Бүгін Франциядағы футбол тойында Аустрия – Венгрия және Португалия – Исландия кездесулерімен топтық кезеңнің бірінші туры толық аяқталады. F тобының ойындарына «Қазақ спорты» газетінен Төлеубек Қадырмолла, «National geographic» журналынан Арай Ізбай, «Бақ.кз» сайтынан Бек Төлеуов және шымкенттік «Оңтүстік Қазақстан» газетінен Ғабит Сапарбек болжам жасап, өз топшылауларын білдірген болатын.
Төлеубек Әділбекұлы («Қазақ спорты» газеті)
Австрия – Венгрия 2:0
Бұл жұпта сөзсіз Австрия футболшылары фаворит. Олар Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңін де өте жақсы өткізіп, құрлық біріншілігіне алғашқылардың бірі болып жолдама алды. Енді F тобында кемінде екінші орынмен плей-офф ойындарына шығуды көздейді. Кезінде Лукас Подольский сынды футболшының талантын жазбай таныған Марсель Коллер де білікті бапкерлердің бірі. Сондықтан Венгриямен өтетін ойын Коллер шәкірттері үшін аса қиынға түсе қоймайды. Менің ойымша, Австрия жауапсыз екі доп соғады.
Статистиканы сүйетін жанкүйерлер үшін мынадай қызықты деректі де келтіре кетсем болады. Австрия мен Венгрия құрамалары осыған дейін бір-бірлерімен 137 (!) рет алаңға шығыпты. 40 ойында Австрия құрамасы ұтқан. 67 ойын Венгрияның пайдасына шешілген. 30 ойында жеңімпаз анықталмаған, яғни, тең түскен. Соңғы рет Австрия футболшылары Венгрияны осыдан тура 20 жыл бұрын жеңіпті. Содан бері екі ұжым арасында үш ойын тіркелсе де, австриялықтар жеңіске жете алмай келеді – 2 жеңіліс, 1 тең ойын.
Португалия – Исландия – 3:1
Осыдан төрт жыл бұрын жартылай финалға жетіп жығылған Португалия құрамасы биыл да сол жетістігін қайталауға тырысады. F тобынан қара үзіп шығу Криштиану Роналду бастаған команда үшін ешқандай қиындығы жоқ. Оның үстіне, Исландия құрамасы Португалия үшін өте қолайлы қарсылас. Екі команда осыған дейін төрт ойын өткізсе, соның барлығында Эйсебионың отандастары жеңіске жетіпті. Дегенмен, Исландияны соншалықты осал деуге келмес. Еуропа чемпионатының іріктеу бәсекесінде «айды аспанға шығарған» ұжымнан бәрін күтуге болады. Бірақ, бұл ойында емес. Менің есебім – 3:1 Португалияның жеңісі.
Арай Ізбай («National geographic» журналы)
Аустрия – Венгрия 2:1
Әлеуеті зор Австрия. Іріктеу кезеңінде мінсіз өнер көрсеткен Австрия, қарсыластарымен 1-ақ рет ұпай бөлісіп, қалған ойындардың барлығында жеңіске жеткенін ескерсек Марсель Коллер мен Давид Алаба бастаған ұжымнан сенсация күтуге болады деп ойлаймын. Бұл топтағы, ең осал ұжым әрине Венгрия. Шынымды айтсам, Бернд Шторк бастаған команданы тек ұпай таратушы ретінде санауға болатын шығар. Ойда-жоқта, ұпай алып қалмаса, бұл ұжымнан көпті күтудің қажеті жоқ.
Португалия – Исландия 1:1
«F» тобында атынан ат үркитін бір ұжым бар. Бұл, әрине, – Португалия. Криштиану Роналду душ Сантуш Авейру үшін бұл соңғы мүмкіндіктердің бірі. Оның үстіне тәжірибесі мен бабы ұштасқан тұста 31 жасар әлемнің үздік ойыншысы барын салатыны анық. Пепе, Нани, Моутинью бастаған әріптестері де аянып қалмайды деп ойлаймын. Мұзды жарып шыққан Исландия. Іріктеу кезеңінде Қазақстанмен бір топта өнер көрсетіп, сенсация жасаған құрама бұл. Дәл осы команда футбол әлемін дүр сілкіндірген төңкеріс жасап, Голландия сияқты кәрі қасқырларды артта қалдырды. Бар жоғы 323 мың халқы бар арал мемлекет жоқ жерден үздіктердің арасынан бірақ шықты. Сол себепті, Ларс Лагербек пен Гилфи Тор Сигурдссон бастаған ұжыммен санаспауға болмайды. Мұны қаперге алмағандар, үлкен қателікке жол беріп қоймақ.
Бек Төлеуов («Бақ.кз» сайты)
Австрия – Венгрия 2:1
Сэр Алекс Фергюсонның «Статистика юбка тәрізді, барлығын көрсетеді, бірақ ең маңызын көрсетпейді» деген сөзі бар. Өзім спортта статистиканы жақсы көремін. Алайда болжам жасағанда статистиканың өзі үнемі бірдей көмектесе бермейді. Дегенмен статистикаға және командалардың соңғы дайындықтарына қарап болжам жасап көрейік. Алғашқы турда көп жағдай көбісі жұмбақ болады. Австрия мен Венгрия осы уақытқа дейін 11 рет кездескен. Австрия тек соның ішінде алғашқы ойында ғана жеңіске жеткен. Бұл екі команданың жолы соңғы рет осыдан 10 жыл бұрын түйіскен. Сол жолы жолдастық кездесуде Венгрия 2:1 басым түскен болатын. Бірақ ол кездегі Австриямен қазіргі Австрияны салыстыруға келмейді. Швейцариялық Коллер бапкердің қарамағында Кристиан Фукс, Себастьян Прёдль, Давид Алаба, Марко Арнаутович, Златко Юнузович, Мартин Харник секілді жақсы ойыншылар бар. Футболшыларының көбісі неміс бундеслигасында өнер көрсетеді. Ал Венгияны Қазақстан құрамасының экс-бапкері Бернд Штрок жаттықтырады. Араға ұзақ жылдар салып, құрлық біріншілігінің финалына алып шықты. Мажарлар қорғаныста сауатты ойнайды. Негізінен қарымта шабуылға иелік етеді. Кездесуде көп гол болмайтыны анық. Менің ойымша матч 2:1 есебімен аяқталады.
Португалия – Исландия 1:0
Португалия іріктеу кезеңінен іркілмей шықты. Қарсыластары Дания, Сербия, Албания, Армения секілді Еуропаның ортаңқол командалары болды. Сегіз ойында 11 гол соғып, өз қақпаларына 5 доп жіберді. Ал Исландия осы чемпионаттың дебютанттары. Павлодар қаласының халқымен ғана шамалас адам тұратын шағын мемлекетте футбол соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Іріктеу кезеңінде Ларс Лагербек жігіттері Қазақстанмен бір топқа түсті. Астанаға келгенде бұл команданың әлеуетін көрдік. Голландия секілді Еуропаның мықты құрамасын екі матчта да ұтып, чемпионаттан тыс қалдырды. Сондықтан Исландияны оңай шағылар жаңғақ деуге келмес. Дегенмен Роналду бастаған жігіттер бір доп айырмасымен жеңіске жетеді. Жалғыз голды қорғаушылардың біреуі соғуы да ғажап емес. Алғашқы турға болжам осындай. Қалғанын чемпионат барысында көре жатармыз.
Ғабит Сапарбек («Оңтүстік Қазақстан» газеті)
Австрия – Венгрия 0:0
Ғ тобында Еуропа чемпионатына сирек қатысатын командалар топтасқан. Солардың екеуі бірінші турда кездеседі. Австрия мен Венгрия арасындағы бәсекеде көп гол соғылады деу қиын. Себебі, Шторк баптайтын мажарлар негізінен қорғанысқа мән береді. Рас, қазір Австрияның дәурені жүріп тұр. Оны іріктеу кезеңіндегі жарқын жеңістерінен білуге болады. Көптеген сарапшылар мен букмекерлік кеңселер де австриялықтардың жеңіске жететініне өте сенімді. Дегенмен, осы уақытқа дейін венгриялықтар Австрия құрамасымен 137 рет кездесіп, оның 67-сінде жеңіске жетіп, 30-ында тең түсіпті. Психологиялық басымдық та үлкен рөл ойнайтынын ескерсек, Алаба бастаған жігіттер қарсыласын оңайлықпен жеңе алмас. Сондықтан бұл кездесу 0:0 есебімен тең аяқталады деп ойлаймын.
Португалия – Исландия 3:1
Бұл Криштиану Роналду үшін Еуропа чемпионы атануға соңғы мүмкіндік. Төрт жылдан кейін оның жасы 35-ке толатынын ескерсек, солай деуге негіз бар. Сондықтан биыл португалиялықтар капитанның тілегін орындау үшін, ел сенімін ақтау үшін бар күштерін салатыны анық. 2014 жылғы әлем чемпионатындағы сәтсіздік үшін де жанкүйерлерден кешірім сұрау керек қой. Оның үстіне Португалия Еуропа чемпионатында алтын жүлдеге қол созым жер қалғанда сүрініп жүр. Енді шегінетін жер жоқ. Бірінші турдан бастап жинақы ойнап, Исландия құрамасын 3:1 есебімен жеңуі тиіс. Екі доп айырмашылығымен жеңеді. Исландия да осал емес. Бірақ, тәжірибенің аздығы қолбайлау болуы мүмкін. Олардың басты мақсаты – топта үшінші орынға таласып, 1/8 финалға шығу.
Естеріңізге сала кетейік, топтық кезеңде ойын нәтижесін дәл тапқан қатысушыға 3 ұпай, доп айырмашылығын тапқанға 2 ұпай және матч қорытындысын дәл болжағанға 1 ұпай беріледі.
«Болжам-бәйгенің» топтық кезеңіндегі толық ережесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.