Вернуться к списку статей

Еуро-2016: "D" тобында фаворит кім?

Футбол
2K
Еуро-2016.
«Еуро-2016» чемпионатында «D» тобының ойындарына Жандос Айтбай, Ермек Төрениязов, Уәлихан Қосанбай және Арсен Ғұбашев сынды журналистер болжам жасайды.

Бүгін кешкісін Еуропа чемпионатында «D» тобының ойындары да басталады. Алдымен жасыл алаңға Түркия және Хорватия футболшылары шықса, ертең Испания – Чехия текетіресін тамашалаймыз. Бұл топтағы ойындарға «хабарлық» Жандос Айтбай, «қазспорттық» Ермек Төрениязов, спорт комментаторы Уәлихан Қосанбай және оралдық Арсен Ғұбашев өз топшылауларын жасаған еді.

Жандос Айтбай («Хабар» телеарнасы)

Жандос Айтбайұлы

Түркия – Хорватия 0:2

Түркияға бүйрегім бұратыны жасырын емес. Бірақ дәл қазіргі Фатих Терім командасында көш бастайтын ойыншы жоқ. Арда Тұранның өзі «Барселонада» қалай ойнап жүргенін білеміз. Дегенмен білікті бапкер Терімнен тәлім алғандар жұртты таңқалдыруы да мүмкін. Соған қарамастан тәжірибелі хорваттар жеңіске жетеді деп болжаймын.

Испания – Чехия 2:1.  

Чемпиондық атақты қорғап қалудың қаншалықты қиын екенін Испания жақсы біледі. Сондықтан Дель Боске командасы алғашқы кездесуде сауатты ойнауы тиіс. Тіпті Испанияда қатарынан үшінші рет бас жүлде алатын мүмкіндік бар. Фернандо Торрес, Хаби Алонсо, Хави секілді ардагерлердің орнын басқан Коке мен Лукас Васкес және Альваро Мораталардың нағыз көсілетін кезі.  Чехтар да осал емес. Олар  тіпті, Еуропа чемпиондарын аяқтан шалуы мүмкін. Дегенмен Дель Боске шәкірттері бір доп айырмасымен ұтады деп ойлаймын.

Ермек Төрениязов («ҚазСпорт» телеарнасы)

Ермек Төрениязов

Түркия – Хорватия 0:1

«D» тобындағы төрт команданың да плей-оффқа шығатын мүмкінідігі бар. Іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасымен бірге ойнаған түріктер топтан үшінші орын алса да финалдық сынға тікелей жолдама алған еді. Бәлкім, Францияда да сондай жағдай қайталанар. Бұл ойында Хорватия жеңіске жетеді деп ойлаймын. Бүйрегім туысқан түріктерге бұрып тұрғанымен,  статистика шартты түрдегі қонақтарды (хорваттарды) фоварит ретінде тануға мәжбүрлеп отыр. Қос команда алты рет кездессе, соның төртеуінде тең нәтиже тіркеліп, екі ойында хорваттар жеңіске жеткен. Бұл ретте ойынның негізгі уақыты ғана есепке алынғанын айта кеткен жөн. Демек, 2008 жылғы Еуропа чемпионатының ширек финалындағы матч тең есепке қосылып отыр. (Ол кезде Түркия матч соңындағы пенальтиде 3:1 есебімен жеңіске жеткен) Түріктердің ол кездегі қарқыны жоқ қазір. Арда Тұран бастаған жігіттер Лука Модрич пен оның командаластарына есе жібереді.

Испания – Чехия 1:1

Дәл қазір бұл қос қарсыластың шама-шарқы деңгейлес. Сонау Чехословакияның кезінен екеуі алма-кезек жеңіске жетіп жүр. Осы жолы да Испания мен Чехия құрамалары Еуропа чемпионатын сәтті бастауға тырысады. Тең нәтиже екі құраманың тақиясына тар келмес. «Қарт құрлықта» қатарынан екі рет топ жарған жалғыз команда – Испания. Алайда, үшінші мәрте жеңімпаз атана алмайды. Ширек финалға дейін жетуі мүмкін. Биылғы Еурокубоктарда испандық клубтар салтанат құрған. Бірақ, «Реал», «Атлетико», «Севилья» сапында Криштиану, Гризманн, Гамейро секілді өзге елдің ойыншылары ойқастады емес пе. Логвиненко үш мәрте саңылау тапқан Чех қақпасына испандық футболшылар бір-ақ гол соғады.  

Уәлихан Қосанбай («ҚазСпорт» телеарнасы)

Уәлихан Қосанбай

Түркия – Хорватия 1:1

Түркия мен Хорватия арасындағы кездесуде көптеген жакүйерлер "шақпақ жейделілерді" фоварит деп отыр. Бірақ, мен онымен келіспеймін. Өйткені, xорваттар соңғы екі жылда екі мәрте бас бапкерін ауыстырды. Әрине, бұл құрамада Еуропаның ең мықты деген клубтарында өнер көрсететін ойыншылар өте көп. Дейтұрғанмен, осыдан 9 ай бұрын тізгінді ұстаған Анте Чарич әлі де өз командасының нақты бір тактикалық ойын жүйесін қалыптастыра алмаған секілді. Ал түріктердің осы іріктеу додасының басында тізгінін қайта ұстаған Фатиx Терим жұдырықтай жұмылған мықты ұжым қалыптастыра білді. "Өлім тобы" болғаннан кейін әр ұжымға ұпайдың қатты керек екені айтпаса да белгілі. Сондықтан бұл топтағы бірінші ойында екі команда да ұпай алады деп, 1:1 деген есепке тігемін.

Испания – Чеxия 2:0

Бұл жұптың анық фовариті – Испания құрамасы. Мен де онымен толық келісемін. Бірақ, "Қызыл фурияның" бұл турнирге алып келген шабуылшылары көңілден шықпай тұр. Соңғы маусымда "Атлетиконы" өрге сүйреген Ф.Торрес болғанда ғой шіркін деген ойымыз да бар. Әйтпесе, испандықтардың жартылай қорғанысына бұл дода барысында ешкім де қарсылас бола алмайтын шығар. Испания соңғы екі Еуропа біріншілігінің бірінші ойындарында толық 3 ұпайды ала алмапты. Енді сол дәстүрді бұзады деген ойдамын. Чеxтарды да осал деуге келмейді. Бірақ, Чеx бастаған жігіттер Еуропа чемпиондарына қауқар көрсете алмайтын шығар. Менің болжамым 2:0.

Арсен Ғұбашев (оралдық спорт сарапшысы)

Арсен Ғұбашев

Түркия – Хорватия 0:2

Соңғы 6 ойында Хорватия жеңіліп көрмеген. Іріктеу кезеңінде өз тобында ең көп доп соққан хорваттар бүгінгі ойында еш қиындықсыз жеңімпаз болып шығарына сенемін. Аталмыш додада түрік бауырларымыз топтан шыға алмайды. Менің бұл болжамыма түріктер еш ренжімес. Онсыз да біздің арқамызда «Кәрі құрлықтың» ең дүбірлі додасына қатысып отырған Түркияда арман жоқ.

Испания – Чехия 3:1

«Қызыл фурияның» биылғы құрамы кез-келген құраманың зәре-құтын қашырады. Қақпашыдан бастап шабуылшыға дейін мықтылармен жасақталған Дель Боскенің жігіттері чехтарды екі доп айырмасымен ұтады. Чехтардың қорғанысы әлсіздеу. Оған додаға қатысушы командалар түгілі біздің Ұлттық құрама да көз жеткізді. Сондықтан, Павел Врбаның жігіттерін Испания 3:1 есебімен тізе бүктіреді деп отырмын.

Естеріңізге сала кетейік, топтық кезеңде ойын нәтижесін дәл тапқан қатысушыға 3 ұпай, доп айырмашылығын тапқанға 2 ұпай және матч қорытындысын дәл болжағанға 1 ұпай беріледі.

«Болжам-бәйгенің» толық ережесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика