Вернуться к списку статей

"Маккаби" ФК бас бапкері Шота Арвеладзе – Алматыға атпен жеттік

Футбол
2K
Қайрат - Маккаби
Бүгін Алматының «Қайраты» Еуропа лигасының іріктеу додасы аясындағы екінші кездесуін өткізеді. Қарсыласы қарымды, Тель-Авивтің «Маккабиі». Былтыр ғана Чемпиондар лигасында ойнаған командаға «Қайраттың» қауқары жете ме?

110 жылдық тарихы бар клуб?

«Маккаби-ТА» – Израильдің ең танымал, ең тарихи, ең көне клубы. Рас, Израильде ХХ ғасырдың алғашқы жартысында құрылған клубтар аз емес. Алты рет ел чемпионы атанған Иерусалимнің «Бейтары» бар, чемпионатты 12 рет жеңіп алған Хайфаның «Маккабиі» бар, 13 рет үздік шыққан Тель-Авивтің «Хапоэлі» бар. Бірақ ешқайсысы осы «Маккабидің» шашбауын көтеріп жүруге ғана жарайды.

Биыл 110 жылдығын тойлап жатқан тель-авивтіктер ішкі чемпионатты 21 рет жеңіп, Израиль кубогында 23 рет бас жүлдеге қол жеткізген. Үнемі Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық кезеңдерінде өнер көрсетіп жүретін команда. Сондықтан, олар Алматыға тек жеңіс үшін келгендері анық.

Былтыр «Маккаби» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне дейін жетті. Іріктеу додасында алдымен Мальтаның «Хиберниансын» тізе бүктірді. Одан кейін әупірімдеп Чехияның «Викториясын» сүрінді. Ал соңғы сынақта Швейцарияның «Базелімен» екі кездесуде де тең ойнағанымен сырт алаңында артықтау гол соққанының арқасында ғана топтық кезеңге жолдама алды. Бірақ Чемпиондар лигасының топтық кезеңін өте сәтсіз өткерді. «Челси», «Порту» және Украинаның «Динамосымен» болған алты ойында небәрі бір ғана гол соғып, өз қақпаларына 16 доп жіберіп алды. Осылайша «соқыр ұпай» да ала алмаған израильдіктер өз тобын соңғы орынмен тәмамдаған.

Қазір «Маккаби» нағыз бабында. Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде Словенияның «Горица» клубын 3:0 және 1:0 есептерімен оңай айналып өткен.


Грузиялық мамандардың текетіресі

Бір қызығы, екі команданы да грузиялық мамандар жаттықтырады. Кахабер Цхададзе «Қайратқа» сәуір айында келсе, Шота Арвеладзе «Маккабидің» тізгінін маусым айында ұстаған. Екеуі бұрыннан таныс, бір-біріне бауырдай болып кеткен бапкерлер. Дегенмен, саудадағыдай, жасыл алаңда да достық жүрмейді. Тіпті, екеуі бір-бірінен мықты екендіктерін дәлелдеуге тырысатыны анық. Сондықтан, бұл матч екі жақ үшін де өте маңызды.

Айтпақшы, «Маккаби» футбол клубының құрамында «Қайратқа» жақсы таныс тағы бір маман бар. Таяуда тель-авивтіктердің спорт директоры болып голландиялық Патрик ван Лиувен тағайындалды. Бұрын «Қайратта» істеп кеткен бұл маман алматылықтардың әлеуеті жайлы «Маккабидің» басшылығына тәптіштеп тұрып айтып берген де болар.

Қазақстан – Израиль 2:5

Соңғы кездері Қазақстан мен Израиль клубтары еурокубоктық додаларда жиі кездесіп қалып жүр. «Ақтөбенің» жолын екі рет кескен де израильдіктер, «Ордабасыны» да орға жыққан Таяу шығыстың командасы, «Шахтердің» де ұпайларын алып қойған. Әйтеуір, бұларға лайықты қарсылық көрсете алмай келеміз. «Ақтөбе» мен «Астана» ғана Израильдің командаларын бір-бірден ғана ұтқан екен.

Қазақстан – Израиль 2:7

Маусым

Еурокубок

Кезең

Командалар

Есептер

2009/10 ж.

Чемпиондар лигасы

3 Q

Маккаби-Х – Ақтөбе

4:3, 0:0

2010/11 ж.

Чемпиондар лигасы

3 Q

Хапоэль-ТА – Ақтөбе

3:1, 0:1

2003/14 ж.

Еуропа лигасы

L тобы

Маккаби-Х – Шахтер

2:1, 2:2

2014/15 ж.

Еуропа лигасы

2 Q

Хапоэль-ТА – Астана

1:0, 0:3

2015/16 ж.

Бейтар – Ордабасы

1 Q

Бейтар – Ордабасы

2:0, 0:0

Жалпы Қазақстан мен Израиль командаларының жолдары еурокубок бәсекелерінде 10 рет түйіскен. Соның екеуі қазақстандық клубтардың пайдасына шешілген болса, бесеуінде израильдіктер үстем болып, үш матч тең аяқталған. Доп айырмашылығы – 12:14.

Бас бапкерлер не дейді?

Кеше кешкісін екі команданың бас бапкерлері журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Екі маман да бір-бірімен тату дос екендіктерін жеткізіп, ойын ешкім үшін де оңай болмайтынын айтып өтті. Грузиялықтардың бас бапкері, тіпті әзілқой екен, Алматыға атпен келдік деп салды.


Кахабер Цхададзе, «Қайрат» ФК бас бапкері:

– Қарсыласымыз өте қарымды. Олар былтыр Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне дейін жеткен. Олармен ойнау қиын да, қызық болмақ. Қайсымыз жеңсек, сонымыз Еуропа лигасының топтық кезеңіне дейін жетеді деп ойлаймын. «Маккабидің» көптеген ойындарын тамашаладық. Артық және кем тұстарын жақсы білеміз. Бірінші іріктеу кезеңін оңай өтті. Дегенмен, біз бар күшімізді салып, алаңға тек жеңіс үшін шығамыз.



Шота Арвеладзе, «Маккаби» ФК бас бапкері:

– Алматыға әзер жеттік. Жол қиын болды. Алдымен Батумиге ұшып келдік, одан кейін Алматыны бетке алдық. Пойызға міндік, автобусқа отырдық, одан кейін атпен шауып жеттік (күліп). Ал бұл текетірес «Қайраттан» гөрі бізге қиын болады-ау. Өйткені, Қазақстанда футбол маусымы қызып тұр. «Қайрат» қазір нағыз бабында. Ал біз маусымды енді ғана бастадық. Не де болса, біздің жігіттер алаңға тек жеңіс үшін шығады. Аршавин, Тимощук, Исаэльдерді тұсап ұстауымыз қажет.


Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика