Вернуться к списку статей

Ғабит Сапарбеков, спорт сарапшысы – «Қайрат» әлі ұйқысын аша алмай жүрген алып батыр секілді

Футбол
2K
Ғабит Сапарбеков
Бұл айдар оқырмандар үшін ғана емес, букмекерлерге де таптырмас көмекші.

Ертең Қазақстан Премьер-лигасы 7-туры. Ойындардың қалай өтетіндігі жөнінде өз болжамын «Оңтүстік Қазақстан» газетінің спорт сарапшысы Ғабит Сапарбеков ұсынады.

«Тараз» - «Атырау» 1:1

«Тараз» командасы қатарынан екі рет жеңілді. Енді сүрінсе жағдайы тым ауыр болмақ. Бірақ, «Атырау» алаң иелері үшін өте қолайсыз қарсылас. Бір жағынан Никитенконың шәкірттері де әлі өз бабына толық келе қойған жоқ. Бұл ымырасыз бәсекеде 1:1 есебі тіркеледі деп ойлаймын. Себебі, «Тараз» өз алаңында гол соға білетін команда.

«Ақжайық» - «Шахтер» 1:1

Талғат Байсуфинов жоқтан бар жасай білетін бапкер екенін дәлелдеуде. Аса мықты легионерлері болмаса да, қатал тәртіп пен жанкештіліктің арқасында ұпай алып жүр. Ал «Шахтер» былтырғы маусымнан бері есін жия алар емес. Еуропаны шулатқан «кеншілер» 5 тур бойы гол сала алмай келеді. Әр құрғақ серияның бітетін кезі болады ғой. Деңгейлес қарсыластар осы жолы қорғаныста жатып алмай, шабуылға баса мән беретін шығар. Нәтижелі 1:1 есебі тіркеледі деген ойдамын.

«Оқжетпес» - «Ордабасы» 1:2

Бұл матч Астанада өтетіндіктен алаң иесі деген ұғым жоқ. Екі клубтың да мүмкіндігі бірдей. Елордада қос командаға қолдау білдіретін жанкүйерлер жеткілікті. «Оқжетпес» үш тур бойы қатарынан жеңіске жетсе, «Ордабасы» өткен турда «Қайратты» сүріндірді. Шымкенттіктер сапында қарымта шабуылда қарсыласты аямайтын футболшылар жетерлік. Бұл кездесуде Муханов сарбаздарын Байсейітовтің сайыпқырандары қарымта шабуылда ұстайтын секілді. Болжамым – 1:2. «Ордабасы» жеңіске жетеді.

«Қайрат» - «Ақтөбе» 2:0

Алматылықтардың шегінетін жері жоқ. Өте мықты құрамымен екінші алтылықта салпақтап жүруі басшыларына ұнай қоймас. Жанкүйерлерін қуантып жүрген «Ақтөбенің» кейбір жас футболшылары шаршауы мүмкін. Жалпы, «Қайрат» әлі ұйқысын аша алмай жүрген алып батыр секілді. Егер бір сілкінсе, талай қарсыласты орнына қоя алады. Бұл бәсекеде «Қайрат» 2:0 есебімен жеңетін шығар.

«Ертіс» - «Астана» 1:1

Өткен турда «Ертіс» қақпасына Смақов алғашқы голды салды. Керекуліктер бірінші рет ұпай жоғалтты. Елордалықтар тур өткен сайын бабына еніп келеді. Бір қызығы, екі тур бойы бір голдан артыққа шамасы келмей жүр. «Ертісті» жеңу үшін бір гол аздық ететіні анық. Болгариялық бапкерлердің текетіресінде кім жиі қателессе, сол ұпайдан айырылады. Сондықтан екі клуб та сақ ойнап, 1:1 нәтижесіне қанағат білдіреді. Бұл есеп екі команда үшін де үлкен олжа.

«Тобыл» - «Жетісу» 1:0

Қостанайлықтар үш тур бойы жеңістің не екенін білмей келеді. Құрамы да мықты. Огай шәкірттері осы жолы «Жетісудің» осал тұсын табады деген сенім басым. Былтыр екінші айналымда «Жетісу» «Тобылды» екі рет жеңіп кеткен. Есе қайтаратын сәт келді. Талдықорғандықтар қорғаныста сақ ойнайды. Огай да шәкірттеріне гол жібермеу туралы тапсырма беретін шығар. Бұл жолы қостанайлықтар 1:0 есебімен жеңіп, өздеріне тиесілі үш ұпайды еншілеуі тиіс.

Ал өткен жолы ел чемпионатының 6-тур ойындарына спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен болжам жасаған. Алты кездесудің біреуінде қателесіп, еншісіне 11 ұпай жазды.

Ермұхамед Мәуленнің 6-турға жасаған болжамдарының қорытындысы

Ойындар

Е.Мәуленнің болжамы

Ұпай

Ордабасы – Қайрат 1:0

2:1

2

Шахтер – Оқжетпес 0:1

1:1

0

Жетісу – Тараз 1:0

2:1

2

Астана – Тобыл 1:0

1:0

3

Ақтөбе – Ертіс 1:1

1:1

3

Атырау – Ақжайық 2:0

1:0

1

«Болжам-бұрыш» бәйгесіне қатысқан журналистердің рейтиңгі

Орын

Журналист

Ұпай

Тур

1

Ермұхамед Мәулен

11

6

2

Төлеубек Әділбекұлы

3

5

3

Есей Жеңісұлы

1

4


Болжам-бұрыш бәсекесінің ережесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.
Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика