Вернуться к списку статей

Бауыржан Исламхан: Сырттан қарағанда бәрі де – оңай

Футбол
2K
Фото fckairat.kz сайтынан
Төбеден қарап отырғанда, бәрі – оңай. Теледидардан немесе төбеден қарап отырсам, маған да оп-оңай. Ал алаңда бәрі де – мүлде басқаша.

Бауыржан Исламхан

Спорт түрі: футболшы

Алаңдағы орны: жартылай қорғаушы

Туған күні: 1993 жыл 23 ақпан

Туған жері: Тараз қаласы

Бойы: 175 см

Өнер көрсеткен командалары:

2011-2013 – «Тараз»

2013-2014 – «Кубань» (Краснодар, Ресей)

2013 – «Астана»

2014 жылдан бастап – «Қайрат» (Алматы)

Жетістіктері:

Қазақстан премьер-лигасының 2014 жылғы ең үздік ойыншысы

2014 жылғы Қазақстан кубогының иегері

2015 жылғы Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері

Қазақстан құрамалары сапындағы ойындары:

Қазақстан U-19 (жасөспірімдер) – 1 ойын

Қазақстан U-21 (жастар) – 24 (6 гол соқты)

Қазақстан ұлттық құрамасы – 19 (2)


Фото fckairat.kz сайтынан

Бауыржан, биылғы маусымда өрнекті ойын өрнегін көрсетіп, жанкүйерлер көңілінен шығып жүрсіз. Енді, өзіңіз осы маусымға баға беріп өтсеңіз.

– Биыл ел чемпионатында бірінші орынға таласып, көш бастап келеміз. Чемпион атансақ деген үмітіміз – зор. Сонымен қатар, Еуропа лигасы додасында тәп-тәуір ойын үлгісін көрсеттік. Аллаға шүкір, командамыз өрнекті ойынымен көзге түсіп келеді. Осының бәрі бас бапкеріміз Владимир Вайсстың еңбегінің арқасында деп ойлаймын.

Ал өзіңіз биылғы маусымдағы өз ойыныңызға ризасыз ба?

– Жасыл алаңдағы ойыным көңілімнен шықты деп айтуға болмайды. Биыл тек аса ауыр жарақат алмай, үздіксіз ойнап шықтым десем де болады. Соған ғана шүкіршілік етемін. Басқасына, тоқетерін айтқанда, «ойын өрнегіме ризамын» деп тоқмейілсуге болмайды. Бәрі – әлі алда. Мен әлі жаспын. Алдағы маусымдарда биылғыдан да жақсы ойнауым керек деп ойлаймын.

Жасыл алаңдағы карьераңда үш бірдей азулы команда сапында ойнадыңыз. Бұл сөзімізді «Кубань» клубынан бастасақ дегенім ғой. Кезінде осы Ресей клубы сапында неге қалмадыңыз?

– 2013 жылы Нева жағалауында өткен Достастық кубогы додасынан кейін Ресей премьер-лигасындағы «Кубань» (Краснодар) клубына ауыстым. Бірақ аяғымды жарақаттап алып, одан әлі айығып кете алмай жүрген едім. Соның кесірінен екі жарым айдай мүлде футбол ойнаған жоқпын. Аяғым жазылып, енді ойнай бастаған кезде «Астана» клубына ауыстым. Елорда клубы мені жалға алды. «Астана» сапында ойнап жүрген кезімде мені «Қайрат» клубы өз сапына шақырды.

Кейінгі үш маусымда, жасыл алаңда өткізген өміріңді екі-ақ ауыз сөзбен қысқа қайырдыңыз, десем де болар. Жалпы, өзіңіз көп сөйлемейтін сияқтысыз. Тіпті ғаламторды ақтарып шықсам, журналистерге берген сұхбатыңыз да жоққа тән екен. Қысқа-қысқа пікірлеріңіз ғана қылаң береді. Бұл қалай сонда, сұхбат беруден қашқақтайасыз ба?

– Иә, сөзіңіздің жаны бар. Шынымды айтсам, оңды-солды сұхбат бере бергім келмейді. Адамдар әр түрлі болады ғой. Мен осы жағына жоқпын. Бәлкім, мені тұйық адам дерсіз. Бірақ мен өз ойымды, өз пікірімді сұхбат арқылы емес, жасыл алаңдағы ойыным мен өнерім арқылы жеткізуім керек деп ойлаймын. Менің жұмысым – көпіріп сөйлей беру емес, футбол ойнау. Сондықтан менің «сұхбаттарымды» ғаламтор арқылы әр түрлі басылымдардан емес, жасыл алаңнан іздеу керек деп түсінемін...

Қазақ футболының үш биік бәйтерегі бар. Олар – Тимур Сегізбаев, Құралбек Ордабаев, Сейілдә Байшақов ағаларымыз. Өкініштісі, қаншама жыл өтсе де, самайларын ақ шалған осы ағаларымыздың орындарын басар қазақ баласы көзге түсер емес. Қазақ футболының көнекөз жанкүйерлерін осы толғантады...

– Аға, оны біз де сеземіз, білеміз. Қазіргі буын осы ардақты ағаларымыздың жолдарын қуып, үміттерін ақтаймыз деп армандайды. Бәрі де тырысып, аянбай тер төгіп жүр. Қазір көптеген футбол үйірмелері, спорт мектептері, заман талабына сай базалар ашылып, жұмыс жасап жатыр. Тәжірибе толықтырып, шеберлік шыңдаудың басқа да жолдары көбейіп келеді. Яғни алдағы уақытта халық сүйіспеншілігіне бөленіп, қазақ футболының көсегесін көгертер таланттар бой көрсетеді деген сенімім мол.

Өзіңіз пір тұтқан футболшыңыз кім?

– Азулы Испания құрамасы мен әйгілі «Барселона» клубының жартылай қорғаушысы – Андрес Иньеста. Ал қазақ футболында Самат Смақов ағамды өзіме үлгі тұтқан едім.

Енді өзіңіздің алаңдағы артықшылығыңыз мен кемшілігіңізге тоқталып өтсек.

– Бұларды менің атап шыққанымның жөні болмас. Көрермендер бәрін де өздері көріп отыр. Өздері бағалай жатар. Әйтпесе, бас бапкер жіктеп берер. Мен айта алмаймын. Төбеден қарап отырғанда, бәрі – оңай. Теледидардан немесе төбеден қарап отырсам, маған да оп-оңай. Ал алаңда бәрі – мүлде басқаша.

Шет елдік аузыл командалардың сапында ойнағыңыз келмей ме? Әлде, әлі ертерек деп ойлайсыз ба?

– Бұл тұрғыда әзірше ештеңе айта алмаймын. «Қайратпен» әлі бір жылға келісімшартым бар. Келісімшарт мерзімі біткен соң ойластыра жатармын. Әзірше, мен – «Қайраттың» ойыншысымын.

Өткен маусымның аяғында «Астана» Чемпиондар лигасы аясындағы үш ойынын елорда төрінде өткізді. Ел біріншілігінде басты бәсекелестеріңіз болса да, осы үш ойында «Астананың» тілеуін тіледіңіздер ме?

– Әрине! Чемпиондар лигасының негізгі додасында ойнаған да арманда, ойнамаған да арманда! Қазақ елінен осы дүбірлі додада бір-ақ команда ойнады. Бір ғана команда Қазақ елінің атын шығарды, шығарып та жатыр. Қайлай бейқам отыра аламыз?! Сондықтан «Астананың» тілеуін тілеп, жанымыз мұрнымыздың ұшына келіп отырды. «Қайрат» сапындағы қазақ жігіттері бәріміз бірге отырып көрдік. Ұлан Қонысбаев та арамызда болды. Өкініштісі, алаңда көбінесе бір-ақ қазақ ойнады. Соған да қуандық. Астанадағы алғашқы ойында, яғни түріктің төрткүл дүниеге танымал, әйгілі клубымен тең түскен матчта, алаңға Таңат жүгіріп шықанда, жүрегіміз дүрсілдеп қоя берді...

Сіз жас та болсаңыз, «Қайрат» клубының ғана емес, Қазақстан ұлттық құрамасының капитанысыз. Ұлттық құраманың қазіргі ойын өрнегіне қандай баға бере едіңіз?

– Нақты бағасын уақыт және жасыл алаңдағы ойын нәтижелері бере жатар. Әйтсе де, өздеріңіз де байқап жүрген боларсыздар, қазір ойсырай ұтылу жоқ. Баяғыдай 0:4, 0:3, тіпті 0:2 деген есептер де жоқ. Мұның бәрі қолымыздан келгенше, ел намысын абыроймен қорғауға тырысып, жан алып, жан беріп жатқанымызды білдіреді деп ойлаймын.

Ұлттық құрама сапына егде ойыншылар керек пе, осы?

– Олар болмаса, команда да болмайды. Команда сапында бір ағамыз болмаса, қиын болады. Олар бізге бас-көз болып, жөн сілтеп отырады. Олар алаңда айқайлап, рух беріп, ойыннан тыс уақытта ақыл-кеңестерін айтып отырса, жастар жағы тез жетілеміз. Олардың көргендерін біз әлі көрген жоқпыз.

«Қайрат» сапында легионерлер көп. Солардың арасында аға тұтатын ойыншыңыз бар ма?

– Иә, бізде легионерлер аз емес. Олардың арасында деңгейлері жоғары, команданың ойын өрнегін ширатып отыратын хас шеберлер де баршылық. Солардың ішінде, алаңда да, өмірде де украин Анатолий Тимощуктен үйренеріміз көп. Біз оны үлгі тұтамыз. Ол ойнаған командалар, оның әлем футболындағы жарқын жолы – көптеген футболшының арманы. Әрі, өзі – өте қарапайым жан.

Күзге салым отау тігіп, шаңырақ құрдыңыз. Сайтымыздың оқырмандары мен футбол жанкүйерлері атынан құттықтаймыз: Құсыңыз құтты болсын!

– Рахмет. Бұл ретте, ең әуелі өзімді жеткізген, осындай дәрежеге жеткізген әке-шешеме мың да бір алғыс жолдағым келеді. Бәрі де – солардың арқасында.

Көпшілікті елең еткізгені, үйленгеніңізден бұрын, қалыңдығыңызға жасыл алаң ортасында ұсыныс жасағаныңыз болды...

– (Қысыла күлімсіреп) Иә, жасыл алаңда ұсыныс жасадым (27 тамыз күні «Қайрат» Еуропа лигасы аясында Францияның «Бордо» клубын қабылдап, 2:1 есебімен жеңіске жеткен болатын. Осы кездесу аяқталысымен, Бауыржан қалыңдығы Еркежанды Орталық стадионның бел ортасына алып шығып, өзі бір тізесін бүгіп, қалыңдығына жүзік ұсынды. Сол кезде таблода «маған тұрмысқа шығасың ба?» деген жазулар жарқ етті. Еркежан «Иә» деп жауап берді. – авт.).

Сіздің ойыңызша қазақ қызы қандай болуы керек?

– Қарапайым, тәрбиелі.

Өзіңіз неше тіл білесіз?

– Әзірше, көп тіл білмеймін. Ең бастысы, қазақ тілін білемін.

Мұны сұрап отырған себебім, сүйіктіңіз, нақтырақ айтқанда, жұбайыңыз бірнеше тіл біледі екен.

– Иә, жұбайым Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Филология және әлем тілдері факультетін бітірген. Ағылшын, француз, түрік тілдерін біледі.

Ал сүйген жарыңыз топ-модель болса ше? Қарсы болмайсыз ба, әлде тыйым саласыз ба?

– Ол бір-ақ рет, яғни 2012 жылы «ҚазМУ аруы» байқауына қатысқан. Енді ондай болмайды (күліп). Тыйым саламын...

Соңғы сұрағым, жасыл алаңдағы арманыңыз?

– Көк туымызды көкте желбірете беру!

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика