Бүгін ширек финалдың ғана емес, осы чемпионаттың басты матчтарының бірі – Германия мен Италия кездесуі өтеді. Финалға бергісіз матчқа «Болжам-бәйге» бәсекесінде жетісулық Ришад Тұрғанбаев пен ақтаулық Асқар Ағатаев пайым жасайды.
Ришад Тұрғанбаев («Жетісу» газеті)
Германия – Италия 2:1
Астыма мініп жүргенім де немістің көлігі. Өзі жұмсақ, жүрісі жүрдек. Сол секілді неміс футболына да ынтықпын. Әу баста осы командаға жанкүйер болып едім. Аяғына дейін жанкүйерлік танытайын. Әрине бұл жолғы қарсыласы осал емес, нағыз сақа ойыншылар. Сондықтан оңайшылықпен беріле қоймайды. Буфон қорғаған қақпаның кілтін табу қиынға соғады. Деседе, «Неміс машинасы» бірінші таймда бір гол соғады. Артынша қарқын алған Италия қарымта қайтаруға тырысып, есепті теңестіреді. Бірінші тайм тең нәтижемен аяқталады. Екінші таймда есепті еселеп, немістер жартылай финалға шығады деген сенім басым. Ойында қызыл қағаз болмайды. Сары қағаз әбден мүмкін. Екі команда да екі-екіден сары қағазды алады. Пенальти болады. Гол соғатын үш футболшы Гомес, Мюллер, Өзіл.
Асқар Ағатаев («Ақтау спорты» сайтының редакторы)
Германия – Италия 0:1
Францияда өтіп жатқан Еуропа чемпионаты өз мәресіне таяп қалды. Ширек финалда осы турнирдің басты фавориттері Италия мен Германия кездеседі. Менің өз ойым, осы ойында топ жарған команда биылғы Еуроның чемпионы болады. Талай мәрте өзара кездескен екі команда бір-бірін өте жақсы біледі. Психологиялық тұрғыда Италия құрама командасы басымдылыққа ие. Өйткені, соңғы екі ойынды қарасақ, 2006 жылғы Германияда өткен әлем чемпионатында Италия құрамасы «Бундестимді» жартылай финалда 2:0 есебімен жеңген. Сондай-ақ, 2012 жылғы Еуроның жартылай финалында Италия құрамасы тағы да басым түсіп, 2:1 есебімен ұтқан. Франция алаңдарында немістер тәуір ойын көрсетіп жатыр, Нойердің қақпасы әжемнің сандығындай тас жабық. Дегенмен Конте бастаған азулы Италия командасы бір доп соғып, осы турнирдің жартылай финалына шығады. Голды Грацианно Пелле немесе Эдер салады. Қазір тек мені емес, бүкіл Италия халқын бір сұрақ мазалайы: алаңның ортасында кім ойнайды, орталық жартылай қорғаушы рөлін кім орындауы мүмкін? Өйткені, Де Росси испандықтармен өткен ойында жарақат алып қалғандықтан Германияға қарсы ойнай алмайды. Ал Мотта сары қағаз көптігіне байланысты ойынды трибунадан тамашалайды. Конте ортаға Де Шилио немесе Флоренциди шығаруы мүмкін. Немістерге өте қиын болады. Соңғы екі жеңіліс қатты қысым жасайды футболшылар жүйкесіне.