Вернуться к списку статей

“Астана” есе қайтара ма – “Олимпиакос” олжалы орала ма?

Футбол
1K
Бүгін «Астана» Еуропа лигасы аясында Грекия чемпионы «Олимпиакос» клубын қабылдайды. Бұл – топтық кезеңдегі төртінші турдың ойыны.

Бұл ойында «Астанаға» жеңіс керек. Енді ұпай жоғалтса, онсыз да көмескі үміті үзіледі. Яғни Еуропа лигасының келесі сатысына шыға алмайды. Әрі өткен турда өз алаңында үстемдік танытқан «Олимпиакостан» есе қайтарғанға не жетсін...

Бірақ есе қайтару оңай емес. Қанша дегенмен, «Астана» ел чемпионаты мен Еурокубок додасының екеуінде де жоғары жетістікке қол жеткізу үшін көп тер төкті. Негізгі құрамдағы ойыншылары әбден титықтады. Жарақат алып қалғандары да бар.

Десек те, бүгінгі матч алдында үміт оты жылтылдайды. Өйткені, «Олимпиакос» алдағы жексенбі күні, яғни 6 қарашада «Панатинаикос» клубымен кездеседі. Бұл команда – Грекия чемпионатындағы басты бәсекелесі. Өкшесін басып, екінші орында келе жатыр. Араларын төрт-ақ ұпай бөліп тұр.

«Олимпиакосқа» да басты бәсекелесін өзіне тым жақындатпауы, өз алаңында ұтылмауы керек. Әсіресе өз алаңында есе жібермеу – маңызды. Себебі Пирей клубының да келесі жылы Чемпиондар лигасында ойнағысы келеді.

Мұның бәрі бізге таныс – мәселе. Міне екі жыл болды, осындай маңызды матчтар, жауапты сәттер қабаттасып қалғанда, «Астана» ел чемпионатындағы ойындарға бар күшін салып жүр. Тіпті Чемпиондар лигасындағы бір ойынға жартылай қосалқы құрамын шығарған...

Сондықтан, «Олимпиакос» клубының бас бапкері Паулу Бенту негізгі құрамдағы үш-төрт ойыншысын Грекияда қалдырып кетті. Жол соғып шаршатып алмау жағын ойлады. Астанаға әкелген футболшыларының да қайсыбіреуін негізгі құрамда алаңға шығармауы да ықтимал.

Былайша айтқанда, Грекия клубын жаттықтыратын Португалия бапкері «Астананы» көп күш жұмсамай-ақ, жартылай қосалқы құрамымен-ақ «ұрып» алғысы келеді. «Астана» ойыншыларының сапы селдіреп, маусым соңында титықтап қалғанын жақсы білетін сияқты...

Бірақ, оған Станимир Стойлов пен «Астана» клубының ойыншылары көне қояр ма екен? Елорда клубы басты мақсаттарына жетті. Үшінші жыл қатарынан ел чемпионы болды. Енді Еурокубок додасында аянбай ойнауға тырысулары керек.

Әрине, «қысқа жіп күрмеуге келмейді» дегендей, қатарда қалған 10 футболшымен азуы алты қарыс Грекия чемпионынынан есе қайтару оңайға түспейді. Басты сенері және иек артары – жігіттердің жанкештілігі, жанашыр жанкүйерлердің қолдауы және стадионның жасанды желегі...

Не болса да, бүгін бәрін жасыл алаңдағы доп додасы көрсетеді. Жалпы, бұл тур «В» тобы үшін “есе қайтару” матчтары болғалы тұр. Өткен турда көш басында келе жатқан АПОЭЛ түзде «Янг Бойз» клубынан 1:3 есебімен ұтылып қалған. Енді олар да аянып қалмас...

Енді екі клубтың сапындағы бүгін алаңға шықпайтын ойыншылар тізіміне қараңыздар:

«Олимпикос» – Миливоевич, Фортунис, да Кошта, Марин, ла Белья (Астанаға келген жоқ, Грекияда қалды);

«Астана» – Каньяс (өткен матчта қызыл қағаз алды), Тағыберген, Ибраими, Нұрғалиев (жарақаттанып қалғандар).

Алаңға шығатындары әлі белгісіз футболшылар:

«Олимпикос» – Себа (оң аяғының тобығы ауырып жүрген)

«Астана» – Аничич, Нөсербаев, Шитов (жарақаттарынан толық айыққан жоқ).


Тұздық: Еуропа лигасының “B” тобындағы үш турдан кейінгі жағдайды, сондай-ақ өткен ойындардың нәтижесін және алдағы кездесулердің күнтізбесінмына сілтеме арқылы қарап шыға аласыздар.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика