«Астана» футбол клубы 17 тамызда Глазгода жергілікті «Селтикпен» кездеседі. Егер шотландиялықтардан өтіп жатса, Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алады.
1. Матч Астана уақытымен 17 тамызда сағат 00:35-те басталады. Кездесудің тікелей трансляциясын «Қазспорт» телеарнасы ұсынады. Сондай-ақ, ойын елорда тұрғындары мен қонақтары үшін «Қазмедиа» орталығының бульвар жағындағы үлкен экранынан көрсетіледі.
2. Ойын сиымдылығы 60 832 адамдық «Селтик Парк» стадионында өтеді. 1892 жылы ашылған бұл аренаның алаңы табиғи желек. Осы маусымда Брендан Роджерс командасы мұнда екі ойын өткізген. «Хартсқа» қарсы кездесуге 58 843 көрермен жиналса, ел кубогының аясындағы «Килмарнокқа» қарсы ойынды стадионнан 27 407 көрермен тамашалапты. Ал бұл стадиондағы көрермендер рекорды 1938 жылға тиесілі. Стадионға реконструкция жасалмай тұрған кез болатын. «Рейнджерспен» болған текетіресті 92 975 көрермен тік тұрып тамашалаған.
3. Букмекерлердің басым бөлігі бұл ойында «Cелтик» жеңеді деп отыр. Көпшілік букмекерлік кеңселер алаң иелерінің жеңісіне 1,48 коэфициентімен бәс қабылдауда. Тең ойын тіркеледі дегенге 4,46 коэфициент. Ал «Астана» ұтады дегенге 8 коэфициент.
4. Кездесуге Овидиу Хацеган бастаған румын төрешілері қызмет етеді. Оған қос қапталда отандастары Октавиан Шовре мен Себастьян Георге көмектеседі. Резервтегі төреші – Ради Гингуляк. Ал қосымша төрешілер Иштван Ковач пен Себастьян Колцеску.
5. «Астана» Глазгодағы кездесуде жанкүйерсіз қалмауы тиіс. Ұлыбританияда оқып жатқан қазақстандық студенттер қосылып, жүзге жуық жанкүйерді шығарамыз деген ақпарат тарады. Сондай-ақ, «Селтиктің» Шотландиядағы басты бәсекелесі «Рейнджерстің» де фанаттары осы ойында «Астанаға» тілеулес болып, без жүзден астамы қазақстандықтарды қолдауға стадионға жиналмақ. Ал «Астана-Аренада» «Селтик» қолдаусыз қалуы әбден мүмкін. Өйткені, клуб жанкүйерлерінің Қазақстанға келулеріне жағдай жасап жатқан жоқ.
6. «Селтик» соңғы рет өткен жылдың 23 қарашасында «Барселонадан» ұтылған. Содан бері команда әлі жеңілістің кермек татып көрген жоқ. Нақты айтсақ, ел чемпионатын, Шотландия кубогы мен Шотландия лигасының кубогын, сондай-ақ Чемпиондар лигасы мен жолдастық кездесулердің барлығын қосқанда 42 ойын өткізіпті. Соның 35-інде жеңіске жетсе, жетеуінде тең түскен. Ал Шотландия чемпионатында «кельттер» өз алаңында 2015 жылдың желтоқсанынан бері жеңіліп көрмеген екен. Сондықтан, «Астанаға» Глазгодан жеңіспен оралу оңайға түспейді.
7. «Астананың» да еурокубоктағы нәтижесі жаман емес. Станимир Стойлов шәкірттері өз алаңында соңғы рет 2014 жылдың 21 тамызында Испанияның «Вильярреалынан» 0:3 есебімен жеңілген. Содан бері 14 ойын өтті, елордалықтарды «Астана-Аренада» әлі ешкім ұта алмай келеді. Жеті ойында жеңіске жетсе, жетеуінде тең түскен.
8. «Селтиктің» ең қымбат ойыншысы – 21 жасар франциялық Мусса Дембеле. Тегі малилік бұл шабуылшының нарықтағы бағасы 5 миллион евро. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, «Астананың» ең қымбат футболшысы хорват Марин Томасовтың трансфердегі бағасы 2,1 млн. евро. Ал командадағы барлы ойыншылардың бағасын қосқанда «Селтиктің» ұжымы 49,65 миллион евроны құраса, «Астана» ойыншыларының қосындысы 17,45 млн. евро тұрады екен.
9. Шотландияда футбол маусымы енді ғана басталды. Алғашқы екі турда да жеңіске жеткен «Селтик» 6 ұпаймен бірінші орынды «Сент-Джонсон» командасымен бөлісіп тұр. Сонымен қатар, Брендан Роджерс шәкірттері Шотландия лигасы кубогының аясында «Килмарнокты» 5:0 есебімен жеңді. Ал «Астана» 23 турдан кейін 57 ұпаймен Қазақстан чемпионатында басты бәсекелесі «Қайратты» 7 ұпайға артқа тастап, жеке-дара көш бастап келеді.
10. «Астана» мен «Селтик» былтыр Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңі аясында кездескен. «Астана-Аренада» өткен бірінші ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Юрий Логвиненконың голына Ли Гриффитс жауап берген. Глазгода өткен жауапты ойында төреші қақпамызға екі пенальти белгілеп, екі ойыншымызды алаңнан қуды. Шотландиялықтар тарапынан Ли Гриффитс пен Мусса Дембеле гол соқса, «Астана» сапынан Агим Ибраими таразы басын теңестірген болатын.