Вернуться к списку статей

“Ертіс” өрендері Ресей бозбалаларын жеңді

Футбол
1K
Сочиде (Ресей) 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында халықаралық турнир басталды. Біздің елдің намысын «Ертіс-U16» бозбалалары қорғап жатыр.

Ресейде өтетін FIFA-2017 Конфедерация кубогының құрметіне көрші ел 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында халықаралық достық турнирі өткізуді қолға алыпты. Оған төрт команда қатысып жатыр. Аталмыш дода кеше басталды.

Біздің елдің намысын Павлодардың «Ертіс» клубының 2001 жылдан кейін туған өрендері қорғайды. Ресейдің атынан Краснодар өлкесінің бозбалалары қатысып жатыр. Сондай-ақ Тәжікстан және Армения жасөспірімдері де келіпті.

Сочидегі бұл турнир екі кезеңге бөлініп өткізіледі екен. Әуелі төрт команда бір айналымдық жүйемен ойнап шығады. Одан кейін бірінші және екінші орын алғандар финалда додаға түсіп, үшінші және төртінші орынға табан тірегендер қола жүлдені сарапқа салады екен.

Кеше «Ертіс-U16» командасы Краснодар өлкесі құрамасымен кездесіп, 3:1 есебімен басым түсті. Голдарды бірінші таймда Әділжан Марасұлов, Айдос Белгібаев және Әлихан Кәбдірашит соғыпты. Ресейліктер тек екінші таймда есепті қысқартқан.

Бүгін «Ертіс-U16» Армения бозбалаларымен, ал 1 маусымда Тәжікстан таланттарымен кездеседі. Сочидегі «Юность» спорт кешенінде өтіп жатқан халықаралық турнирдің финалдық ойындары 2 маусым күні өтеді.

Автор: Әлихан Жаппар
Яндекс.Метрика