Вернуться к списку статей

УЕФА еурокубоктардың ережелерін өзгертті

Футбол
1K
УЕФА еурокубоктардың ережелерін өзгертті
УЕФА Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасына байланысты алдағы үш маусымының форматын бекітті. Мұнда біздің клубтарға қатысты да біраз ережелер бар.

Ережелер негізінен еурокубоктық бәсекелердің іріктеу кезеңдеріне байланысты. Және де, бұл ережелерді футболдағы оң өзгерістер деп тапқан Шығыс Азияның мықты компаниялары Чемпиондар лигасына қазірден бастап ірі инвестициялар құюға дайын екендіктерін білдіріп отырған көрінеді. Ендеше УЕФА ережелеріндегі өзгерістерге тоқталып көрелік.

Өзгерістер:

– Еуропа лигасының жеңімпазы келесі маусымды қазіргідей плей-офф кезеңінен емес, Чемпиондар лигасын бірден топтық кезеңнен бастайды.

– Еуропаның ең жоғарғы рейтингіне ие төрт футбол қауымдастағының әрқайсысынан төрт клубтан Чемпиондар лигасының бірден топтық кезеңіне жолдама алады.

– Екі еурокубокқа да (Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасы) жолдама алу жолдарының толыққанды ережелері осы жылдың соңына дейін жасалады.

– Клубтар коэффициенттерін есептеудің жаңа жүйесі жасалды. Енді қауымдастықтың коэффициенті 1,5 баллдан кем болмаса, онда олардың коэффициенттері клубтардың коэффиценттеріне әсер етпейді. Яғни, әр клубтың коэффициенті жеке көрсеткіштері бойынша есептеледі.

– Коэффиценттерін есептеу барысында клубтардың сол турнирдегі тарихи жетістіктері де есепке алынады. Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасында жеңімпаз атанған командалар қосымша ұпай алады.

– Екі турнирде де клубтарға бөлінетін қаржылық сыйақылар көбейеді.

– Қаржы бөлудің жаңа жүйесі жасалды. Нақты айтсақ, маркетингтік пулға қарағанда спорттық жетістікке көбірек мән беріліп, қаржыны соған байланысты бөледі.

Бұл ережелер Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының 2018/19, 2019/20, 2020/21 жылдардағы футбол маусымдарына қатысты болмақ. Дегенмен, Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіндегі «Чемпиондық жол» мен «Әлеуетті лигалар жолы» сақталады. Бұдан бөлек, УЕФА-ның атқару органдары Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі клубтар санын 32-ден асырмауды дұрыс деп тауыпты. Ал Еуропа лигасының негізгі кезеңіне қазіргідей 48 команда қатыса алады.

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика