Вернуться к списку статей

Еркетотай “Ақтөбе” және жеңіске жетелеген Стаменкович

Футбол
2K
Фото fckairat.kz сайтынан
Ертең Қазақстан премьер-лигасындағы сегізінші турдың ойындары өтеді. Осыған орай, әрбір тур қарсаңындағы әзіл-оспақ рейтингімізді назарларыңызға ұсынамыз.

1-орын. Ақтөбе

Қазақстан премьер-лигасының «ерке-тотайы» «Ақтөбе» болып тұр. Өткен турда Егор Сорокин деген футболшысы «Қайраттың» бойы сырықтай қорғаушысы Жарко Марковичті ішінен қойып қалып, жалп еткізді. Жазығы, ұзынтұра серб жігіті аяғын басып кетіпті-мыс. Бірақ Қазақстан футбол федерациясының Тәртіптік-бақылау комитеті Сорокинге ешқандай жаза қолданбайтындықтарын ашық айтып, ресми түрде мәлімдеді.

Қалай болар екен, ә? Сорокин «Ақтөбенің», ал «Ақтөбе» Қазақстан футбол федерациясының «шолжаңы» болса, Жарко Маркович «Қайраттың», ал «Қайрат» Боранбаевтың – «еркесі»...

2-орын. Ордабасы (Шымкент)

«Ордабасы» биыл Еуропа лигасында ел намысын қорғайды. Бірақ ойын өрнегі әлі де көңілден шығарлықтай емес. Әлеуеті бұдан да жоғары сияқты. Қазір ел біріншілігінде 10 ұпаймен төртінші орында тұр. Жеті ойында 11 гол жіберіп алды. Қақпашы үшін де, команда үшін де, бұл – өте көп. Өкініштісі, голкипер Бойченко басты бәсекелестерімен өткен екі матчта өрескел қателік жіберіп, жерге қаратты. Ел кубогы додасының 1/8 финалдық матчында Б.Байсейітов қақпашысын ауыстырды-ау, әйтеуір. Енді Алмат Бекбаевқа мүмкіндік берілгендей.

3-орын. Оқжетпес (Көкшетау)

«Оқжетпестің» маусым басталып кеткеннен кейін алған қақпашысы нағыз қас шеберің өзі екен. Команда сапына үшінші турда қосылды. Әзірше бес ойын өткізіп, өз қақпасына бір-ақ гол жіберді. Таразда Марат Шахметов қапы қалдырған. Содан бері қақпасына доп өткізер емес. Саша Стаменковичтің қақпасына гол соғылмағалы 406 минут болды. Бірнеше рет турдың ең үздік қақпашысы атанды. Әрі Стаменкович келгелі «Оқжетпес» үй демей, түз демей бас рет жеңіске жетті.


Фото okzhetpes.kz сайтынан

4-орын. Тобыл (Қостанай)

«Тобыл» бас бапкерін де, оның көмекшілерін де қызметтерінен босатты. Дмитрий Огайдың соңынан Руслан Балтиев пен Сергей Кулинич те кетті. Үшеуі былтыр «Қайсарда» бірге жұмыс жасаған. Енді қақпашыларының жатықтырушысы Юрий Новиков те кетіп қалса, таң қалмаймыз. Балтиевтен басқаларының туған күндері де – бір-біріне іркес-тіркес. Огай оларды өзімен қоса алып кетіп жүрген жоқ, бірақ көмекшілері «Алексеевич» деп қатты сыйлайды. Ол кетсе қалмайды...

5-орын. Тараз

Алғашқы төрт турда үш гол соғып, мергендер көшін бастаған Зенькович теңбіл допты қақпа торында тулатпағалы біраз болды. Жетінші турда алаңға шыққан да жоқ. Ал «Тараз» гол соғудан қалды. Соңғы үш турда Малик Мане бір-ақ гол соқты, «Тараз» бір-ақ ұпай алды. Тек қана шабуылшыларына иек артып жүре бермей, басқа да ойыншыларына қарсыластарының қақпасын нысанаға ала беру керек сияқты. Сегізінші турда бас бапкерсіз қалған «Тобылмен» тайталасады.

6-орын. Қайрат (Алматы)

«Қайрат» енді екпін алды. Соңғы екі ойында жеті гол соқты. Грузин бапкері қарамағында футболшылармен тіл табыса бастағандай. Ертең «Астанамен» ойнайды. Команда үшін де, Кахабер Цхададзе үшін де нағыз сын, нағыз емтихан болғалы тұр.

7-орын. Астана

«Астананың» бас бапкері Станимир Стойлов Қазақстан футболы мен премьер-лигадағы командаларымызды бес саусағындай біліп алды. Қай командамен қалай ойнау керек екендігін біледі. Ішкі есебі мол маман. Ойыншыларын сапырылыстырып, алаңдағы орындарын ауыстырып та отырады. «Қайратпен» «қырықпышақ» болғанда қандай тактика қолданар екен?

8-орын. Ертіс (Павлодар)

«Ертіс» биылғы ел чемпионатын жоғары қарқында бастап, бес рет қатарынан жеңіске жеткен болатын. Алайда соңғы екі турда тең түсті. Алтыншы турда Ақтөбеде бір ұпайды қанағат тұтса, жетінші турда «Астанадан» ұтылып жатып екі рет таразы басын теңестірді. Енді «Жетісуға» қонаққа барады. Қайсысының «ағысы» мен «ағыны» қатты болар екен? Қайсысы тасып, шайып кетеді?

9-орын. Жетісу (Талдықорған)

«Жетісу» алғашқы екі турда тең түсті. Одан кейін үш рет ұтылды. Соңғы екі турда бес ұпай еншіледі. Нақтырақ айтқанда, талдықорғандықтар «Таразды» тізе бүктіріп, «Тобылмен» ұпай бөлісті. Бұған ел кубогы додасында «Ақтөбеден» басым түскендігін қосуға болады. Яғни «Жетісу» да енді екпін алып келе жатқандай. «Ертістің» көктемгі асау «ағысын» тоқтатса, таң қалмаймыз.

10-орын. Ақжайық (Орал)

«Ақжайық» пен «Атыраудың» арасында бір ұқсастық бар. Батыс өңіріміздің клубтары әзірше үш голдан ғана соқты. Әрі екеуі де түзде гол соғуға – шорқақ (әзірше бір голдан ғана). Орал клубы ертең Шымкентте додаға түседі. Егер «Ордабасының» қақпасына Бойченко тұрса, гол соғу оңай болар да ма еді. Жан-жақтан қыспаққа алса, асып-сасып қалатыны бар еді ғой, оның. Ал Бекбаев тұрса ше?

11-орын. Атырау

«Атырау» сегізінші турда «Шахтермен» кездеседі. Қарағандыдағы ойын аутсайдерлер додасы болғалы тұр. Себебі «Атырау» мен «Шахтер» бес ұпаймен 11-12 орындарды бөлісіп тұр. Жеңгені жоғары өрлеп, жеңілгені көш соңында қалады. Өте – маңызды матч. «Атыраудың» шабуылшылары ширамаса, болмайды. Әсіресе, легионерлеріне сенімді ақтау керек-ақ.

12-орын. Шахтер (Қарағанды)

Кеншілер қаласына футбол енді келеді. «Шахтер» 1 мамыр күні биылғы маусымда алғаш рет Қарағандыда ойнайды. Бұған дейін «үйдегі» ойындарын Теміртауда өткізіп келген. «Атырауды» облыс орталығында қабылдайтын болып, есігін айқара ашып тастағалы отыр. Яғни стадионға кіру – тегін. Кім біледі, жанкүйерлері көп жиналып, қиқуды салса, жеңіске де жетер.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика