«Болжам-бәйгенің» плей-офф кезеңіне шыққан алғашқы екі қатысушымыз анықталды. Бүгін тағы екі үздікті білетін боламыз. «В» тобының соңғы туры аясындағы Ресей – Уэльс, Англия – Словакия матчтарына Ардақ Тоғымов, Еламан Қоңыр, Олжас Оқасов және Ришад Тұрғанбаев болжам жасаған. Қайсысы топтан озар екен. Ал әзірге турнир кестесінде Ардақ Тоғымов 6 ұпаймен көш бастап тұр.
Турнир кестесі мына сілтемеде.
Ардақ Тоғымов (Штаттағы ұлттық командалар дирекциясының баспасөз қызметі)
Ресей – Уэльс 1:1
Бұл топтағы соңғы кездесу екі ұжымға да. Екеуіне де ұпай ауадай қажет. Уэльс құрамасында қазір үш ұпай болса, Ресей футболшыларының қанжығасында тек бір ұпай ғана. Сол себептен бұл ойын екеуіне де өте манызды болып танылады. Негізі тең есеп тіркелсе, ол Уэльске тиімді болады – екінші орынмен-ақ 1/8-финалына жәйімен шыға береді. Ресейге тек жеңіс қажет. Сол себептен Слуцкий жігіттері бірінші минуттардан-ақ шабуылға көшеді. Басқа амалдары жоқ орыстарда. Уэльс болса контршабуылға бел артып өз мақсаттарына жетуі тиіс деп ойлаймын. Есеп 1:1 болуы мүмкін осы кездесуде. Уэльс плей-офф жолдамасына ие болады. Ресейліктер тағы да өз оптарынан шыға алмай, үйлеріне аман-есен қайтады.
Англия – Словакия 2:1
Бұл ойын Ресей – Уэльс матчымен қатарлас өтеді. Еңдеше, сол ойынның нәтижесіне сүйеніп ойнауға болмайды. Кездесудің нәтижесі екі команданың біріне тек қана 3-ші орын беруі мүмкін. Бірақ сусымалы орын ғой ол. Шықпай қалуы да мүмкін ғой плей-офф кезеніне. Бірақ 4 ұпай жинаған Англия бірінші-екінші орын алып тұрса да, намысты қолдан бермеуге тырысады. Себебі Уэльске көмегін тигізеді. Егер де Рой Ходжстың жігіттері ұтылса, оңда қандас Уэльс жігіттері осы чемпионаттың 1/8-финалынан құр қалады ғой... Есеп 2:1 болады деп ойлаймын. Тартысты ойын нәтижесі бойынша Словакия 3 орынға ие болып 1/8 финалына шыға алмайды. 3 ұпай аз болып қалуы мүмкін.
Еламан Қоңыр («Нұр Отан» партиясының баспасөз қызметі)
Словакия – Англия 1:1
Ресейді жеңгеннен кейін Словакия құрамасында плей-оффқа өту мүмкіндігі арта түсті. Сондықтан 3-турда Ян Козактың шәкірттері қалай да ұпай алуды көздейді. Соған орай ағылшындарға қарсы ойында словактар көбіне қорғанысқа көңіл бөліп, қарымта шабуылдарға ғана иек артуы әбден мүмкін. Сол себепті ағылшындарға бұл турда да біраз тер төгуге тура келеді. Меніңше, Англияның бас жаттықтырушысы Рой Ходжсон осы жолы шабуыл шебіне негізгі құрамда Джейми Вардиді шығарады.
Жалпы матч тартысты өтеді деген сенімдемін. Менің есебім бойынша кездесу тең аяқталып, 1:1 нәтижесі тіркеледі.
Ресей – Уэльс 1:1
Екі команданың да сайыстың келесі кезеңіне шығу үшін аянып қалмасы анық. Бұл жағынан Уэльс құрамасында сәл де болса басымдық бар. Ойын қаншалықты тартысты өткенімен бұл кездесуде де жеңімпаз анықталмайды деген ойдамын. Есеп – 1:1.
Олжас Оқасов («Проспорт.кз» сайты)
Ресей – Уэльс 2:1
Ресейліктерді бұл матчта фаворит деп айта алмайсың. Букмекерлер де солай деп отыр. Уэльс соңғы ойында тең нәтижеге қол жеткізіп плей-офф мәселесін шешуге жақын болды. Алайда, ағылшындар іске кірісіп 3 ұпайды соңғы минуттарда жұлып әкетті. Бұл жолы тағы сенсация болады деп ойлаймын. Слуцкий бапкер жігіттерін қайрап, "өл-тіріл" үш ұпай алуға тырысады. Өткенде нашар ойнаған Роман Нойштедтердің орнына ортада Глушаков негізгі құрамда шықса ойын мәнері түзеледі деп санаймын. Сонымен қатар, ресейлік қорғаушылар Бейлді жабуға тырысып, оған доп жеткізбеуге тырысады.
Англия – Словакия 1:1
Англия бірінші ойында Ресеймен тең түсіп, артынша Уэлсті әрең жеңіп көп күшін жоғалтты. Бұл жолы оларға тең есеп те жеткілікті. Словакия да мұндайға келісіп тұр. Бірақ екі команда да жеңіс үшін алаңға шығатыны анық. Словактардың бір-екі гоғуға шамасы жетеді. Англия да қуып жетуге қауқарлы. Сол себепті бұл кездесуде 1:1 есебі тәркеледі деп санаймын.
Ришад Тұрғанбаев («Жетісу» газеті)
Ресей – Уэльс 0:1
Ресей биылғы чемпионатта сүреңсіз өнер көрсетті. Осы ойында да жарқырай қоймайтыны анық. Жалпы алғанда бұл чемпионатта жекелеген командалар болмаса, футболдың қызығы кетті. Кім біледі, алдағы кездесулерде жанкүйерлерінің делебесін қыздырмаса, топтық кезеңде рахаттанғаннан гөрі іш пыстырған ойынды көп көрдік. Дәл осы кезеңде Уэльсті мақтауға болады. Алғашқы күннен бастап ойыны тамаша. Тегеурінді қарсылас болып, тіпті жанкүйерлердің бас бармағын шошайтуға дейін әкелді. Осы жолы үш ұпайды еншілеуге барын салады және орыстарды ойсырата ұтуға дайын. Бірақ бір гол ғана соғады деп отырмын.
Словакия – Англия 0:1
Ағылшындар топтың серкесі екені анық. Деседе ойынымен жарқырай алмай жүр. Бұрынғы қызықты кездесулері кеткен бе, қалай? Әйтеуір әупірімдеп жүріп ұпай алып жүр. Мүмкін бар күштерін соңына қарай сақтап жүрген де болар. Қарсыластары да жаман емес. Өз әлінше қорғанып жүр. Бұл жолы ағылшынға қарсы тұра алмайды. Чемпионаттың үздік ойнаған команданың бірі болып көпке дейін есте қалатыны сөзсіз.
Естеріңізге сала кетейік, топтық кезеңде ойын нәтижесін дәл тапқан қатысушыға 3 ұпай, доп айырмашылығын тапқанға 2 ұпай және матч қорытындысын дәл болжағанға 1 ұпай беріледі.
«Болжам-бәйгенің» топтық кезеңіндегі толық ережесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.