1-орын. “Шахтер” (Қарағанды)
«Шахтер» бірінші айналымда жанкүйерлерін тым болмаса бір рет дүр сілкіндіре алмады. Таратып айтар болсақ, өз алаңында бірде-бір гол соға алмай, ұятқа қалды. Гол соқпаса, жеңе ме? Жоқ, әрине. Яғни өз алаңында жеңіске де жеткен жоқ. Десек те, бірінші айналымда екі рет асығы алшысынан түсіп (жеңіп), төрт гол соқты. Бірақ мұның бәрі – түзде қол жеткізген жетістіктері.
Бүгін «Шахтер» командасы толық құрамда Долинка ауылындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражайда болыпты. Шетелдіктер үшін экскурсия ағылшын тілінде жүргізілген. Олардың бәрі де Қарлаг тұтқындарының қандай қиындықты бастарынан кешендерімен танысқан. Бәрі де таңданып, қайран қалған. Кім біледі, бәлкім мұның да септігі тиіп, пайдасы болар...
2-орын. “Оқжетпес” (Көкшетау)
«Оқжетпес» – нағыз көшпенді команда. Үйі жоқ, күйі жоқ клубтай бірінші айналым бойы көшіп-қонып жүрді. ХІ-турда “өз алаңында” «Тобылмен» тең түсіп, екі ұпай жоғалтқан соң Көкше клубының бас бапкері шыдай алмай, көкейіндегі өкпе-назын төгіп салды: «Біз әлі көшіп жүрміз, қонақтай алмай-ақ қойдық. Өз стадионымызда ойнап жүрген жоқпыз. Ал ұпай үшін табан тірескен дүлей дода баяғыда басталған. Қазірден бастап әрбір ұпай – өте маңызды».
Дұрыс айтады, Владимир Муханов. Міне, екінші айналым басталғалы тұр, ал «Оқжетпес» әлі өз алаңында ойнаған жоқ. VІІ турға дейінгі “үйдегі” ойындарын Астанада өткізді. ІХ-турдан бергі екі ойынын Щучедегі «Жақсы» стадионында өткізді. Бірақ «Жақсы» жағар емес. Әйтсе де, әрбір стадионды паналап жүріп, 11 ойыннан 20 ұпай еншіледі...
3-орын. “Тобыл” (Қостанай)
«Тобыл» алғашқы алтылыққа ілігуге шындап тұрып кірісетін сияқты. Қазір 10 ойыннан (бір ойыны кейінге шегерілген) 12 ұпай еншілеп, 7-орында тұр. Алтыншы орындағы «Қайраттан» бес ұпайы кем. ХІІ-турда «Атырауды» жеңу үшін стадионға жанкүйерлерін шақырып, құлаққағыс жасапты.
Кезекті тур алдындағы ұраны – «Тобылдың» орны көшбасшылар қатары, ол үшін сенің көмегің керек жанкүйер! Матчтың үзілісінде бағалы сыйлық ойнатылады екен. Атап айтқанда – бағасы 15 мың теңге, Жапониядан шыққан қармақ. Сонымен қармақ керек болса, ертең Қостанайға бару керек.
4-орын. “Ертіс” (Павлодар)
Екі жыл болды, «Ертіс» Алматыға келген сайын, «Қайраттың» қонақжайлығы мен “ыстық ықыласына” бөленіп жүр. Былтыр сәуір айында келгендерінде «Қайрат» көлік (автобус) жібермей, «Ертіс» тайлы-таяғымен такси ұстап, ырың-жырың болған. Негізі, Қазақстан премьер-лигасының регламентіне сай, алаң иелері қонақтарды әуежайдан – қонақ үйге дейін, қонақ үйден – стадионға дейін, содан соң кері бағыттарда көлікпен қамтамасыз етуі керек.
Әлқисса, биыл да «Ертіс» қонақ үйден стадионға уақытында жете алмай, сергелдеңге түскендей. 15 мамыр күні, ХІ-турдың қарсаңында «Ертіс» футбол клубының әлеуметтік желідегі ресми парақшасында, ойыншылардың жүктерін үйіп қойып, автобус күтіп отырған суреттері жарияланды, Әрі «команда осыдан жарты сағат бұрын келуі керек автобусты сарыла күтіп отыр» деп жазды.
5-орын. “Тараз”
«Тараз» бас бапкерін ауыстырып тынды-ау, әйтеуір. Бірақ Нұрмат Мырзабаевтың орнына өзбек М.Қасымов емес, украин Юрий Максимов келді. «Днепр», «Динамо» (Киев) және «Вердер» клубтары сапында қайтпас қайсарлығымен көзге түскен Максимов табан тірескен дүлей доданы ұнататындығын айтып үлгерді.
Допты ұршықша үйіретін техникалық шеберлігі мол ойыншыларға емес, 90 минут бойы айылын жимай, тізгінін тартпай зыр қағатын жалынды жігіттерге сенім артатындығын да меңзеді. 10 ойын бойы жеңіс дегеннің не екенін ұмытқан, соңғы төрт турда ұтылған «Тараз» – қазір көш соңында. Максимов қамшыны үйірмесе, болар емес.
6-орын. “Ақтөбе”
«Ақтөбенің» керісінше, айдарынан жел есіп тұр. Соңғы екі турда жеңіске жетіп, төрт ойын болды, жеңілістің кермек дәмін татқан емес. Чемпионат кестесінде бесінші орында тұр. Басшысы да, қосшысы да – мәз. Тіпті жанкүйерлері де – дән риза.
Басқасы басқа, бірақ осы «Ақтөбенің» әр турдағы ойындарына қазылық ететін төрешілерге қиын шығар, бәрінен де. Себебі, дүдәмал сәттерде пенальти бермесе, «Ақтөбенің» бас директоры Твиттерде «сыбап» алады. Ал пенальти берсе, отандық басылымдар түгелдей дерлік сынап әлек болады...
7-орын. “Ордабасы” (Шымкент)
«Ордабасы» командасы да бірінші айналымның соңында нәтижелі ойын үлгісін көрсетті. Соңғы екі турда қоржынына үш ұпайдан салып, төрт ойын болды, жеңілістің кермек дәмін татқан жоқ. Ертең «Астанамен» кездеседі. Бірінші айналымды қақпашысы мен қорғаушыларының өрескел қателіктерінің кесірінен оңбай ұтылып қалған. Енді қателеспеу керек екендігін ойыншыларының бәрі де білуі тиіс.
Жалпы, оңтүстікқазақстандық команда бірінші айналымдағы 11 ойында өз қақпасына 14 гол жіберіп алды. Бұл жүлделі орыннан дәмелі команда үшін – тым көп. Негізі, қорғаушылары жаман емес. Екі тәжірибелі легионері бар. Қалған қорғаушыларының барлығы дерлік Қазақстан құрамаларының сапында өнер көрсеткен, қазір де шақыртылып жүрген – танымал футболшылар. Әйтсе де, «Ордабасы» бекінісінің топсасы осалдау болып тұр...
8-орын. “Қайрат” (Алматы)
«Қайрат» өз алаңында әлі гол жіберген жоқ. Алатау бөктерінде төрт ойын өткізіп, төртеуінде де қақпасына доп жолатпады. «Шахтер» де, «Ақтөбе» де, «Жетісу» да, тіпті бірінші айналымда ең көп гол соққан «Ертіс» те Алматыда «Қайраттың» қақпасының құлыпын аша алмай кетті.
Сонымен қатар, «Қайрат» соңғы үш турда да жеңіске жетті. Екпін алды. «Бойы» қызды. Қарқынын үдетті. Енді... қатарынан үш ойынды өз алаңында өткізеді екен. Осы үш ойыннан шашауын шығармай, тоғыз ұпайды да қоржынына салуы мүмкін де сияқты ма? Жоғарыда жаздық қой, «Қайрат» “өз алаңында гол жібермейді” деп. Енді тек өздері гол соғып отырса, болғаны...
9-орын. “Ақжайық” (Орал)
Қанша тырысса да, «Ақжайықтың» кежегесі кейін тартып барады. Бесінші турда, түзде «Таразды» тізе бүктіргеннен бері жеңіс деген сағымдай бұлдыраған. Жеті ойында гол соға алмай, пұшайман болғанын, жалпы, гол соғуға шорқақ екендерін жазып та жүрміз.
Ертең Ертіс жағасына барып, емтихан тапсырады. Қызық болғанда, үш ойынды қатарынан түзде өткізеді. Әрі «шаш ал десе, бас алатын» адуынды командалармен кездеседі. Олар – «Ертіс», «Қайрат», «Оқжетпес». Қалай болар екен, ә? Соңғы орыннан бір-ақ шығып жүрмей ме?..
10-орын. “Астана”
«Астана» алтыншы турдан бері көш бастап келеді. Бірінші айналымда бес-ақ ұпай жоғалтты. Яғни бір-ақ рет ұтылып, енді бір ойында тең түсті. Бірінші турдан бері алаңнан гол соқпай кетпей жүрген-ді. Бірақ ХІ-турда Атыраудан ауыздарын қу шөппен сүртіп қайтты. Яғни 10 ойында гол соқты!
Десек те, төрт құбыласы тең дей алмаймыз. 11 ойында 16 гол ғана соқты. Теңбіл допты қарсыласының қақпасында көп тулата алмай жүр. Допты өздерінде көп ұстап, қос қанаттан да шүйіліп, алаңның ортасымен де үйіріп, қыспаққа алады-ақ. Бірақ тоғыз рет бір доп, қалған екеуінде екі гол айырмасымен басым түсті.
11-орын. “Жетісу” (Талдықорған)
«Жетісу» премьер-лигада өз қақпасына ең көп гол жіберген команда екенін бірнеше рет жаздық. 11 ойында – 20 гол! Бірінші айналымда гол соғуға шорқақ «Шахтер» ғана Талдықорған командасының қақпасына доп соға алмады. Қалғандары шама-шарықтарының жеткенінше соғып бақты. Екеу емес, үшеу тұрмақ, төрт гол соққан команда да бар. «Оқжетпес» талдықорғандықтардың қақпасына төрт доп тоғытса, «Ертіс» пен «Ақтөбе» үш голдан соқты.
Бірақ «Жетісу» кейбір командаларымызбен салыстырғанда, гол соғу да біледі. Бірінші айналымда 11 доп соқты. Көп емес, әрине. Енді соққан голдары мен өз қақпасына жіберіп алған доптарының айырмасын қысқартпаса, болмайды.
12-орын. “Атырау”
«Атырау» бірінші айналымның соңғы турында «азуын» Чемпиондар лигасына білеген «Астананы» алып ұрды. ХІ-турда өзінің мінезі мен әлеуетін із жүзінде көрсете білді. Бас бапкердің міндетін уақытша атқарып жүрген Юрий Коньков қарамағындағы футболшыларға жеңіс "кілті" шабуылда екенін ұғындыра білгендей.
Айтпақшы, мұнайлы өлкенің командасы ертең екінші турда Атырауға келмей қалып, маусымашар мерекесінің шырқын бұзған «Тобылмен» кездеседі. Жанкүйерлерін бос сабылтып, стадионды сол ойынға әзірлеп, мерекеге дайындалған жанашырларының сазайын тартқыза алар ма екен?