Ертең Қазақстан Премьер-лигасы 12-тур ойындары басталады. Матчтардың қалай өтетіндігі жөнінде өз болжамын спорт комментаторы ұсынады.
Батыста көптеп айтылып жүрген «футбол көтерілісі» Қазақ жеріне келіп, тіпті орнығып үлгерді! Расымен де соңғы жылдары футболдың бет-әлпеті түбегейлі өзгерді. Бүгінде теңбіл доп әлеміндегі алпауыттардың доминациясы уақытша болса да аяқталды. Менің пікірімше, бұл командадағы көшбасшы ойыншылар мансабының аяқталуы мен жаңа буынның келуіне тікелей байланысты. Осының жолын таба білген бапкердің орны ерекше!
«Футбол көтерілісінің» жарқын мысалы, «Кәрі құрлық» біріншілігіне Голландия секілді «қасқырларды» артта тастап, топтық кезеңнен сүрінбей өткен Исландия. Бұл қатарға міндетті түрде Клаудио Раньери жетекшілігімен Ағылшын Премьер Лигасына басып кіріп, шағын жасақпен тақты жаулап алған Лестерді қосу керек. «Түлкілер» «аристократтар» (Челси), «қызыл сойқандар» (МЮ), «қалалықтар» (МС), «мерсисайдтықтар» (Ливерпуль) мен «шпорлардың» (Тоттенхэм) жер қайыстыратын қалың қолының алдында сасқан жоқ. Керісінше, итальяндық қолбасшы өзін барлығынан айласын асыра алатын бірегей тактик, әрі стратег ретінде көрсете білді.
Менің ойымша бұл қатарға Қазақ футболын да қосуға болады. Елордалық клубтың бір кездері қол жетпес арман саналған Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алуы, өз алаңында бірде-бір ойын ұтылмауы бұл керемет жетістік. Бізге қарсы ойнағандардың арасында «Бавария» мен «Барселонаны» артта қалдырып, бұл беделді доданың финалына шыққан «Атлетико Мадридтің» бар екенін ескерсек, бұл «тіпті мүмкін емес нәрсе» деп таңдай қағып, еріксіз бас шайқауға тура келеді... Оның алдында қарағандылық «Шахтердің» Еуропа лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетуі тағы бар. Қазақ футзалының жетістігі өз алдына бөлек бір әңгіменің басы... Көсіліп айта берсең, ойға тоқтау жоқ.
Сонымен, Премьер-лиганың 12-турына менің болжамым мынадай:
Ақтөбе – Тараз 2:0
Соңғы жылдары тек үздіктердің арасынан көрініп жүрген «Ақтөбе» өз алаңында Тараздан келген қонақтарды кем дегенде 2 доп айырмашылықпен ұтып, еш қиналмастан 3 ұпай алады деп ойлаймын. Есеп – 2:0, алаң иелерінің пайдасына аяқталуы тиіс.
Астана – Ордабасы 3:1
12-турдың орталық кездесуі. Жеке-дара көш бастап тұрған елордалық клуб 3-орынға талас жүргізіп келе жатқан шырайлы Шымқаладан келген ортаңқол ұжыммен күш сынасады. Тартысты кездесу өтетіні екі бастан белгілі. Өйткені, бұл екі ұжым 11 турдың ішінде қарсыластарына 16 гол соққан. Бұл – биылғы біріншіліктің «Ертістен» кейінгі ең үздік көрсеткіші. Алайда осы ойындарда «Астана» 6, ал «Ордабасы» 14 гол жібергенін, Станимир Стойлов шәкірттерінің қазіргі деңгейін, кездесудің «Астана-Аренада» өтетін ескерсек, елордалық клубтың жеңіске жететінін болжау қиын емес деп ойлаймын. Сол себепті есеп 3-1, чемпиондардың пайдасына аяқталатын сияқты.
Жетісу – Шахтер 1:0
Кестенің түбінде келе жатқан қос команда үшін бұл кездесу оңайға соқпайтыны анық. «Қарағандылық клубтың дағдарысы созылып кетті» дегендер көп кездеседі. Бұл ойында екі ұжым да жеңіске ұмтылады. Алайда басты назар әдеттегідей қорғанысқа бөлінеді, сол себепті көп гол болмауы тиіс. Өз алаңында өнер көрсететін кез-келген командада аз да болса басымдылық болатыны белгілі. Жер жәннаты Жетісудың жанкүйерлері сүйікті командасына демеу көрсетсе, Алмас Құлшынбаев шәкірттері бір доп басымдықпен ұтады деп ойлаймын. 1-0.
Ертіс – Ақжайық 2:0
Кестенің екі басында тұрған клубтардың кездесуі. Бұл текетіресте Роман Муртазев бастаған павлодарлық клубтың мысы басым. Оралда 3 доп айырмашылықпен ұтып, чемпиондыққа таласып келе жатқан ұжымның өз алаңында есе жіберіп қоюы екі талай. Өткен турда алматылық клубқа жол беріп, біріншілікте алғаш рет ұпайдан қағылған Димитар Димитров шәкірттері өз жанкүйерлерінің алдында ақталуға тырысады. Алдындағы қателікті қайталамас үшін бұл жолы қонақтар қорғанысқа көп көңіл бөліп, сының арқасында «Ертіс» 2:0 есебімен жеңіске жетуі тиіс.
Қайрат – Оқжетпес 1:0
Алматылық супер клубтың көңіл-күйі тамаша. Өткен турдағы жеңісі кездейсоқ емес екенін дәлелдеу үшін Цхададзе ұжымы барын салады. Дәл қазір психологиялық тұрғыдан алғанда бұл ойын «Қайрат» үшін өте маңызды. Бұл болашақ жетістікке қаланатын негіз немесе құрдымға апаратын жол болмақ. Алматыда өтетін кездесу өте тартысты өтетініе еш күмәнім жоқ. Өз басым «Қайраттың» 1-0 есебімен жеңісіне қояр едім.
Тобыл – Атырау 1:0
Өткен турда бұл қос ұжым алғашқы орындарда келе жатқан командалардан ұпай тартып алғаны белгілі. «Атырау» күтпеген жерден «Астананы» тізе бүктірсе, қостанайлық клуб «Оқжетпеспен» тең тарқасты. Нақты болжамға келмейтін ең қиын ойындардың бірі. Дегенмен де, азғантай басымдылықтың арқасында «Тобыл» 1:0 есебімен жеңіске жетеді деп ойлаймын.
Ал өткен жолы ел чемпионатының 11-тур ойындарына спорт журналисі Нұржан Туғанбай болжам жасаған. Алты кездесудің нәтижесі бойынша еншісіне 2 ұпай жазды.
Нұржан Туғанбайдың Х-турға жасаған болжамдарының қорытындысы | ||
Ойындар | Н.Туғанбайдың болжамы | Ұпай |
Шахтер – Ақтөбе 0:2 | 0:1 | 1 |
Тараз – Ордабасы 1:2 | 2:1 | 0 |
Оқжетпес – Тобыл 1:1 | 2:0 | 0 |
Ақжайық – Жетісу 1:2 | 2:0 | 0 |
Атырау – Астана 1:0 | 1:2 | 0 |
Қайрат – Ертіс 1:0 | 2:0 | 1 |
«Болжам-бұрыш» бәйгесіне қатысқан журналистердің рейтиңгі | |||
Орын | Журналист | Ұпай | Тур |
1 | Ермұхамед Мәулен | 11 | VI |
2 | Сәкен Сыбанбай | 6 | Х |
3 | Рауан Оқасов | 5 | ІХ |
4 | Ермек Төрениязов | 4 | VIII |
5-6 | Ғабит Сапарбеков | 3 | VII |
5-6 | Төлеубек Әділбекұлы | 3 | V |
7 | Нұржан Туғанбай | 2 | ХІ |
8 | Есей Жеңісұлы | 1 | IV |
"Болжам-бұрыш" айдарының ережесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.