Вернуться к списку статей

“Қайрат” – “Ордабасы” – 50:2 немесе кеш “оянған” “Жетісу”

Футбол
2K
Жыры мен сыры көп
Ертең Қазақстан премьер-лигасында ХVІІ-турдың ойындары өтеді. Яғни біздің дәстүрге айналған әзіл-оспақ рейтингіміздің де кезегі келді.

1-орын. Қайрат (Алматы)

«Қайрат» пен Қазақстан футбол федерациясының, Қ.Боранбаев пен Е.Қожағапановтың арасында егес-керіс, тәжіке-тайталас бар ма, жоқ па? Дөп басып айта алмаймын, білмеймін де. Бірақ Қазақстан – Қытай құрамалары арасындағы жолдастық кездесуден өмірде қалған із, көңілде қалған сыз бар екені анық сияқты.

Бүгінде «Қайраттың» көңілі – пәс. «Ордабасы» командасымен тең түсіп, екі ұпай жоғалтты. Бұл дегеніңіз – чемпиондық атақтан тағы да екі қадам алшақтай түскенмен тең. Әрі жоқ жерден, Исламбек Қуат жазаға ілігіп, “сау басына сақина тілеп” алды...

2-орын. Ордабасы (Шымкент)

Құрамы деңгейі жоғарылау ойыншылармен жасақталса да, «Ордабасы» өрнекті ойын үлгісін көрсете алмай келеді. Бұл сөзімізге оңүстікқазақстандықтардың премьер-лига кестесінде сырғи-сырғи 6-орынға түсіп қалып (ХІV-турда), қазір 5-орында тұрғандығы да дәлел бола алар.

Ол, ол ма... енді «оларға төрешілердің бүйрегі бұрады» деген пыш-пыш сөздер айтыла бастады. Тіпті осы облыстың тумасы, әйгілі қақпашымыз Құралбек Ордабаев та отандық басылымдардың біріне берген сұхбатында «төреші шымкенттіктерге үлкен құрмет көрсеткендей әсер қалдырды» депті.

Ал «Қайраттың» бас бапкері Кахабер Цхададзе өткен турда «Ордабасымен» 2:2 есебімен тең түскен соң, матчтан кейінгі баспасөз жиынында «ойын 50:2 есебімен аяқталуы керек па еді, бірақ осындай жағдайлар болады» деп салды...

Қалай десек те, «Ордабасы» командасына қамшыны басу керек. Жасыл алаңда нәтижелі ойын үлгісін көрсетіп, жанкүйерлер мен мамандарды тәнті қылмаса, болмайды. Әйтпесе, кейінгі кезде Қазақстан премьер-лигасының “еркетотайы” атағы «Ақтөбеден» «Ордабасыға» ойысып бара жатқандай...

3-орын. Жетісу (Талдықорған)

«Жетісу» кеш “оянды”. Алғашқы он турда сүреңсіз ойындарымен жанкүйерлерін жасытып, басшыларын жабырқатып жүрді. ХІ-турдан бері әлеуеті мен қабілетінің зор екендігін көрсете бастады. ХІ-турдан бері тек «Астанадан» ұтылды.    

Ең бастысы, қорғаныстағы бейберекетсіздігін түзей бастады. Әрі шабуылшысы Душан Савич ХІ-турдан бері алты доп соқты. Сонда орта есеппен әр ойында бір голдан соғып жүр. Тіпті оған Чемпиондар лигасының алдағы додасы қарсаңында «Астана» клубының өзі қызығушылық танытып отырғандай.

4-орын. Тараз

«Тараз» бас бапкерін ауыстырса да, жағдайы түзелер емес. Түзелмейді емес, тығырықтан шығар жол табылатын да шығар. Тек жанашыр жанкүйерлері кеткендей, тез арада еңсе тіктей алмай жүр.

Украинадан шақыртылған Ю.Максимов (жаңа бас бапкері) келе сала команда қоржынына түзде екі ұпай салып, үміт сәулесін көсей түскен еді. Бірақ соңғы үш ойында үй демей, түз демей ұтылып қалып, көңіл-күйлері қайта түсіп қалды.

Негізі, жергілікті футболшыларға сенім артылып, соларға мүмкіндік берілген. Бірақ олар сенім үдесінен шыға алмай жүр. Өз мүмкіндіктерін толық көрсте алар емес. Неге? Белгісіз...

Әйтпесе, Бауыржан Байтана, Әлішер Сүлей, Берік Айтбай, Шерхан Бауыржан сынды әлеуеті зор жігіттеріміз баршылық. Оларға Данияр Баялиев, Абзал Таубай, Марат Шахметов, ағайынды Евстигнеевтер, Олег Недашковский және легионерлер қосылып, ел чемпионатының көрігін қыздырулары керек-ақ еді.

5-орын. Ақтөбе

«Ақтөбе» екінші айналымда әлі жеңіске жеткен жоқ. ХІІ-турдан бері екі рет тең түсіп, үш мәрте ұтылды. Өз алаңында көш соңындағы «Таразбен» тең түсті. «Астана» мен «Тобылдан» ұтылды. Талдықорғанда «Жетісумен» ұпай бөлісті де, өткен турда Павлодарда оңбай ұтылды.

ХІ-турдан кейін 18 ұпаймен бесінші орында тұрған-ды. Өзінен бір саты төмен орналасқан «Қайраттан» бір, ал жетінші орындағы «Тобылдан» алты ұпайы артық болатын. Ал қазір 20 ұпаймен алтыншы орында тұр. Өкшесін басқан «Атырау» мен «Жетісуда» 19 ұпайдан, ал тоғызыншы орындағы «Тобылдың» 18 ұпайы бар. Осы турда «Қайраттан» ұтылса, әлгі үшеуінің бір-екеуі алдын орап кетеді.    

6-орын. Ақжайық (Орал)

«Ақжайық» маусым басталғалы екі ойында қатарынан ұпай алып көрген жоқ. Яғни бір матчта жеңіске жетсе немесе тең түссе, келесі ойында “міндетті” түрде ұтылады. Яғни команданың күш-жігері екі ойынға жетпейтіндей...

Дәл қазір өз қақпасына ең көп гол жіберген команда болып тұр. Премьер-лигадағы 16 ойында өз қақпасынан 27 доп “қармады”. Жақында тіпті құрамына жаңа қақпашы алды.

Бірақ серб Срдян Остоич те өткен турда «Атыраудың» арынды шабуылына төтеп бере алмады. Төрт гол жіберіп алды. Яғни мәселе тек қақпашыда емес, қорғаушыларда да сияқты...

7-орын.Атырау

Команда тізгінін болгар маманы Стойчо Младенов ұстағалы «Атырау» екі рет жеңіске жетті. Өткен турда «Ақжайықты» тіпті түзде тас-талқан қылды (4:0). Бұл – мұнайлы өлке командасының биылғы маусымдағы алғашқы ірі жеңісі. Айтпағымыз, жаңа бапкер келгелі «Атырау» гол соға бастады. Соңғы екі турда алты доп соқты.

Енді көш соңындағы «Таразды» және «Шахтерді» қабылдайды. Бұл жағынан Младеновтің жолы болып тұр. Дәл қазір «Атыраудың» ойындар күнтізбесі қолайлы әрі жеңілдеу сияқты. Тек алдағы екі ойында жеңіске жетіп, алғашқы алтылыққа ену керек.

8-орын. Тобыл (Қостанай)

Омари Тетрадзе бас бапкер болғалы «Тобыл» екі рет жеңіске жетіп, соңғы турда ұтылды. Бірақ қалай ұтылмасын, қарсыласы азуы алты қарыс «Астана» болатын. Осы үш ойында екеуінде 1:0 есебімен ұтып, елордалықтарға 1:2 есебімен есе жіберіп алды.

Тетрадзені «қорғанысқа көңіл бөліп, бекіністі сауатты құра білетін маман» деушілердің сөздерінің жаны бар сияқты. Оның Қостанайдағы жаңа командасына әзірше тек «Астана» ғана екі гол соқты. «Тобыл» қорғаныста тыңғылықты ойнауға тырысып жүр.

Қызық болғанда, «Тобыл» ертең Талдықорғанда «Жетісумен» кездеседі. 2013-2014 жылдары Тетрадзе жетісулықтарды жаттықтырған. Қалай болар екен? Айта алмай кеткен сөздері немесе ойлары болса, соның бәрін жасыл алаңда көрсетуге, дәлелдеуге тырысар. Әрі бұл команданың артықшылығы мен кемшілігін бес саусағындай жақсы білетіні де анық.           

9-орын. Оқжетпес (Көкшетау)

Бірінші айналымды өте жақсы өткізген «Оқжетпестің» ХІІ-турдан бері жеңісі мен жеңілісі қосарланып жүр. Екінші айналым басталғалы бес ойын өткізіп, екі рет жеңіске жетіп, бір ойында тең түсіп, екі мәрте ұтылып қалды. Осы бес ойында сегіз гол соғып, өз қақпасына 10 доп жіберіп алды.

Бірақ мұның бәрі бас ғана, «Оқжетпес» үшін нағыз сын сағаттары енді басталады. Екінші айналымның қалған алты матчындағы қарсыластары – ылғи ығай мен сығайлар. Олардың екеуі – көш басындағы «Астана» және «Ертіс». Ертең өзімен иық “тіресіп” келе жатқан «Ордабасымен» кездеседі.

Ең бастысы, 6-орынға таласып келе жатқан «Ақтөбе», «Тобыл», «Жетісу» командалармен додаға түседі. Осы ойындарда көп ұпай жоғалтса, бірінші айналымды үшінші орынмен аяқтаған, үздік үштікте алты тур бойы ойқастаған команданың алғашқы алтылықтан тыс қалуы да ғажап емес...   

10-орын. Ертіс (Павлодар)

«Ертіс» ентіге бастағандай. Екінші айналым басталғалы бес ойын өткізіп, соның екеуінде көш соңындағы «Ақжайықпен» және «Шахтермен» тең түсті. Әрі екеуіне де өз алаңында гол соға алмай, төрт ұпайдан қағылды. Ал алдағы қарсыластарының бәріне де – әрбір ұпай маңызды.

Ертең Астанада емтихан тапсырса, одан кейін 6-орын үшін жанаталасып жатқан «Жетісуды» қабылдап, «Тобылға» қонаққа барады. Одан кейінгі қарсыласы «Таразға» да ұпай керек (түзде). «Қайратпен» өз алаңында, «Оқжетпеспен» Көкшеде кездеседі.

Осы матчтардың бәрі де маусым басындағы қарқынын бәсеңдетіп алған «Ертіс» үшін оңай болмайтындай. Себебі Павлодар командасына құрамын күшейтпек тұрмақ, белді ойыншыларын сақтап қалудың өзі мүмкін болмай тұр. Гогуадан айырылды, енді Малыйдың да кетуі мүмкін сияқты.

11-орын. Астана

«Астана» екінші айналым басталғалы әлі сүрінген жоқ. Шашауын шығармай, әр тур сайын үш ұпайды қоржынына салып келеді. Бірақ басты бәсекелестерімен енді кездеседі. Әуелі «Ертісті» қабылдайды. Содан соң Алматыға барады.

Бірінші айналымда алты тур бойы ұпай жоғалтпай, жетіншісінде «Ертіспен» тең түскен болатын. Енді, міне бес жеңісінен кейін Павлодар командасымен қайта кездескелі отыр. Есесін қайтара ма, әлде тағы сүріне ма? Оны ертең білеміз.

Негізі, «Ертіс» қазір бірінші айналымдағыдай қарымды емес. Оны жоғарыда жаздық. Бірақ кім біледі. Кейбір клубтарға қайсыбір командалар қолайсыз болып келеді. Әйтсе де, «Астанаға» Чемпиондар лигасы басталғанша басты бәсекелестерінен ұзай түсіп, ұпай қорын молайтып алғаны дұрыс.

12-орын. Шахтер (Қарағанды)

Кеншілер соңғы екі турда оңбай ұтылды. Екі ойынды 0:8 есебімен аяқтады. ХV-турда Қарағандыда «Қайраттан» 0:5 есебімен күйрей ұтылса, өткен жолы Көкшетауда «Оқжетпестен» 0:3 есебімен жеңіліп қалды. «Шахтердің» гол соғуға шорқақ екендігін әр тур сайын айтып келеміз. Енді қорғанысы да сыр бере бастаған сияқты.

Айтпақшы, осыдан екі күн бұрын кеншілер клубының Атқарушы директоры Асқар Әбілдаевтың туған күні болды. Команда басшысының туған күнінен бір күн бұрын, яғни 15 маусымда «Шахтердің» Көкшетауда ұтылғанын жаздық. Яғни қарағандылық футболшылар команда басшысын қуанта алмады. Керісінше, көңіл-күйін түсірген болар. Енді «Ақжайықты» қабылдайды. Яғни жеңіске жетіп, гол соғып, сыйлық жасауға тырысулары керек.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика