Вернуться к списку статей

«Қайрат» «Атлантасты» Литвада да тізе бүктірді

Футбол
1K
«Атлантас» (Литва, Клайпеда) – «Қайрат» – 1:2. Фото: fckairat.com
Алматының «Қайраты» Еуропа лигасының алғашқы кезеңіндегі қарымта кездесуін Литваның Клайпеда қаласында өткізіп, жергілікті «Атлантас» клубынан тағы да басым түсті.

«Қайрат» бірінші ойында ірі есеппен үстемдік танытса да, қарымта матчта алаңға негізгі құрамдағы ойыншыларын шығарды. Бірақ “бар күш-жігерін салып ойнады” деп айта алмаймыз. "Атлантастың" аңдысын аңдап, арқаны кеңге салды.

Ал «Атлантас» болса, барын салды. Аянған жоқ. Өз жанкүйерлері алдында ұятқа қалмауды ойлады. Тырысты, талпынды. Тіпті бірінші болып, гол да соқты. Алайда «Қайрат» олардың бұл қуаныштарын тым ұзаққа созбады. Аптықтарын тез басты.

«Қайрат» бірінші таймның аяғына қарай, төрт минуттың ішінде екі гол соғып, таразы басын өздеріне қарай аударып алды. Бір қызығы, есепті пенальтидің арқасында теңестірді. Екі ойында «Атлантастың» қақпасына үш рет 11 метрлік айып соққысын орындау мүмкіндігіне ие болды.

Алматы клубы екінші таймда гол соққан футболшыларын ауыстырып тастады. Алаң иелері болса, тағы да тырысып, есепті теңестіру жолдарын қарастырып көрді. Бірақ деңгейі өздерінен жоғары қонақтарын тықсыра алмады.

«Атлантас» (Литва, Клайпеда) – «Қайрат» – 1:2 (1:2)

Голдар: Чофу, 12 (1:0). Иличевич, 35-пенальтиден (1:1). Гоу, 39 (1:2).

Ескертулер: Разюнас, 20 – Әбікен, 88.

«Атлантас»: Микеленис, Разюнас, Жарскис, Фридрикас, Бенета, Андроник, Шимкус (Норвилас, 82), Гядминас (Ракаускас 79), Чофу, Лабукас, Верещак (Казлаускас, 68).

«Қайрат»: Плотников, Рудосельский, Ахметов, Элек, Сүйімбаев, Бакаев, Қуат, Иличевич (Исаэль, 46), Аршавин (Әбікен, 82), Тұрысбек, Гоу (Анене, 46).

Төрешілер: Лафорж, Лемар, Годелайн (бәрі де – Бельгия)

6 шілде. Клайпеда. «Орталық» стадион.

Бірінші ойын – 0:6

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 12 – 10
Тура соққы: 3 – 7
Қиыс кеткені: 8 – 2
Тойтарылғаны: 1 – 1
Бұрыштама соққылар: 2 – 2
Офсайдтар: 1 – 3
Ескерту (сары қағаз): 1 – 1
Ереже бұзу: 19 – 11

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика