Чемпиондар лигасының тағы 16 командасы топтық кезеңдегі төртінші тур ойындарын өткізді. Дегенмен, «Болжам-бәйге» бәсекесіне бұл тур аса өзгеріс енгізе қоймады. 16 «букмекердің» ішінде тек Айдын Қожахмет қана бір матчтың тура есебін таба алды. Ал екі матчтан да ұпай ала алған тек қызылордалық журналист Аида Батухан болды.
«Е» тобы. Иә, Ресейдің ЦСКА-сына ешкім сенген жоқ. Тек «қайсарлық» Сәкен Дөнесов қана мәскеуліктер Францияда «Монакомен» тең түседі деген болжам айтты. Өзгелері француздардың жеңісіне сенімді болды. Айдын Қожахмет, тіпті бұл ойында алаң иелері ірі есеппен ұтады деген пайып жасады. Нәтижесінде осы кездесу алматылық спорт журналисіне үш ұпай әперді. Ал «Тоттенхэм» – «Байер» текетіресінде ағылшындарға бәс тіккен төртеуі де ұпай ала алмады.
«F» тобы. Польшаға қонаққа барған «Реал» «букмекерлерімізді» сазға отырғызды. Бәрі испаниялықтардың ірі жеңісіне сенімді болған. Матч барысы да осыдан хабар беретін. Дегенмен, екінші таймда ерлеген «Легия» тең есепті жұлып алғаны былай тұрсын, жеңіске жетуге шақ қалды. Есесіне «Боруссия Д» – «Спортинг» матчынан төрт болжамшымыз да екі ұпайдан еншіледі.
«G» тобы. Екі матчтың ғана қорытындысын Аида Батухан ғана дәл тапты. Осылайша еншісіне екі ұпай жазып, бәсекелестерінен біреуге артық жинағанымен турнир кестесіндегі соңғы орынды тастап кете алмады. Ал өзгелері «Копенгаген» – «Лестер» матчында Англия чемпионы жеңіске жетеді деп болжап, қатты қателесті.
«Н» тобы. Турнир кестесінде көш бастап келе жатқан Ермұхамед Мәулен бірінші рет матч қорытындысынан қателесті. Ол бұған дейінгі кездесулердің барлығынан тым болмаса бір ұпайдан алып келе жатқан болатын. Дегенмен, бәсекелестері де одан артық жинай алмады. Ал Асхат Садырбай бұл жолы еншісіне бірде-бір ұпай жаза алмады.
Мамандар болжамы мен матчтардың қорытындысы
Турнир кестесі