Вернуться к списку статей

“Астана” жүректі қобалжытып барып жеңді

Футбол
2K
Марин Аничич
«Астана» 2016/2017 жылдар маусымындағы Чемпиондар лигасының екінші електі сатысынан әупіріммен шықты.

Вильнюсте «Жальгириспен» 0:0 есебімен тең түсіп келген «Астанаға» Сарыарқа төсінде тең жеңіске жету керек болатын. Былтыр «Атлетикомен» тең түскеніміз чемпионымыз Литваның ең үздік клубын қалпақпен ұрып алмаса да, қиналмай жеңуі тиіс деген сенім басым еді.

Елордалықтар бірінші таймда тәп-тәуір ойын өрнегін көрсетті. Қонақтарды тықсырып, өз қақпаларына қарай қысып тастады. Допты өздерінде көп ұстады. Тіпті бір гол соғып, «Астана-Аренаға» жиналған көрермендерді дүр сілкіндірді.

Патрик Твумаси сол қапталдан бұрыштама соққысын орындап, допты қақпаға қарай әуелете асырды да, Марин Аничич басымен допты жерге ұрып, қақпаның бұрышына дәл түсірді. Қақпашы жасыл алаңға тиіп, серпілген доптан көз жазып қалды.

Бірінші тайм аяқталғанша, «Астана» қарқынын бәсеңсіткен жоқ. Литва чемпионының қорғанысын піспектеумен болды. Ал қонақтардың қарсы шабуылдары пәрменсіз болып көрінді. Осылай ойынның бірінші жартысы аяқталды.

Екінші таймда қонақтар ширақ қимылдады. Доп үшін ойының әрбір шебінде табан тіресе “шайқасып”, жанкештілік тантытты. Ал алаң иелері қарқындарын сәл-пәл бәсеңсітіп алғандай болды. «Жальгирис» ойыншылары керісінше, батылырақ қимылдай бастады.

«Астананың» ойынының берекесі кете бастады. Доптан айырылып қалу көбейді. Бейберекет қимыл-әрекет жиілей бастады. Сөйтіп жүргенде Таңат Нөсербаев жарақат алып қалып, аяғын баса алмай қалды. Станимир Стойлов оның орнына Серікжан Мұжықовты шығарды.

«Астана» осылай ойын “тізгінін” уыстарына шығарып алып, самарқау күй кешіп жүргенде, қонақтар гол соғып, таразы басын теңестіріп кетті. Эливелто допты аяғына іліп алып, ортамен “ылдиға салып, төске озып”, көлбеу тартып, шалт қимылдап, қақпаға қарай шірене тепті. Сәл алдыға шығып кеткен Эрич бұл соққыны тойтара алмай, қапы қалды.

Стадион сілтідей тынып барып, у-шу болды. Әркім өз бетінше айқайға басып жатыр. Бұған дейінгі ұйымдасқан түрде қиқу салып, қол соғып, жиі-жиі “толқын” тербелтіп отырған көрермендер ию-қию болды.

Осыдан кейін «Астана» алға қарай лап қойды. «Жальгиристің» қақпасына шүйілді. Бірақ қонақтар қақпаларына маңайлатар емес. Аяқтарын тартпайды, айылдарын жимайды. Алаң иелерінің емін-еркін қимылдауларына мүмкіндік бермей, табан тіресе “шайқасты”.

Уақыт болса, жылжып өтіп жатыр. «Астана» футболшыларының әрбір шабуылы аяқсыз қалып, ойлары жүзеге аспай, өздерінің де, стадионға жиналған көрермендердің де азу-ызасын туғыза бастады. Ал қонақтардың қит етсе, ойбайды салып, жасыл желек үстінде “аунап-қунап”, жатып алулары көбейді.

Бұл «Астана» ойыншыларының жүйкелеріне тиіп, тағаттарын тауыса бастады. Ашуға булыққан команда қалай ғана дұрыстап ойнай алсын, асып-сасу көбейді. Осылай екінші таймның да уақыты өте шықты.

Соңғы минуттарда Эрич те қақпасын тастап, алға қарай жүгірді. Абырой болғанда, соңғы шабуылдардың бірінде «Астананың» бағы жанып, Аничичтің тепкен добы қақпа сызығынан асты. Оны қорғаушылардың бірі кері теуіп еді, бесінші нөмірлі қорғаушымыз «қой қарағым, бұлай болмайды» дегендей теңбіл допты қолымен қақпаға қайта кіргізді.

Әрине, төреші бәрін де көріп тұр. Доптың оған дейін қақпа сызығынан асқанын біледі. Қолымен ортаны нұсқады. Бұл – «гол!» дегені. «Астана» ойыншылары зыр жүгіріп, бірін-бірі құшақтап жатыр. «Жальгиис» жігіттері өзектері өртеніп, өкініштерін баса алар емес. Ал стадиондағы халық қарғып-секіріп, айқайға басты.

«Астана» осылай жанкүйерлерінің жүректерін қобалжытып, жандарын күйзелтіп барып, соңғы секундтарда Чемпиондар лигасының келесі кезеңіне шықты. Егер матч 1:1 есебімен аяқталғанда, онда түзде соғылған голдың арқасында әрі қарай «Жальгирис» шығатын еді...

«Астана» (Қазақстан) – «Жальгирис» (Литва) – 2:1

Голдар: Аничич, 31 (1:0). Эливелто, 57 (1:1). Аничич, 90+2 (2:1).

«Астана»: Эрич, Шомко, Аничич, Логвиненко, Шитов, Каньяс, Максимович, Ибраими (Деспотович, 72), Твумаси (Бейсебеков, 90+4), Нөсербаев (Мұжықов, 55), Кабананга.

«Жальгирис»: Клевинскас, Климавичюс, Слийнгард, Мбоджи, Благойевич, Вайткунас, Лукша, Миколюнас (Атайич, 54), Эливелто (Льюич, 77), Куклис, Калуджерович (Жалюскас, 85). 

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 23 – 13

Тура соққы: 12 – 5

Қиыс кеткені: 7 – 7

Тойтарылғаны: 4 – 1

Бұрыштама соққылар: 6 – 3

Ескерту (сары қағаз): 3 – 2

Ереже бұзу: 18 – 12

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика