Вернуться к списку статей

Чемпиондықтан айырылудан қорқатын «Ордабасы», өзіңе сенімді «Астана»

Футбол
238

Еурокубок кезінде кейбір турдың ойындары кейінге шегерілген еді. Бүгін сондай үш мат чөтті.

Осы маусымда чемпионы атануы тиіс деп саналатын Шымкенттің «Ордабасы» клубы басты бәсекелестерімен кездескенде жүрісінен жаңылды. Қостанайда «Тобылмен тең түсті. Сосын «Ақтөбе» және «Астанаға» есе жіберіп алды. Әйтеуір осы жолы премьер-лиганың кейінге шегерілген 18-турында өз алаңында «Мақтааралдан» басым түсті.

Допқа көбірек иелік етіп, шабуылдағанымен қарсылас қақпасынан саңылау таба алмай қиналды. Қайрат Нұрдәулетов те «Мақтааралды» қорғаныста ойнатып үйреткен. Абырой болғанда өзбекстандық шабуылшы Бобир Абдухоликов жеңіс голын соғып, «Ордабасыға» үш ұпай сыйлады.

Қазір шымкенттіктер «Астанадан» үш ұпай алда келеді. Александр Седнев шәкірттері сенбі күні Талдықорғанға «Жетісуға» қонаққа барады. Сосын ұлттық құраманың ойындарынан кейін өз алаңында Қарағандының «Шахтер» клубын қабылдайды. Соңғы турда Ақтауға қонаққа барады. Былай қарасақ, үш аутсайдер қалған.

«Ордабасы» (Шымкент) – «Мақтаарал» (Атакент) – 1:0

Гол: Абдихоликов, 61 (1:0).

«Ордабасы» алдағы үш турда ұпай жоғалтатын болса, оны пайдалануға бірден-бір үмітті клуб «Астана» болып тұр. Бабаян шәкірттері қаржыдан қағажу көріп жүрген «Оқжетпесті» ірі есеппен ұтты. Соңғы кездері сын садағына ілігіп жүрген Марин Томасов, Дембо Дарбо, Абат Айымбетовтің үшеуі де гол соқты.

«Астана» (Астана) – «Оқжетпес» (Көкшетау) – 5:2

Голдар:Айымбетов, 8 (1:0). Томасов, 17 (2:0). Томасов. 25-пенальтиден (3:0). Татаев, 51 (3:1), Сәрсенов, 86-пенальтиден (3:2). Дарбо, 88-пенальтиден (4:2). Томасов, 90+4 (5:2).

«Бірінші тайм көңілден шықты. Әсіресе, алғашқы 30-минутты айта аламын. Үш гол соқтық. Әрине, күнтізбе тығыз. Үш күннен кейін тағы бір маңызды матч. Тың күш керек. Бастысы, алғашқы 30-минутта ойын тағдырын шешіп тастағанымыз дұрыс болды. Екінші таймда жігіттер матч аяқталды деп ойлады. Сосын нашар ойын көрсеттік. Қарсылас есеп айырмасын бір допқа дейін қысқартып үлгерді. Бастысы, жеңіске жетіп, чемпиондыққа таласты жалғастыратын болдық», -дейді «Астана» бапкері Григорий Бабаян.

Ал премьер-лиганың кейінге шегерілген 15-турдың ойынында Петропавлдың «Қызылжар» мен Қостанайдың «Тобылы» өзара кездесті. Бұл ойында қонақтар сапында Ислам Чесноков қарсылас қорғаушыларын біраз терлетті. Өзі де бірінші таймда гол соқты.

Тек қолда тұрған жеңістен «Тобылды» Евгений Шахов айырды. Ол бұрыштама кезінде өз қақпасына гол соғып алды.

«Қызылжар» командасында 39 ұпай бар. Әли Әлиев шәкірттері Алматының «Қайратын» қуып жетті. Ал «Тобыл» 29 ұпаймен сегізінші орында тұр.

«Қызылжар» (Петропавл) – «Тобыл» (Қостанай) – 1:1
Голдар:
Чесноков, 36 (0:1).Шахов, 70-автогол (1:1).

Автор: Бек Төлеу
Яндекс.Метрика