Ланс пен Бордо қалаларында өтетін ойындарда алаңға Чехия мен Түркия және Испания мен Хорватия шығады. Осылардың ішінде «Қызыл фурия» ғана топтық кезеңдегі мақсаттарына жетіп қойған. Ендігі айқас хорваттар мен чехтар арасында сырттай өтеді.
Ал «Болжам-бәйгеде» Ермек Төрениязов өзін өзгелерге қарағанда еркінірек сезінетін болар. Жандос Айтбай, Арсен Ғұбашев және Уәлихан Қосанбай қалай да плей-офф кезеңінің екінші жолдамасын қоржынға салуға тырысады.
Жандос Айтбай («Хабар» телеарнасы)
Чехия – Түркия 1:1
Жалпы қандай жарыс болмасын Түркия ойыншылары керемет ойын көрсетпесе де, жігер мінезімен жанкештілігімен дараланып тұратын. Бір кездегі Бастүрік пен Эмре, Хасан Шаш пен Хакан Шүкірлер ағайынды Алтынтоптар алаңда аянып қалмаушы еді. Ал қазіргі жігіттерден ондай қайсар мінезді байқай алмадық. Испаниямен болған кездесуде ұтылып жатқан командасын алға сүйреудің орнына Арда Тұрандардың кежегесі кейін тартты. Капитанның көлеңке жағалап жүргені көптеген түрік фанаттарының көңілін қалдырды. Мүмкін осы жолы Терім бапкер шәкірттерінің намысын қайрап жігерін жанитын болар деген үмітпен тең нәтижеге қойып отырмын.
Испания – Хорватия 1:0
Испания мен Хорватия кездесуі қалай аяқталады деген сауал әбден ойландырды. Еуропа чемпиондары топтан шығып қойды. Сондықтан Дель Боске бапкер жастарға мүмкіндік беруі тиіс. Ал қосалқы құрамның ойыншылары жасыл алаңда бар шеберлігін көрсетуге тырысады. Хорваттарды бір ұпай да қанағаттандырады. Сондықтан ойын тең аяқталады деп топшылайтындар көп. Мен тәуекел деп Испанияға бәс тіктім.
Ермек Төрениязов («ҚазСпорт» телеарнасы)
Чехия – Түркия 2:1
Чехия құрамасы кем дегенде үшінші орынмен плей-оффқа шығуы керек. Ал, түріктердің бұл турнирге мүлдем дайын емес екенін көрдік. Іріктеу кезеңінде екеуі де біздің топта болған еді ғой. Фатих Терімнен тәлім терген түрік футболшылары жабырқаған жанкүйерлерін ең құрығанда бір голмен қуантуы тиіс. Тіпті, бұл міндет десек те болады. Бірақ, одан арыға шамасы жетпейді-ау. Хорваттардан бір ұпай алады деп ойламаған чехтар алғашқы жеңісіне қол жеткізеді деген ойдамын.
Хорватия – Испания 1:1
Бұл матчтың дәл нәтижесін табу қиынның қиыны. Тең нәтиже екі құраманы да қанағаттандырады. Хорваттар мұнымен келіспеуі мүмкін. Олардың сапында әзірге гол жібермеген Испанияның тас қамал қорғанысының сырын білетін жіггітттер бар. Модрич пен Ракитич бірдеңе ойлап табар. Дель Боске мен оның шәкірттері де бұл топтан бірінші орынмен шыққан команданың жартылай финалға дейін алқынбай жетуге болатынын біледі. Сондықтан жеңіске жетпесе де, жеңілмеуі тиіс.
Уәлихан Қосанбай («ҚазСпорт» телеарнасы)
Чехия – Түркия 2:0
Бұл кездесуде чехтарға топтан шығу үшін міндетті түрде жеңіс керек. Росицки бастаған жігіттерге голды да көп соғу қажет. Сондықтан да бұл ойынға 2:0 деп болжап отырмын. Бабаджан қорғаған қақпаға екі гол соғады деп ойлаймын. Ал, түркітер бұл чемпионатта гол соқпай, үйлеріне қайтатын шығар.
Хорватия – Испания 0:0
Бұл жұпта Испания келесі кезеңге шығып қойған. Хорваттарға келесі кезеңге шығу үшін тең нәтиже де жетеді. Испания құрамасы екінші құрамды шығаратын шығар. Сол үшін 0:0 деп алғанды жөн санап отырмын.
Арсен Ғұбашев (оралдық спорт сарапшысы)
Чехия – Түркия 1:1
Бір-бірінен әбден шаршаған қос құрама бұл ойында тең түседі. Еурододаны сәтсіз бастаған түріктер үйлеріне ұпайсыз қайтатынына сенбеймін. Букмекерлік кеңселердің көбі чехтардың жеңісіне сеніп отыр екен. Қош! Іске сәт! Ал, менінше Фатих Терімнің шәкірттері қайтпас мінез көрсетіп, ойын соңында 1 ұпайды жұлып әкетеді.
Хорватия – Испания 0:1
«D» тобындағы болжамшылардың арасындағы жолы болғыш Ермек бауырымыз сияқты Испания құрамасы осы жолы да жеңіске жетіп өз тобында бірінші орынға жайғасады. Осыған дейін өз қақпасына доп жібермеген Де Хеа бұл ойында да керемет көрсеткішке қол жеткізеді. Қорғанысы тас қамал командаларға қарсы Дель Боскенің шәкірттері әзірге 1 доптан артық сала алмауда. Соңғы ойында сылбыр ойнағаны болмаса Хорваттардың қорғанысы мықты екенің естен шығармау керек. Оның үстіне, хорваттардың құрамында испан чемпионатының белді ойыншылары жетерлік. Жалпы ойында допқа иелік ету үшін талас көп болады. Бускетс пен Иньестаға қарсы Ракитич пен Модричтың ойыны бізді жалықтырмайтынына сенімдімін.
Естеріңізге сала кетейік, топтық кезеңде ойын нәтижесін дәл тапқан қатысушыға 3 ұпай, доп айырмашылығын тапқанға 2 ұпай және матч қорытындысын дәл болжағанға 1 ұпай беріледі.
«Болжам-бәйгенің» топтық кезеңіндегі толық ережесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.