«Астана» түзде құрамы тәжірибелі ойыншылармен жасақталған «Славияны» ұтып, Еуропа лигасының 1/16-финалына шықты. Керемет! Тарихи жетістік! Қазақ футболында бұрын-соңды болмаған ерен жетістік! Енді 11 желтоқсанда тартылатын жеребені тосамыз...
Ал бүгінгі ойында «Астана» тактикалық тұрғыда өте сауатты ойнады. Бәрі тізе қоса өнер көрсетіп, жанкештілік танытты. Ешқандай да өрескел қателіктер жіберген жоқ. Қорғанысқа көңіл бөліп, қарсы шабуыл ұйымдастырып отыруға тырысты.
Ал «Славия» шабуылшысы жарақаттанып қалып, бірінші таймның басында-ақ Милан Шкоданы Томаш Нецидке ауыстыруға мәжбүр болды. Бірақ бойлары сырықтай екі шабуылшысы да «Астананың» қақпасына гол соға алмай, пұшайман болды. Чехия клубы қалай шабуылдаса да, Қазақстан чемпионының қорғанысын бұзып өте алмады.
Әрі бұл ойында да қақпашымыз Ненад Эрич қас шеберлік танытты. Өте сенімді ойнап, бірнеше қауіпті сәттерде бар өнерін паш етті. Алаң иелері тіпті бетпе-бет шықса да, «Астананың» қақпашысынан айлаларын асыра алмай, дал болды. Әуелеп келген доптарды да қағып алып, ширақ қимылдады.
Ал жалғыз гол бірінші таймның аяғында соғылды. «Астана» оң қанаттан айып соққысын орындап, қақпа алдындағы барлық ойыншы допқа атылды. Чехия клубының футболшылары негізінен Логвиненконы аңдып, Юраны қаумалап жүргенде, Аничич ашық қалды. Ол өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ, аяғына "оратылған" допты қақпаға “сүңгітті”...
Бір қызығы, төреші бұл голды қапталдағы көмекшісімен ақылдасып барып, есепке алды. «Славия» футболшылары осыдан кейін қарқындарын үдетті. Әсіресе, екінші таймда құйындай орап соқты. Мүмкіндіктері болған да жоқ емес. Бірақ бұл күні алаң иелеріне гол соғудың сәті түспей қойды. Әрі жылдамдықтары да соншалықты жоғары болмады...
«Астанаға» екінші таймда қарсы шабуыл ұйымдастыру қиынға соқты. Тіпті қисыны келмеді де. Тек бекініс құрып, алаң иелерінің шабуылдарын тойтарумен болды. Станимир Стойлов та дер кезінде титықтап қалған ойыншыларын ауыстырып, қорғаныс шебін күшейте түсті. Алаңға бесінші қорғаушысын да шығарды...
Осылай, Қазақстан чемпионы қайсарлықтың үлгісін танытып, шектен тыс тартысты ойында тарихи жеңіске қол жеткізді. Ең бастысы, Прагадағы осы жеңісінің арқасында тұңғыш рет Еуропа лигасының плей-офф сатысына шықты. Бүкіл қазақ жанкүйерлерін қуанышқа бөледі. Құттықтаймыз!
«Славия» – «Астана» – 0:1 (0:1)
Гол: Аничич, 38.
Ескертулер: Соболь, 42. Стох, 88. Нецид, 90+5 – Мұжықов, 54. Эрич, 78. Шитов, 83.
«Славия»: Лаштувка, Соболь, Югас, Данни, Змргал (Сикора 76), Нгадеу-Нгаджуи, Стох, Шкода (Нецид 17), Соучек, Фрыдрых, Ротань (ван Бурен 68)
«Астана»: Эрич, Шомко, Аничич, Логвиненко, Шитов, Граховац, Маевский, Мұжықов (Малый, 84), Томасов (Муртазаев, 68), Твумаси (Деспотович, 90+3), Кабананга.
Төрешілер: Масса, Мели, Тегони (бәрі де – Италия).
7 желтоқсан. Прага. «Эден Арена».
Ойынның қысқаша статистикасы:
Соққы: 18 – 15
Тура соққы: 6 – 5
Қиыс кеткені: 5 – 5
Тойтарылғаны: 7 – 5
Бұрыштама соққылар: 10 – 2
Офсайдтар: 1 – 0
Доп иелену: 55% – 45%
Пастар дәлдігі: 78% – 68%
Пастар: 559 – 330
Дәл пастар: 437 – 224
Ескерту (сары қағаз): 3 – 3
Ереже бұзу: 11 – 10