Вернуться к списку статей

«Широки Бриегке» шамасы жетпей, «Ордабасы» от басты

Футбол
2K
«Ордабасы» – «Широки Бриег» – 0:0. Фото: fcordabasy.kz
«Ордабасы» үшінші жыл қатарынан Еуропа лигасының алғашқы сатысынан өте алмай, тауы шағылды.

«Ордабасы» осымен үшінші жыл қатарынан Еуропа лигасының екінші сатысына шыға алмай, жанкүйерлерін жасытты. Әрі, осы үш маусымда әлі жеңіске жеткен емес. Өз алаңында тең түсіп, түзде ұтылуды әдетке айналдырып алғандай:


«Ордабасы» биылғы Еуропа лигасы додасында Босния және Герцеговина елінің «Широки Бриег» деп аталатын клубына жол берді. Тіпті екі ойында да, яғни 180 минут бойы қарсыласының қақпасына бірде-бір гол соға алмай, пұшайман болды.  

Дәл қазір Шымкент клубы сапында бесаспап шабуылшы жоқ. Осындай табан тірескен додада гол соғып, командадағы ойыншыларды жігерлендіре түсетін ешкім болмады. Таңат Нөсербаев бұл ойында алаңға шыққан жоқ. Бас бапкерінің айтуынша, дайын емес көрінеді...

Иә, «Ордабасы» Алатау бөктерінде өткен қарымта матчта «Широки Бриег» клубының қорғанысын бұза алмады. Содан қонақтарының қақпасын алыстан нысанаға алып та көрді. Бірақ одан да нәтиже шықпады. Шыны керек, Шымкент клубының шабуылы да соншалықты қатерлі болмады...

«Ордабасы» футболшыларының жылдамдықтары аса жоғары болмады десек, қателеспейтін шығармыз. Ойын жылдамдығы да, ой жылдамдығы да кемшін түсіп жатқандай болды. Ал «Широки Бриег» клубы сапында ширақ жігіттер бар екен. Олар “алаң иелерінің” алдын орап кетіп отырды...

Матч соңында қонақтар гол соғып кете жаздады. Екінші таймда алаңға шыққан Темірлан Ерланов қақпаға кіріп бара жатқан допты кері қайтарды. Оған дейін қақпашыға көмектесіп, қонақтардың тағы бір соққысын тойтарған болатын.

Сөз жоқ, «Ордабасы» клубының ойыншылары намысты қолдан бермеуге тырысты. Кейбір футболшылары аянбай, жанталасты-ақ. Бірақ ұжымдық ойын өрнегі ақсаулы болды. Қақпа алдына төніп келеді де, қонақтарының қорғанысын бұзып өте алмай, шыр айналады...

Сөйтіп, «Ордабасы» қонақтарынан бір апта бұрын жіберген есесін қайтара алмады. Тіпті бір гол соғып, жеңіске жетудің өзі мұң болды. Еуропа лигасының келесі кезеңіне Босния клубы өтті. Яғни Шотландияға «Широки Бриег» клубы барады.

«Ордабасы» – «Широки Бриег» (Босния және Герцеговина) – 0:0

Ескертулер: Тұңғышбаев, 68. Ерланов, 79. Симчевич, 87. Йорданов, 89 – Кстанович, 71.

«Ордабасы»: Бекбаев, Симчевич, Смақов (Ерланов, 58), Фонтанельо, Төлебек, Диакате, Ковальчук (Жұмаханов, 83), Бочаров, Тұңғышбаев, Нұрғалиев, Ли (Йорданов, 65).

«Широки Бриег»: Билобрк, Маркович, Баришич, Бралич, Д.Чорич, Бегонья, Й.Чорич (Кожул, 59), Лончар (Чорлука, 70), Чабрая (Никич 90+4), Менало, Крстанович.

Төрешілер: Оганесян, Гущян, Севгулян (бәрі де – Армения)
6 шілде. Алматы. «Орталық» стадион.

Бірінші ойын – 0:2 

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 14 – 6
Тура соққы: 5 – 1
Қиыс кеткені: 5 – 3
Тойтарылғаны: 4 – 2
Бұрыштама соққылар: 6 – 2
Офсайдтар: 3 – 1
Ескерту (сары қағаз): 4 – 1
Ереже бұзу: 13 – 1


Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика