Вернуться к списку статей

“Астана” Борисовтегі матчқа Минскіде дайындалады

Футбол
1K
Еуропа лигасының плей-офф сатысындағы қарымта матчын Беларусьтің Борисов қаласында өткізетін «Астана» кеше тікелей рейспен Минскіге ұшып барды.

Астана Минскіге орналасты

Елорда футболшылары Беларусь астанасына төрт сағаттай ұшып барып, Минскідегі қонақ үйге орналасты. Ал қарымта матч Борисовте өтеді. Кеше «Астана» жаттығу жиынын өткізуі керек болатын.

Естеріңізге сала кетейік, «Астана-Арена» стадионында өткені бірінші ойында Қазақстан чемпионы 2:0 есебімен жеңіске жеткен болатын. Енді БАТЭ-нің әуселесін түзде байқап көреді.

Қарымта матчқа аттанған команда құрамы

қақпашылар – Ненад Эрич, Александр Мокин, Абылайхан Дүйсен; қорғаушылар – Абзал Бейсебеков, Юрий Логвиненко, Дмитрий Шомко, Марин Аничич, Сергей Малый, Константин Энгель, Игорь Шитов;

жартылай қорғаушылар – Серікжан Мұжықов, Азат Нұрғалиев, Асхат Тағыберген, Мәди Жақыпбаев, Неманья Максимович, Рохер Каньяс, Агим Ибраими, Геворг Наджарян;

шабуылшылар – Таңат Нөсербаев, Патрик Твумаси, Джуниор Кабананга, Джордже Деспотович.

Франция төрешілері қазылық етеді

«Борисов-Аренада» өтетін матчқа Тони Шапрон бастаған Франция төрешілері қазылық етеді. 1996 жылы 24 жасында ысқырықты қолына алған, Чемпиондар лигасында 2010 жылдан бері қазылық етіп келе жатқан бас төрешіге Филипп Жанн мен Александр Виала көмектесетін болады.

Бұл ойын ертең, тамыздың 25-інен 26-сына ауған түн ортасында Астана уақытымен 00:00-та басталады. «Қазақстан» телеарнасы 23:50-ден бастап тікелей эфирде көрсетеді.

“Селтик” Чемпиондар лигасында ойнайды, “Дандолк” ұтылды

Айтпақшы, «Астананы» Чемпиондар лигасы додасынан тыс қалдырып, үшінші електік сатыда жолын кескен «Селтик» топтық кезеңге шығып тынды. Шотландия чемпионы Чемпиондар лигасының плей-офф сатысыда Израильдің «Хапоэлімен» кездескен болатын.

Өз алаңында өткен бірінші ойында «Селтиктің» 5:2 есебімен ойсырата жеңгенін жазғанбыз. Беэр-Шевада өткен қарымта матчта 0:2 есебімен ұтылып қалды. Сонда, жалпы есеп – 5:4. Шотландия чемпионы топтық кезеңге өтті.

Ал БАТЭ-ні сан соқтырып кеткен «Дандолк» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыға алмады. Плей-оффта Польшаның «Легиясымен» кездесіп, 3:1 есебімен ұтылды. Қара басып, өз алаңында 0:2 есебімен есе жіберіп алды да, кеше түнде Варшавада өткен қарымта кездесуде 1:1 есебімен тең түсті.

Енді, «Астанаға» «Селтиктің жолын берсін дейміз. Әрі Қазақстан чемпионы Еурокубок додасын әрі қарай жалғастырады деп сенеміз. Ал БАТЭ «Дандолк» секілді жеңіліске ұшырайтын сияқты...

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика