Вернуться к списку статей

«Астанадан» ұтылған «Славия» бас бапкерін қызметінен босатты

Футбол
1K
Фото slavia.cz сайтынан
Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі соңғы матчта, әрі өз алаңында «Астанадан» ұтылып қалған «Славия» осы жеңілісі үшін бас бапкерін кешіре алмады...

Прагада өткен ойында жергілікті «Славия» тең түссе де, Еуропа лигасының 1/16-финалына шығар еді. Бірақ Чехия клубы Қазақстан чемпионынан өз жанкүйерлері алдында 0:1 есебімен ұтылып қалды. Сөйтіп плей-оффқа шыға алмай, Еурододан тыс қалды.

Әйтсе де, «Славия» басшылығы көп ойланды. Бас бапкері Ярослав Щилгавы бірден отставкаға жіберілмеді. Өйткені оның Прага клубын өрге сүйреген былтырғы еңбегі зор еді. Сегіз жылғы үзілістен кейін Прага клубы Чехия чемпионатында топ жарды. Жеңіліссіз өткізген ойындары да ұзаққа созылған-ды...

Ярослав Щилгавымен оның көмекшілері Йиржи Читри мен Милан Веселы да қызметтерінен босатылды. Енді «Славия» жаңа бас бапкер іздестіріп жатыр. Команда басшылары «өте тәжірибелі, біліктілігі жоғары маман іздеуге кірісті. Мақсат – Чехия чемпионатында кемі екінші орын алып, Чемпиондар лигасында бақ сынау құқығына ие болу» деп жазады, Прага клубының ресми сайты.

Ал «Славияны» сүріндірген «Астана» Еуропа лигасының 1/16-финалында «Спортинг» (Португалия) клубымен кездеседі. Бас бапкері Станимир Стойловпен еңбек келісімін ұзартқанын ресми түрде әлі мәлімдеген жоқ. Клуб демеушілеріне жалтақтап, келесі жылдың жоспарын да құра алмай отырған сыңайлы...

Автор: Әлихан Жаппар
Яндекс.Метрика