Вернуться к списку статей

Еуро-2016: Болжамшылар Испания мен Хорватияның тілеуін тілейді

Футбол
1K
Еуро-2016. Журналистер болжам-бәйгесі
«Еуро-2016» чемпионатында «D» тобының ойындарына Жандос Айтбай, Ермек Төрениязов, Уәлихан Қосанбай және Арсен Ғұбашев сынды журналистер болжам жасайды.

Топтық кезеңдегі ең қызықты ойындардың бірі «D» тобында өтеді. Бүгін кешкісін алдымен Сент-Этьен қаласында Шығыс Еуропаның қос құрамасы Чехия мен Хорватия кездессе, артынша Ниццада Испания мен Түркия футболшылары алаңға шығады.

«Болжа-бәйге» бәсекесінде бұл топта Ермек Төрениязов пен Жандос Айтбай көш бастаса, Арсен Ғұбашев екі ұпай еншілеп, Уәлихан Қосанбай қоржынына бір балл салыпты. Осы тур турнир кестесіне қаншалықты өзгеріс әпере алар екен.

Жандос Айтбай («Хабар» телеарнасы)

Жандос Айтбай

Чехия – Хорватия 1:2

Испаниямен болған ойында көбіне қорғанысқа көңіл бөлген чехтар енді  шабул шебін күшейтуді көздейді.  Хорваттарға да керегі осы. Қорғана жүріп алға ұмтылатын Анте Чачич командасында гол соғатын мүмкіндіктер болады.  Түркияға қарсы сан мүмкіндікті мүлт жіберген хорваттар осы жолы қателеспеулері тиіс.

Испания – Түркия 3:1

Алғашқы турдағы аяқ алысына қарасаң Түркия бұл біріншілікте түк бітірмейтін секілді. Егер біздің болжам қиыс кетіп, бауырлас елдің футболшылары  Испанияны тұқыртып жатса, оған тек қуанамыз!

Ермек Төрениязов («ҚазСпорт» телеарнасы)

Ермек Төрениязов

Чехия – Хорватия 0:1

Бұл топтағы құрамалардың шамасы белгілі бола бастағандай. Хорваттардың түріктерді тас-талқан ететін мүмкіндігі болған. (бір голмен шектелгендеріне үлкен рахмет). Чехтар испандарға қарсы ештеңе өндіре алмады. Екінші ойында Анте Чачич шәкірттері одан да еркін көсілуі тиіс. Чех қақпасына допты қарша борататын болады.  Егер Чехия құрамасы бұл кездесуде жеңілсе, топтан шығу-шықпауы екіталай. Сондықтан олар жасыл алаңда жан беруге дайын. Дегенмен, хорваттар толассыз шабуылдардың бірін сәтті аяқтайды деген ойдамын.

Испания – Түркия 3:0

Испандардың қарқыны тау бұзардай. Бір секундқа да босаңсуға болмайтынын жақсы біледі олар. Түріктердің бұрынғы екпіні жоқ. Қазақстан құрамасын әрең жеңген команданың қатарынан үшінші чемпиондық атақ үшін алысатын ұжымға қарсы тұруы қиын. Дель Боске сарбаздары кемінде 3 гол соғады деген болжам бар. Оған түріктер жалғыз доппен де жауап қайыра алмайды-ау. «D» тобынан Хорватия мен Испанияның үздік шығатынына күмән жоқ. 

Уәлихан Қосанбай («ҚазСпорт» телеарнасы)


Чехия – Хорватия 0:1

Екі команда үшін де ойын маңызды болайын деп тұр. Егер чехтар жеңіске жетсе, топтан шығатын мүмкіндігін сақтап қалады. Ал, хорваттар жеңіске жетсе плей-оффты қамтамасыз етіп қояды. Тартысты кездесуді күтемін. Хорваттар 1:0 есебімен жеңіске жетеді деп ойлаймын. Өйткені, чехтарға қарағанда «шақпақ жейделі» ел ойыншыларының деңгейлері жоғары. 

Испания – Түркия 2:0

Бұл турнирге Фатих Терім жаттықтыратын футболшылар мүлде дайын келмеген сияқты. Оны біз хорваттарға қарсы кездесу барысында көрдік. Кездесудің фавориті – Испания. Мен де ешқандай жаңалық ашпай, «қызыл фурияның» жеңісін аламын. Кездесу 2:0 есебімен аяқталады деп ойлаймын. Өткенде Петр Чех ірі есептен сақтап қалған еді ғой. Бұл жолы да Волкан Бабаджан командасына көмектеседі. Бірақ, екі гол жібереді деп ойлаймын. Ал түріктер мынадай шабуыл шебіндегі ойыншылармен Давид де Хеа қорғайтын қақпаның саңылауын таба алмайды.

Арсен Ғұбашев (оралдық спорт сарапшысы)


Чехия – Хорватия 0:1

Ең қиын болжам осы екі қос командалар арасындағы ойын болайын деп тұр. Бұл ойында Анте Чачичтің шәкірттері қорғаныстан ойнауы тиіс деп санаймын. Сол себепті чехтардың қателігін бағатын хорваттар осы ойында жалғыз доп соғып, жеңімпаз болып шығуы әбден мүмкін. Марцело Брозович бұл ойындағы жалғыз доптың авторы атанса нұр үстіне нұр болар еді.

Испания – Түркия 2:0

2008 жылғы Еврододада жасындай жарқылдаған Түркия командасының ойыны әзірге жанкүйерлерін қуантпай отыр. Хорваттарға қарсы қауқарсыз екенін көрсеткен түріктер осы жолы да есе жібереді. Испандықтардың чехтарға қарсы ойыны оншалықты нәтижелі болмағанымен осы ойында «қызыл фурия» қаһарына мінетініне сенімдімін. Ашық ойын ойнауға дәті бармайтын «Император» сарбаздары қорғанысқа көп көңіл бөліп, қарымта шабуылдарға сенім артуы мүмкін. Үш ұпай алу былай тұрсын, гол соғуға да мүмкіндігі болмайтын «янычарлар» бұл ойында 0:2 есебімен ұтылады деп отырмын.

Естеріңізге сала кетейік, топтық кезеңде ойын нәтижесін дәл тапқан қатысушыға 3 ұпай, доп айырмашылығын тапқанға 2 ұпай және матч қорытындысын дәл болжағанға 1 ұпай беріледі.

«Болжам-бәйгенің» топтық кезеңіндегі толық ережесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика