«Астана» 31 минут бойы «Селтикке» дес берген жоқ. Тіпті матчтың басында жиі шабуылдап, алаң иелерінің қақпасын нысанаға алып та көрді. Алайда 32 минутта алға ентелеген Рогичті қорғаушылардың ешқайсысы тоқтатпады. Қақпашы Мокин де оған тосқауыл бола алмады...
Рогичтің көлбеулете тепкен добын Постников кері қайтармақ болып, қақпаға дөп түсірді. Осыдан кейін «Астананың» кежегесі кері тартып, ойыны мүлде жүрмей қойды. Көп ұзамай екінші гол соғылды. Мокин алға қарай бір қадам басқанында, өкшесін басқан қорғаушыдан тек оңға ығысуға мәжбүр болған Синклердің соққысын тойтаратын да ме еді?! Бірақ ол орнынан қозғалмады...
Осымен екінші тайм бітті. Станимир Стойлов қақпаға Александр Мокинді қойып жаза басты. 2013 жылы 28 тамыз күні «Шахтер» осы «Селтик-Парк» стадионында алаң иелерінен 0:3 есебімен ұтылғанда, кеншілер клубының қақпасын дәл осы қақпашы қорғаған еді. Ал былтыр Ненад Эрич Глазгода екі голды да тек пенальтиден жіберген...
«Селтик» мұнымен тынбады. Мокин қорғаған қақпаға тағы үш гол соқты. Рас, үшіншісін тағы да өзіміздің қорғаушылар соғып берді. Бұл жолы Шитов жаза басты. Ал «Астананың» бүгінгі қақпашысы алаң иелерінің бірде-бір соққысын тойтарған жоқ! «Селтик» болса, «Астана» қақпасына бар болғаны үш-ақ тура соққы бағыттаған еді...
Бірақ бес гол соқты. Қалай дерсіз! Өйткені екі доп қорғаушыларға тиіп, бағытын күрт өзгертіп, қақпа ішінде тулады... Төрт гол сол қапталдан соғылды. Осы қанаттағы қорғаушымыз да, орталық қорғаушыларымыз да алаң иелерінің ұстараның жүзіндей лыпылдаға ойыншыларына ие бола алмай қалды.
«Селтиктің» ойыншылары «Астананың» қорғанысын тесіп те, кесіп те өтер пастарымен бұзды. Допты қолмен қойғандай етіп, қорғаушылардың арасымен бір-біріне бере қояды. Алғы шептегі қонақтардың қорғаушылармен қатар (бір сызықтың бойында) тұрған футболшылары олар (қорғаушылар) бұрылып, жан-жақтарына қарағанша, қақпаны нысанаға алып үлгереді.
Ал қақпашы бүгін допты аяғының астынан да, қолының ұшынан да, тіпті екі аяқтың арасынан да жіберді. Иә, бір аптадан кейін елордада қарымта матч өтеді. Бірақ «Астана» «Селтиктің» қақпасына 5-6 гол соға ала ма? Бұған бізден бұрын өздері сене ме екен?
«Селтик» (Шотландия) – «Астана» (Қазақстан) – 5:0 (2:0)
Голдар: Постников, 32-автогол. Синклер, 42. Синклер, 60. Форрест, 79. Шитов, 88-автогол.
Ескертулер: Браун, 42. Тирни, 49 – Постников, 6. Логвиненко, 63. Шитов, 69.
«Селтик»: Гордон, Тирни, Шимунович, Биттон, Лустиг, Нчам, Браун, Синклер, Рогич (Макгрегор, 63), Форрест (Армстронг, 82), Гриффитс.
«Астана»: Мокин, Шомко, Логвиненко (Бейсебеков, 66), Постников, Шитов, Маевский, Кляйнхайслер, Мұжықов (Граховац 82), Томасов (Муртазаев, 77), Твумаси, Кабананга.
Төрешілер: Хацеган, Шовре, Георге (бәрі де – Румыния)
16 тамыз. Глазго. «Селтик Парк».
Ойынның қысқаша статистикасы:
Соққы: 8 – 10
Тура соққы: 3 – 2
Қиыс кеткені: 3 – 5
Тойтарылғаны: 2 – 3
Бұрыштама соққылар: 4 – 6
Офсайдтар: 3 – 3
Доп иелену: 63% – 37%
Пастар дәлдігі: 86% – 73%
Пастар: 574 – 320
Дәл пастар: 493 – 234
Қашықтық: 105,7 км – 107,0 км
Ескерту (сары қағаз): 2 – 3
Ереже бұзу: 9 – 21