Вернуться к списку статей

“Селтик” селт еткізді немесе доп жіберу оңай, гол соғу қиын

Футбол
2K
«Астана» Чемпиондар лигасының үшінші електік сатысындағы бірінші ойынын өз алаңында өткізіп, «Селтикпен» 1:1 есебімен тең түсті.

«Астана» клубының бас бапкері Станимир Стойлов кейбір мамандарды таң қалдырып, ойынды бес қорғаушымен бастады. Ел чемпионатының өзінде жасыл алаңға үнемі негізгі құрамда шықпайтын Абзал Бейсебековті көріп, таңырқап жатқандар да аз болған жоқ.

Бірақ сыралғы Стойловтың бұл тактикалық сұлбасы тиімсіз болды деп айта алмаймыз. «Астана» шабуылдап, Шотландияның әйгілі клубын тықсыра бастады. Бірте-бірте «Селтик» алға шығудан қалды. Допты орталық алаңда ұстауға тырысумен ғана болды.

«Астана» болса, қарқынын үдетіп, қарсыласын қыспаққа ала түсті. 19-минутта гол соғып, «Астана-Арена» стадионына жиналған 29 мың көрерменді дүр сілкіндірді. Твумаси бұрыштама соққысын орындап, Логвиненко әуеде бәрінен ширақ қимылдап, теңбіл допты басымен қақпаға сүңгітті.

Бұл гол «Астана» ойыншыларын қанаттандырып жіберді. Әрі көрермендер де елорда клубының ойыншыларын жігерлендіріп, намыстарын жанып, демеп-жебеп отырды. Қиқуға басып, алаң иелерін алға қарай “қамшылаумен” болды. «Астана» футболшылары да аянып қалмады. Қарқындарын үдетіп, үсті-үстіне шабуылдай түсті.

Алайда «Селтиктің» бағы бес елі екен, доп қақпаға кірмей қойды. Бірде қақпашы допты саусағының ұшімен қағып жіберсе, енді бірде біздің шабуылшылар доптың бағытын өзгерте салуға үлгермей қалды. Тағысын тағы...

Бірінші таймның өзінде екі-үш гол соғуға болатын еді. Бірақ «Астана» ойыншылары тамаша мүмкіндіктерді мүлт жіберіп қойып, есепті еселей алмады. Әйтеуір допты қақпа торында тулатудың сәті түспей-ақ қойды.

Екінші таймда да «Астана» «Селтиктің» қақпасына шүйіліп, қауіп төндірумен болды. Доп тағы да қақпаға кірер емес. Біресе бағанаға тиеді, енді бірде голкипер Гордоның оңай олжасына айналады...

Патрик Твумаси мен Жуниор Кабананга екеуі бірін-бірі жақсы түсініп, тізе қоса қимылдап, Шотландия чемпионы қорғаушыларының екі аяқтарын бір етікке тықты. Денелерімен мың бұралып, допты бір-біріне қақпақылдап, қонақтардың қорғанысын піспектеумен болды.

Екінші таймның аяғына қарай «Астана» ойыншылары сәл де болса, қарқындарын бәсеңдетіп алғандай болды. Сөйтіп, «Селтик» шабуылшыларының аяқтарына да доп тие бастады. 75 минут бойы «Астананың» арынды екпіні мен пәрменіне төтеп берген Шотландия чемпионы да алға шыға бастады.

Өкінішке қарай, 78-минутта сол қапталдағы қорғаушымыз Дмитрий Шомко допты алаң сыртына теуіп жібермей, қақпа бойындағы сызықтан шығып кеткенше денесімен көлегейлеуге тырысты. Бірақ П.Робертс лып етіп, сытылып кетіп, әрі допты аяғымен іліп алып, Л.Гриффитске бере қойды. Тіс қаққан шабуылшы мұндай мүмкіндікті мүлт жіберсін ба? Допты доғаша ие теуіп, қақпаға дөп түсірді.

Бұдан кейін «Астана» атойлап, қайтадан алға шапты. Бірақ шаршаңқырап қалғандары байқалып тұрды. «Селтик» енді алдыра қойсын ба, алаң иелерін денелерімен итеріп-қағып, допты тартып алып, одан қалса, уақыт созып, өздеріне тиімді нәтижені уыстарынан шығарған жоқ.

Өкінішті, әрине... 77-минут бойы басымдық танытып, 1:1 есебімен тең түсу алаңдағы ойыншылар тұрмақ, стадиондағы көрермендердің өзектерін өртеді. Қаншама гол соғатын мүмкіндік болып еді?! Солардың құрығанда біреуі қақпа торына оратылмады. Бұйрықтың жоқтығы ма? Олай дейтініміз, «Астана» футболшылары аянбай тер төгіп, жанкештілік танытты-ақ.

Енді бар мәселе Глазгода шешіледі. Қарымта матчта «Селтиктің» бүгін алаңға шықпаған бірнеше қас шебер ойыншысының қатарға қосылулары әбден мүмкін. Енді «Астанаға» қиын болады...  

«Астана» (Қазақстан) – «Селтик» (Глазго, Шотландия) – 1:1 

Голдар: Логвиненко, 19 (1:0). Гриффитс, 78 (1:1).

«Астана»: Эрич, Шомко, Аничич, Логвиненко, Шитов, Бейсебеков (Ибраими, 84), Максимович, Каньяс, Нұрғалиев (Мужиков, 61), Твумаси, Кабананга (Деспотович, 86).

«Селтик»: Гордон, Тирни Эмброуз, О’Коннелл, Робертс, Браун, Дембеле (Биттон, 62), Армстронг (Форрест, 72), Лустиг, Макгрегор (Рогич, 77), Гриффитс.

Бас төреші: Паоло Маццолени (Италия)

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 14 – 9

Тура соққы: 7 – 1

Қиыс кеткені: 7 – 5

Тойтарылғаны: 0 – 3

Қақпа бағанасынан қайтқаны: 1 – 0

Бұрыштама соққылар: 8 – 2

Ескерту (сары қағаз): 2 – 2

Ереже бұзу: 9 – 11

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика