойынша Қазақстан футбол федерациясы жедел түрде санкция қолданады.

Түйін

Биылға дейін Қазақстан футбол федерациясы басшыларының «Ордабасы» клубының бас бапкері, одан кейін президенті болған басты тұлғасына сөздері өтпей жүргендей еді. Ал енді... Жоғарыда жазғанымыздай, биыл ҚФФ президенті ауысқан...

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика