Бүгін Қазақстан Премьер-лигасы ХХVІ тур ойындары басталады. Матчтардың қалай өтетіндігі жөнінде өз болжамын бірінші кезеңде 4 ұпай жинап, финалға шыққан «ҚазСпорт» телеарнасының журналисі Ермек Төрениязов ұсынады.
Астана – Қайрат 1:1
Қазақстан футболының бүгінгі қос мықтысы арасындағы кездесуді бір турдың ғана емес, жалпы премьер-лиганың орталық ойынына балауға болады. Әрине, бір маусымда елордалық және алматылық ұжымдар жасыл алаңда 5-6 мәрте жолығады. Биылдың өзінде үш мәрте кездесіп, екі рет «Қайраттың» асығы алшысынан түскен. Алма-кезек жеңіске жетіп жүрген тартыста кезек «Астанаға» келіп тұр. Бірақ, бұл жолы ойын тең аяқталады деп ойлаймын. Чемпиондықтан әлі де күдерін үзбеген «Қайратқа» әрбір матчта ұпай жоғалту «алтыннан» алыстаумен тең. Ал үш майданда қатар арпалысатын «Астана» негізгі қарсыласына үш ұпайды оңай ұстатпасы анық.
Ертіс – Ордабасы 0:0
Бұл да бір ымырасыз, тартысты ойын болғалы тұр. Қай жеңгені қолаға жақындай түседі. Жүлделі орыннан үмітті негізгі үш ұжым бар десек, соның екеуі осы турда өзара мықтыны анықтамақ. Екі команда да өте сақ ойнайды. Гол соғудан гөрі доп жіберіп алмаудың қамын көп ойлауы тиіс. Есеп сол күйі ашылмайды деп ойлаймын.
Оқжетпес – Ақтөбе 2:0
Алғашқы алтылықтағы кез-келген ойын қызықты болуға тиіс. Алғашқы айналымда өз алаңындағы ойында қонақтарды тас-талқан еткен көкшелік клуб осы жолы да жеңіске жетеді. «Ақтөбе» алтылыққа еніп, негізгі жоспарды орындады. Енді тек, чемпионаттағы «сыбайластарына» ұпай таратып, олардың қарсыластарымен «тістесіп» ойнайтындығы түсінікті. Бірақ, Мұқановтың командасына азу батыра алмайды.
Ақжайық – Тобыл 1:0
Премьер-лигадағы орнын сақтап қалуға жанталасатын клубтардың бірі – «Ақжайық». Олар қонақтағы ойындарды қайдам, өз алаңында аянып қалмауы керек. Ал «Ақтөбеден» артық ұпай жинаса да «Тобылдың» жетінші орыннан аса алмасы айдан анық. Мұндай матчтарда ойын тағдырын тек алаңдағы футболшылар ғана шешпейді.
Тараз – Жетісу 2:1
Бұл қос команданың осы маусымда өзара өткізетін үшінші ойыны. Бұған дейінгі екі матчта да Жетісудың жігіттері жеңіске жеткен. Енді жамбылдық футболшылардың есе қайтаратын сәті туған шығар. Оның үстіне қазір ұпай ауадай қажет. Алаң иелері қалай да жеңіске жетеді деген ойдамын.
Шахтер – Атырау 1:1
Бұл командалардың бірін-бірі ала-алмай жүргеніне көп болды. Тіпті, гол соғуды да қойды. Осы жолы жанкүйерлерден ұялып, бір-бір доп алмасатын шығар. Одан арыға бара қоюы екіталай.
Ал өткен жолы ел чемпионатының 25-тур ойындарына алматылық журналист Рауан Оқас болжам жасаған. Бес кездесудің нәтижесі бойынша еншісіне 2 ұпай жазды.
Рауан Оқастың ХХV турға жасаған болжамдарының қорытындысы | ||
Ойындар | Р.Оқастың болжамы | Ұпай |
Ордабасы – Қайрат 2:1 | 1:3 | 0 |
Ақтөбе – Ертіс 1:0 | 1:2 | 0 |
Оқжетпес – Астана ? | 1:1 | ? |
Тобыл – Шахтер 2:0 | 3:1 | 2 |
Ақжайық – Тараз 2:0 | 1:1 | 0 |
Атырау – Жетісу 3:3 | 1:0 | 0 |
«Болжам-бұрыш» бәйгесіне қатысқан журналистердің рейтиңгі | |||
Орын | Журналист | Ұпай | Тур |
1 | Түгелбай Бисен | 6 | ХХV |
2 | Әділбек Жақанов | 4 | ХХІV |
3 | Рауан Оқас | 2 | ХХV |
«Болжам-бұрыш» айдарының ережесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.