Вернуться к списку статей

“Астана” неге былтырғыдай бабында емес...

Футбол
2K
«Астана» Еуропа лигасында үш ойын өткізіп, әлі жеңіске жеткен жоқ. Әзірше бір-ақ ұпай еншіледі. Әу баста жеңілдеу топқа түскен сияқты еді... Ал Қазақстан жанкүйерлері халықаралық аренадағы жеңіске – зәру...

Бірінші “байлық” – чемпиондық...

Еуропа лигасының үшінші турында гректің «Олимпиакосынан» ұтылып қалған соң, «Астана» клубының бас бапкері Станимир Стойлов дәл қазір чемпиондық атақты жеңіп алу бәрінен де маңызды болып тұрғандығын кесіп айтты. Содан кейін ештеңеге алаңдамай, Еуропа лигасында ұпай еншілеуді ойластыратындықтарын да тілге тиек еткен.

Тіпті сол матчта Серікжан Мұжықовты негізгі құрамда алаңға шығармауының себебі де осы екендігін меңзеген. Яғни ел біріншілігіндегі соңғы үш ойынды есінен шығармай, күш-қуаттарын сарқып алмауды ойлаған. «Сақтықта қорлық жоқ» дегендей, әрине, сақтанбаса болмайды.

Себебі «Қайрат» та айылын жияр емес. «Астананың» ел чемпионатында сүрінгенін күтіп, ту сыртынан тізгінін тартпай, өкшелеп келеді. Егер басты бәсекелесі «е-е болды, енді “Астананы” қуып жету мүмкін емес» деп қолын бір сілтегенде, онда бар күш-жігерін тек Еуропа лигасына салар да ма еді...

Ойыншылары “басынан тартса – аяғына, аяғына тартса – басына жетпейді”

«Астана» биылғы маусымда үш додада өнер көрсетіп жүр. Олар – Еурокубок додалары (әуелі Чемпиондар лигасында, одан кейін Еуропа лигасында), Қазақстан чемпионаты, содан соң ел кубогы.

Үшеуін бірдей алып жүру оңай емес. Үшеуінде де бір құраммен ойнау мүмкін емес. Сондықтан ел кубогы додасында негізінен қосалқы құрамындағы ойыншыларына кезек беріп жүр. Ал Еуропа лигасы мен Қазақстан чемпионатында “тазы болып шалуға” тырысып келеді.

Бірақ былтырғыдай емес, соңғы кездері нәтижелі ойын үлгісін көрсету қиындап барады. Себебі ойыншылары аз. Негізі, 14-15 футболшыны арлы-берлі сапырылыстырып жүр. Нағыз «басынан тартса – аяғына жетпейді, аяғына тартса – басына жетпейді» деген қазақтың аталы сөзінің тауқыметін тартып келеді.

“Басы бос” футболшылар ұжмаққа жеткізбеді

Өздеріңіз білесіздер, «Астана» клубы УЕФА-ның қаржылай «Fair Play» ережесі бойынша жарты жыл бойы жаңа ойыншылар сатып ала алмайтын болып қалған. Әзірше деңгейі жоғары футболшы сатып алуға құқы жоқ. Маусым аралығында құрамын “басы бос” футболшылармен, футбол тілімен айтқанда, еркін агентермен нығайтқан болды.

Алайда маусым аралығында команда сапына қосылған “басы бос” футболшылар «Астананы» алға сүйреді деп айта алмаймыз. Агим Ибраими ғана бір-екі ойында көзге түсті. Глазгода «Селтиктің» қақпасын гол соғып, көмскі үміт сәулесін көсей түскендей болған. Одан кейін жарақат алып, қатардан шығып қалды...

Игорь Шитов деген қорғаушының пайдасы мен “зиянының” қайсысы басым екенін жанкүйерлер өздері пайымдай жатар. Ол Еурододалар аясындағы матчтардың бірінде алаңнан да қуылды, жарақаттанып қалатынын да жиілеп кеткендей. Евгений Постниковтен асып түскені көріп жүрген жоқпыз. Жалпы, дәл осы «айырбас» (Шитовты – Постниковқа) өте сәтсіз болғандай...

Бізде басшылар аз болғандай Трабукки келіп “жармасты”

Өздеріңіз білесіздер, маусым айының аяғында «Астана» футбол клубына Бас менеджер болып, Италия маманы Марко Трабукки тағайындалды. Ал клубты соңғы жылдары ың-шыңсыз басқарып келе жатқан Саян Хамитжанов пен Қайсар Бекенов басқа қызметтерге ығыстырылды.

Бірақ футбол агенті ретінде ғана аты шыққан Трабукки елорда клубында ұзақ отырған жоқ. Баспасөз беттері арқылы «Астана» ойыншыларының қайсыбіреулерін сынап, команданың ішінде “шыны-аяғын” сылдырап алғандай әсер етті. Отандық элктронды басылымдар арқылы «басшылар айтысы» басталып кете жаздағандай да болған...

Германиядан қорғаушы Константин Энгель келетіндей болды. Бірақ келмеді... Оны қойшы, өзі шабуылшыға зәру «Астана» Алексей Щеткиннен айырылып қалды. Бас бапкердің келісімінсіз «Ақтөбеге» кетуге мәжбүр болғаны жабулы қазан күйінде қалды...      

Биылғы «Астана» былтырғыдай емес

Білмеймін, сіздерге қалай, бірақ биылғы «Астана» былтырғыдай емес сияқты. Ойыншылары шиыршық атып тұрған жоқ. Қимылдары – сылбыр, ойындары – “солғын”. Маусым соңында титықтап қалғандай.

Иә, жоғарыда айттық, биыл құрамын күшейте алмады. Әр түрлі себептермен тіпті былтырғы үздік ойыншыларының қайсыбіреулерінен айырылып қалды. Олардың орындарын деңгейі жоғары һәм тәжірибелі футболшылармен толықтырудың реті келмеді.

Еурокубок додаларының топтық кезеңінде екінші жыл ойнап жүрсе де, осы екі маусымда жиған-терген тәжірибелерін іс жүзінде көрсете алмай келеді. Әлі де сол бұрынғыдай, жағдайлары тығырыққа тірелгенде, қайсарлық пен жанкештілік танытудың арқасында жеңіске жетіп жүр.

Әрине, еурокубоктық тәжірибе мен деңгейді ұжымдық ойын өрнегіне теп-тез сіңіре қою оңай емес. Ол үшін қанша уақыт шүмектетіп тер төгу керек екендігін де дөп басып айту мүмкін емес. Әйтсе де, «Астана» футболшылары былтыр ғана кейбір ойындарда еуропалықтарды сүйсіндіріп, нәтижелі ойын үлгісін көрсеткен. Шежіресі мол зулы командалармен ұпай бөліскен.

«Астана» Еурокубок додасында Қазақстан қоржынына ұпай салып жүр

Биыл да «Астана» жанкүйерлері ел чемпионынан сондай ойындар күтеді. Чемпионға тән мінез, қажыр-қайрат көрсетіп, жеңіске жетсе дейді. Жарқын жеңістеріне қуанып, мәре-сәре болуға асық. Енді, тек әліптің артын тосамыз.

Себебі, биыл «Астана» Еурокубок додасында тек өзінің ғана емес, бүкіл қазақ футболының намысын қорғап жүр. Басқа клубтарымыз сенім үдесінен шыға аламады. Ел чемпионатындағы 31 матчта 70 гол соққан, шабуылы жойқын «Қайраттың» өзі екінші електік сатыдан аспады...

Енді, бар үміт – тек елода клубында! «Астана» осы аптада чемпион болып, мақсатына жетіп, содан кейін Еуропа лигасында жеңіске жетіп, жанкүйерлерін қуантады деп сенеміз. Ал жеңіс бізге ауадай қажет! Өйткенң әрбір жеңіс пен тең ойын УЕФА-дағы Қазақстан клубтары рейтингін өсіреді, ортақ қоржынымызға ұпай түседі.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика