«Шахтер» – «Ертіс» – 1:1
Көкше клубын түздегі ойында тізек бүктірген «Шахтер» өз алаңында ұтылмайды деп ойлаймын. Егер осы ойында жеңіліп қалса, жағдайлары одан да нашарлай түсетінін біледі. Сондықтан кеншілер алаңда барын салады.
«Ордабасы» – «Ақжайық» – 2:0
Оралдықтардың ойыны асау «Жайықтың» мінезіндей кейде тасып, бірде бәсеңдей түсетіні баршаға мәлім. Әрине, туған жердің командасына бүйрегіміз бұрып тұрады. Дегенмен, азулы «Ордабасы» еш қиындықсыз жеңеді деп ойлаймын.
«Тобыл» – «Астана» – 1:3
Соңғы ойында Оралда жеңіліске ұшыраған қостанайлықтар бұл турда екпінді елордалық қырандарға тап болып отыр. «Қайратпен» ойнағанда «қанның» иісін сезбеген «жыртқыштар» осы жолы «Тобылды» тобықтан қағады.
«Атырау» – «Қайрат» – 0:1
«Ұпайларды қайтару» операциясын бастаған атыраулықтарға осы ойында сәл ғана сәттіліктің жетіспеуі мүмкін. Кахабер Цхададзе жаттықтыратын «Қайрат» батырлар мекенінен үш ұпаймен оралады.
«Қайсар» – «Ақтөбе» – 2:0
Күйі кеткен «Ақтөбенің» – күйінетін күні. Қайсар мінезділер қарсыласын «қансыратады». Қызылорда клубы сегіз тур болды, жеңіске жете алмай жүр. Бұл турда аянбайды.
«Тараз» – «Оқжетпес» – 1:1
Деңгейлері бірдей командалар арасындағы ойында жеңімпаз анықталмайды деп сенемін. Аз гол соғып, көп доп жіберетін қос команда тең ойынға қанағат тұтатын сияқты.
Көшбасшылар өзгерген жоқ
Өткен, Х турдың ойындарына Massaget.kz порталының спорт шолушысы Өмірбек Сансызбай болжам жасаған болатын. Төмендегі кестеден әріптесіміздің болжамы мен алты матчтың нақты нәтижелерін салыстарып көре аласыздар.
Өмірбек Сансызбайдың Х турға берген болжамының қорытындысы:
Ескерту:
* – VІІ турдың бір матчы кейінге шегерілген; Әрі Ғабит С. екі ойынның нәтижесін дәл тапты. Уәлихан Қ. бес ойынның жалпы есебін және екі ойынның доп айырмасын болжап шықты.
** – VІІІ турдың екі ойыны кейінге шегерілген.