Вернуться к списку статей

Сенген «Қайратым» сен болсаң... «Скендербеуге» шамаң жетпеді

Футбол
2K
«Қайрат» – «Скендербеу» – 1:1. Фото: fckairat.com
Еуропа лигасының екінші кезеңінде «Қайраттың» жолы Албанияның «Скендербеу» клубымен түйіскен. Әзірше, екеуара есеп Қазақстан жанкүйерлері қуанарлықтай емес...

«Қайрат» жойқын шабуылымен «Скендербеуді» де бұйым құрлы көрмес деп ойлағандар көп болған. Алайда іс жүзінде бәрі де басқаша болып шықты. Былтыр ғана Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнаған Албпанияның жеті дүркін чемпионы Алматы клубына есе жіберген жоқ.

Ойын басталған бетте атойлап алға шауып, алаң иелерімен тайталасып бақты. Рас, «Қайрат» 9-минутта жылдам шабуыл ұйымдастырып, есеп ашты. Сүйінбаев сол қанатпен алға ентелеп, допты ортадағы Гоуға қарай көлбеулете бере қойды. Жерар шірене теуіп, қонақтардың қақпашысын қапы қалдырды.

Алайда, бұдан кейін «Скендербеудің» қорғанысы сыр берген жоқ. Керісінше, қонақтар екінші таймда көсіле шапты. Әрине, «Қайраттан» да қарап қалған жоқ. Жерар Гоу есепті еселей түсетін мүмкіндікті мүлт жіберіп алды. Әншейінде ел жабыла мақтайтын Аршавин де алматылықтарды алға сүйрей алмады...

Ал Албания клубы болса, матчтың аяғына қарай таразы басын теңестіріп кетті. Баз біреулер бұған «Қайраттың» бір қорғаушысын ғана кінәлайтын шығар. Ол дұрыс емес. Бәрі де – кінәлі. Сонымен не керек, «Скендербеу» қалпақпен ұрып алатын команда емес екен...

«Қайрат» – «Скендербеу» – 1:1 (1:0)

Голдар: Гоу, 9 (1:0). Нимага, 72 (1:1).

Ескертулер: Исаэль, 45+2. Бакаев, 50. Ахметов, 90+3 – Радаш, 50. Вангели, 76.

«Қайрат»: Покатилов, Ахметов, Бато, Элек, Сүйімбаев, Қуат, Бакаев, Исламхан (Тұрысбек, 84), Исаэл (Анене, 90), Аршавин, Гоу.

«Скендербеу»: Шехи, Вангели, Радаш, Яшаница, Мици, Османи, Таку (Гавазай, 80), Лятифи, Нимага, Лиляй, Аденийи (Музака, 90+1).

Төрешілер: Тратту, Иоанну, Сотириу (бәрі де – Кипр)

13 шілде. Алматы. «Орталық» стадион.

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 11 – 11
Тура соққы: 3 – 5
Қиыс кеткені: 5 – 3
Тойтарылғаны: 3 – 3
Бұрыштама соққылар: 6 – 4
Офсайдтар: 0 – 1
Ескерту (сары қағаз): 3 – 3
Ереже бұзу: 11 – 6  

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика