Вернуться к списку статей

“Ордабасының” “ардагерлері” кеншілерден жеңілмейді – Уәлихан Қосанбаев

Футбол
1K
Отандық vesti.kz сайтының қазақша нұсқасын шығарушы редактор Уәлихан ҚОСАНБАЙ
Қазақстан премьер-лигасының ІХ турына спорт журналисі һәм комментаторы Уәлихан Қосанбай болжам жасайды.

ІХ турдың ойындарына vesti.kz сайтының қазақша нұсқасын жүргізетін, яғни шығарушы редакторы Уәлихан ҚОСАНБАЙ болжам жасап, өз пікірімен бөлісті.

«Тараз» – «Атырау» – 0:1

Осы аптада «Атырау» жыл басында айырылып қалған тоғыз ұпайдың алтауын қайтарып алды. Сондықтан «мұнайшылардың» көңіл-күйі көтерікті. Дегенмен, «Тараз» «Атыраумен» өткен соңғы екі ойында жеңілмеген.

Бірақ ол «Тараздан» қазір түк те қалған жоқ. Менің ойымша, бұл кездесуде қонақтар 0:1 есебімен жеңіске жетіп, турнир кестесіндегі жайдайын ақырындап дұрыстай бастайтын шығар.

«Қайсар» – «Астана» – 1:2

Маусымды керемет бастаған Младенов командасы білгенінен жаңылып жүр. Керісінше, маусымды сүреңсіз бастаған Стойлов шәкірттері от ала бастаған сияқты. Қазір жеке-дара көш бастап тұр.

«Астананың» оңтүстікке барған бірінші сапары сәтсіз болып еді («Ордабасы» – «Астана» – 3:0). Бұл жолы сәтті болатын шығар. Болгариялық бапкерлердің таласында Стойлов тәлімгерлері 1:2 есебімен жеңіске жетеді деген ойдамын.

«Тобыл» – «Ертіс» – 2:2

Турнир кестесінің екінші және үшінші орындарын бөлісіп тұрған ұжымдар арасындағы дода қызық болайын деп тұр. Екі ұжым да ақырындап бабына келе жатыр.

Егер бұл кездесу Павлодарда өтсе, «Ертістің» жеңетініне шүбә келтірмес едім. Бірақ кездесу Қостандай болатындықтан, ойын 2:2 есебімен тең аяқталады деген ой келіп тұр.

«Шахтер» – «Ордабасы» – 1:3

«Шахтер» де, «Ордабасы» да соңғы турда жеңілді. Сондықтан енді бұл командаларға жағдайларын дұрыстау керек. Әсіресе, кеншілерге. Бұл ұжым қазір турнир кестесінің соңынан санағанда екінші орында келеді.

Оның үстіне, өткенде клуб басшылары аймақ басшыларынан оңбай ұрыс естіп алды. Қамшы басатын шығар. Алайда, Ордабасының «ардагерлері» бұл жолы жеңілмейді деген сенім бар. Шымкенттік ұжым ҚПЛ-де екі ойын қатарынан жеңілді. Соның есесін қайтару керек.

Тағы бір қызық жәйт, бүгінде Петрушин жаттықтырып жүрген ұжым соңғы бес ойында «Шахтерден» жеңілмеген. Мен бұл ойында есеп 1:3 болады деп ойлаймын.

«Қайрат» – «Ақжайық» – 3:0

Болжамымның бәрінде қонақтарға жеңіс “беріп” келеді екенмін. Енді алаң қожайындарының да кезегі келген секілді. Барлығымыз қазір қашан «Қайрат» қарқын алады деп жүрміз. Өйткені, биыл Цхададзе тәлімгерлері тең ойнай беріп, 12 ұпайдан айырылыпты.

Енді ары қарай ұпайдан шашау шығаруға болмайды. Иә, «Ақжайықтың» қарқыны жаман емес. 10 ұпайы бар. Бірақ, оралдың ұжымның «Қайратқа» қауқары жетеді дегенге сену қиын. Жерар Гоу ашыла бастады. Тағы гол күтемін. Тек бір ғана емес ... Ал есеп 3:0 болатын шығар.

«Оқжетпес» – «Ақтөбе» – 1:1

Болжам жасауға ең қиын ойындардың бірі болып тұр. Оқжетпес өткен маусымды мықты еді. Ал, Ақтөбе әлсіздеу болды. Бірақ биыл бұл командалардың деңгейлері тең. Сондықтан 1:1 болатын шығар деп топшалап отырмын.


Ришад Тұрғанбайдың әлі екі мүмкіндігі бар

Өткен, VІІІ турдың төрт ойынына «Жетісу» газетінің спорт шолушысы Ришад Тұрғанбай болжам жасаған болатын. Әзірше еншісінде бір ұпай бар. Бұл турдағы екі ойын кейінге шегерілген. Яғни Ришадтың ұпай қорын молайта түсетін мүкіндігі әлі бар. Төмендегі кестеден журналистің болжамы мен төрт ойынның нақты нәтижелерін салыстарып көре аласыздар.

Ришад Тұрғанбайдың VІІІ турға берген болжамының қорытындысы


Ескерту: * – VІІ турдың бір матчы кейінге шегерілген;
              ** – VІІІ турдың екі ойыны кейінге шегерілген

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика