Бұл ойында елорда клубы негізгі құрамдағы орталық қорғаушыларының бірі алаңға шыға алмады. Марин Аничич ыстығы көтеріліп, аяқасты ауырып қалыпты. Оның орнын Игорь Шитов басты.
Негізі, бірінші таймда «Астана» дес берген жоқ. Тайталасып бақты. Қарсы шабуылдарымен алаң иелерінің қорғанысын піспектеп отырды-да. Бірақ екі команда да бір-бірінің қақпасын бес мәрте нысанаға алғандарымен, тура соққы бағыттай алмай, жанкүйерлерді қобалжытумен ғана шектелді.
Екінші таймның басында «Астананың» орталық қорғаушыларының бірі, әрі қорғанысының топсасы берік тасқамал ойыншысы Юрий Логвиненко жарақат алып қалып, орнын Сергей Малыйға босатуға мәжбүр болды...
Оның үстіне «Янг Бойз» бапкері де тұман басқан жасыл алаңға тың ойыншыларын қосып, алаі иелері көсіле шапты. Айналдырған сегіз минуттың ішінде үш гол соғып, қонақтарын сеңдей соғыстырды...
«Астана» қорғаушылары қателіктер жіберіп алып, жаза басып, алаң иелері мұндай мүмкіндіктерді қалт жіберген жоқ. Ал елорда клубының алғы шептегі ойыншылары гол соға алмай, пұшайман болды.
Гол соғатын мүмкіндіктері болған жоқ емес. Болды. Бірақ теңбіл допты қақпа торында тулатудың сәті түспей-ақ қойды. Ал алаң иелері үш голды “оп-оңай” соғып кетті. «Астана» қақпасының алдын сегіз минуттың ішінде ойран-топыр қылды...
Сонымен, «Астана» үшін биылғы маусым тәмамдалды. Ел чемпионы соңғы ойында жанкүйерлерін риза қылып, көңілге қонымды нәтиже көрсетуге бел буып, бірер күн Швейцарияда дайындалғандарымен, жеңіліске ұшырады...
«Янг Бойз» (Швейцария) – «Астана» (Қазақстан) – 3:0
Голдар: Фрай, 63. Оаро, 66. Шик, 71.
«Янг Бойз»: Мвого, Обексер (Бенито, 67), Нуху, фон Берген, Саттер, Саного, Эбишер (Фрай, 61), Бертоне, Герндт, Шик, Оаро (Дуа, 78).
«Астана»: Эрич, Бейсебеков, Шитов, Логвиненко (Малый, 55), Шомко, Каньяс, Максимович, Мұжықов (Жүнісов, 87), Твумаси, Деспотович (Наджарян, 77), Кабананга.
Бас төреші: Клейтон Пизани (Мальта).
Ойынның қысқаша статистикасы:
Соққы: 17 – 11
Тура соққы: 8 – 3
Қиыс кеткені: 6 – 5
Тойтарылғаны: 3 – 3
Бұрыштама соққылар: 3 – 6
Офсайдтар: 3 – 4
Доп иелену: 56% – 44%
Пастары: 444 – 249
Дәл пастары: 400 – 215
Пастар дәлдігі: 90% – 86%
Қорғанысты доп тартып алу: 29 – 30
Ескерту (сары қағаз): 0 – 0
Алаңнан қуылу (қызыл қағаз): 0 – 0
Ереже бұзу: 13 – 13