1999 жылы бастау алған әуесқойлар арасындағы бұл турнирдің кейінгі кездері беделі еселеп артып келеді. Жылдан жылға командалар саны да көбейе түсуде. Чемпиондар лигасынан басты ерекшелігі – турнирге тек ел чемпиондары қатыса алады. Келесі маусымда 39 елдің өкілі қатысатын «Аймақтар кубогында» Қазақстанның намысын елордамыздың «Достар» командасы қорғамақ. Олар Теміртауда өткен әуесқойлар арасындағы Қазақстан біріншілігінде қарсылас шақ келтірмей, финалда Алматының «Қаскелеңін» пенальтиден жеңген болатын. Міне, соның арқасында Қазақстан намысын «Аймақтар кубогында» қорғауға мүмкіндік алған. Айта кетейік, "Достар" сапында Мұрат Тілешев, Максим Жалмағамбетов, Егор Азовский, Максим Азовский, Тухан Хамхоев, Игорь Черных, Максим Казначеев сынды бұрын кәсіпқой деңгейде доп теуіп, тіпті ел чемпионы атанғандар мен Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғаған футболшылар да бар.
Әділ Шанабаев жаттықтыратын «Достар» аталмыш турнирдің Бастапқы кезеңінде Литва, Израиль және Эстониямен «С» тобына түсті. Бұл топтың ойындары 2018 жылы шілденің 17-сі мен 23-і аралығында Литвада өтеді деп жоспарланған. Егер топтан үздік болып шықса, Аралық кезеңде Хорватия, Франция және Латвия командаларымен бір топты құрайды. Бұл топтың ойындарының даталары әлі бекітілмеген. Бірақ осы квартеттің кездесулері Хорватияда өтеді деп күтілуде. Айтпақшы, биыл «Аймақтар кубогын» осы елдің «Загреб» командасы жеңіп алған.
Айта кетерлік тағы бір нәрсе, Бастапқы кезеңде 12 команда төрт топқа бөлінген. Әр квартеттің үздігінен бөлек, өз топтарында екінші орын алғандардың ішінде көрсеткіші жоғары екі команда да Аралық кезеңнің жолдамаларына ие болады. Егер «Достар» Бастапқы кезеңде екінші орын алып қалып жатса, бірақ көрсеткіші жақсы болса, онда Аралық кезеңде Германия, Сербия және Мальта командаларымен кездеседі.
Жалпы, Аралық кезеңге 32 команда қатыспақ. Олар сегіз топқа бөлінген. Әр квартеттің үздігі 2019 жылы финалдық сында бақ сынап, бас жүлдені сарапқа салады.
Естеріңізге сала кетейік, «Аймақтар кубогының» өткен маусымында Қазақстанның намысын Шымкенттің ЗСМК командасы қорғаған. Олег Сабиров жаттықтырған шымкенттіктер Бастапқы кезеңнен аса алған жоқ. Бірінші кездесуін сәтті өткізіп, Уэльс футболшыларын 3:2 есебімен жеңгенімен қалған матчтарда жеңіліп қалды. Алдымен Сан-Маринодан» 0:3 есебімен ұтылса, одан кейін Грекияның «Ксанти» командасының алдында 0:4 есебімен дәрменсіздік танытты.