Вернуться к списку статей

«Астана-Аренаны» аншлаг күтіп тұр

Футбол
1K
Бүгін ел чемпионы «Астана» Еуропа лигасының 5-ші туры аясында Испанияның «Вильярреалын» қабылдайды. Бұл ойында «Астана-Аренада» аншлаг болуы әбден мүмкін.

«Астана-Арена» стадионының сиымдылығы – 30 000 көрермен. Дегенмен, бүгін бұл стадионда ине шаншар орын болмауы әбден мүмкін. Олай дейтініміз, ұйымдастырушылар бұл матчқа кемі 27 мың көрермен жиналады деп отыр. Сонымен қатар, матчты тамашалап, трансляциялауға және ойыннан хабар таратуға 150-ге жуық журналист тіркелген.

Салыстырмалы түрде айтар болсақ, «Вильярреалдың» стадионы «Эль-Мадригалға» 24 890 адам сияды. Екі команданың қыркүйек айында Испанияда өткен кездесуіне бар болғаны 14 670 адам жиналыпты. Алайда, Вильярреалдың тұрғыны небәрі 50 мың адам екенін ескерсек, бұл жаман көрсеткіш емес. Шамамен қаланың әрбір үшінші тұрғыны «Вильярреал» – «Астана» матчын стадионнан тамашалады деген сөз.

Ал енді бүгінгі кездесуге келер болсақ, кешкісін өтетін ойынға таңертең сағат 11:30-да 21 мың билет сатылып үлгеріпті. Кешке дейін барлық билеттер өтіп кетуі әбден мүмкін, - дейді «Астана» футбол клубының баспасөз қызметі.

– Мысалға, «Астана» Израильдің «Маккабиін» қабылдаған кезде таңертең небәрі 4 мың билет сатылған болатын. Бірақ кешке ойынға 14 мыңға жуық көрермен жиналды. Бүгін де кешке дейін кемі тағы 6-7 мың билет сатылады деп күтіп отырмыз. Кассада билеттер бар, бірақ жоғарғы трибуналар қалған сияқты. Сондай-ақ, бұл матчқа Қазақстанның өзінен 120 журналист тіркеуден өтті. Испаниядан 10 тілші келсе, сегіз акредитация Түркия журналистеріне берілді, - деді бізге клубтың баспасөз қызметі.

Айта кетейік, осыдан үш жыл бұрын өткен Еуропа лигасының плей-офф кезеңі аясындағы «Астана» – «Вильярреал» матчына 27 500 көрермен жиналған болатын.

Ал бүгінгі матч сағат 22:00-де басталады.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика