Вернуться к списку статей

Еуро-2016: "А" тобында Амангелді Сейітхан, "В" тобында Ардақ Тоғымов көш бастады

Футбол
2K
Еуро-2016. Журналистердің
«Еуро-2016» додасында «А» және «В» топтарының алғашқы турлары аяқталып, «Болжам-бәйге» бәсекесінде бақ сынап жатқан қатысушыларымыздың арасында көшбасшылар анықтала бастады.

Алдымен «А» тобынан бастайық. «Хабар» агенттігінен Амангелді Сейітхан, «Егемен Қазақстан» газетінен Дастан Кенжалин, «Аламан» сайтынан Руслан Меделбек және «Ел.кз» сайтынан Роза Әрен сынды футболды өңінде ойнап, түсінде көретін журналистеріміз қатысқан. Франция – Румыния кездесуінен бәйгеміздегі жалғыз ару Роза Әрен үш ұпай алса, Амангелді Сейітхан және Руслан Меделбек еншілеріне бір-бір ұпайдан жазды. Дастан Кенжалин өз болжамында қателесіп, ұпайсыз қалды.

0:1 есебімен аяқталған Албания – Швейцария кездесуінің нәтижесін Амангелді ағамыз дәл тауып, үш ұпайды еншілесе, доп айырмашылығын тура болжаған «аламандық» журналист қанжығасына екі ұпайды байлады. Сондай-ақ, ойын қорытындысын дәл анықтаған «егемендік» тілші бір ұпайды қанағат қылса, Роза Әрен бұл жолы жаңылысты.

Осылайша, «А» тобында 4 ұпаймен Амангелді Сейітхан көш бастап тұр. Одан кейінгі 2-3 орындарда Руслан Меделбек пен Роза Әрен. Дастан Кенжалин әзірге топ аутсайдері.

Еуро-2016 журналистер болжамы
 
Еуро-2016 журналистер болжамы

«В» тобында Штаттағы ұлттық командалар дирекциясының баспасөз қызметін басқаратын Ардақ Тоғымов, «Нұр Отан» партиясының баспасөз қызметінен Еламан Қоңыр, «Проспорт.кз» сайтынан Олжас Оқасов және талдықорғандық «Жетісу» газетінен Ришад Тұрғанбаев бақ сынауда.

Уэльс – Словакия кездесуінің нәтижесін бір-ақ қатысушымыз дәл тапты. Ол Ардақ Тоғымов. Қалған үшеуі бұл кездесуден бірде-бір ұпай ала алмады.

Англия – Ресей кездесуінде ешкім күтпеген нәтиже тіркеліп, «Болжам-бәйгеге» қатысқан барлық қатысушыларымыз солтүстік көршілерімізді кемінде екі гол айырмашылығымен жеңіледі деп бәс тіккен еді. Алайда, ағылшындар бәрінің ауыздарын күйдірді.

Еуро-2016 журналистер болжамы
Еуро-2016 журналистер болжамы

Естеріңізге сала кетейік, топтық кезеңде ойын нәтижесін дәл тапқан қатысушыға 3 ұпай, доп айырмашылығын тапқанға 2 ұпай және матч қорытындысын дәл болжағанға 1 ұпай беріледі.

«Болжам-бәйгенің» топтық кезеңіндегі толық ережесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика