Вернуться к списку статей

“Қайрат” “Теутаны” талқандап, келесі кезеңге шықты

Футбол
2K
Алматының «Қайраты» Еуропа лигасының бірінші сатысында Албанияның «Теута» деп аталатын клубын 5:0 есебімен талқандап, келесі кезеңге шықты.

Алатау бөктерінде өткен ойында Албания командасының ойыншылары тар жол тайғақ кешуден өтіп, күйрей ұтылды. Қонақтар қарымды «Қайраттың» жойқын шабуылына төтеп бере алмады.

Негізі, «Қайрат» қорғанысының орта шебіндегі жігі “жымдасып” кете қойған жоқ еді. Бірақ «Теута» оны пайданабақ тұрмақ, алматылықтардың қорғанысның осал тұсын таба алмай кетті. «Қайраттың» құйындай орап соққан шабуылдарынан әбігерге түсіп, ойлануға мұршалары болмады.

Негізі, «Теута» матч басталғанша, Алматыға «жеңіс үшін келдік» деп жар салған-ды. Бірақ жасыл алаңда қалай жеңіске жетпек болғандарын көрсете алмады. Кейбір ойыншыларының техникалық шеберліктері жоғары екендігі байқалады. Бірақ олар ұжымдық ойын үлгісі ақсаулы сияқты.   

Ал Алматы командасының толассыз шабуылы түйдек-түйдек толқындай “соғып”, жиілігі матч соңына дейін бір сейілген жоқ. «Қайраттың» ойыншылары бұл ойында өздерін өте еркін сезінді.

Қақпа алдында теңбіл допты бір-біріне ысыра қойып, командалық ойын үлгісін көрсете білді. Баз-базында «Теутаның» қорғанысын жеке-дара бұзып өтуге тырысқандары да болды. Қысқаша айтқанда, бұл ойында бар шеберліктерін паш етіп, өздері ләззат алды.   

Сөйтіп, екі ойынның қорытындысы бойынша 6:0 есебімен Албанияның «Теутасын» тас-талқан қылып, Еуропа лигасының екінші сатысына шықты. Ал келесі кезеңдегі қарсыласы «Маккаби» (Тель-Авив, Израиль) клубы болуы керек. Олар қазір «Горица» (Словения) командасымен ойнап жатыр.

«Қайрат» (Алматы, Қазақстан) – «Теута» (Албания) – 5:0

Голдар: Гоу, 27 (1:0). Бакаев, 45+2 (2:0). Гоу, 61 (3:0). Тавамба, 72 (4:0). Тұрысбек, 79 (5:0).

«Қайрат»: Плотников, Вороговский, Маркович, Лунин, Қуат, Тимощук, Бакаев, Исламхан (Асеведо, 66), Исаэль, Аршавин (Тұрысбек, 76), Гоу (Тавамба, 69).

«Теута»: Мочка, Шкала (Грипши, 66), Р.Ходжа, Е.Ходжа (Шехи, 54), Котобелли, Лена, Хиля, Муста, Ходо, Цюрбя (Ррабошта, 52), Магани.

Бас төреші: Даг-Видар Хавсос (Германия).

Бірінші ойын – 1:0. Жалпы есеп – 6:0.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика