Вернуться к списку статей

"Ақжайық" Алматыдағы "жауынды футболда" "Қайраттың" қарқынына төтеп бере алмады

Футбол
1K
Премьер-лиганың 4-ші туры аясында Алматының жауынды кешінде «Ақжайықтың» қақпасына жауапсыз үш гол соққан «Қайрат» осы маусымдағы алғашқы ірі жеңісіне қол жеткізді.

«Ақжайық» өткен турда «Ертісті» жеңіп, «Қайрат» түзде «Ақтөбемен» тең түсіп қалған. Сондықтан, бұл турда оралдықтар сол жеңістің кездейсоқ еместігін, ал алматылықтар керісінше өткен ойындағы тең есептің кездейсоқтығын дәлелдеуі керек болатын.

«Қайрат» (Алматы) – «Ақжайық» (Орал) 3:0 (2:0)

Голдар: Исаэл, 19 (1:0). Уго, 33 (2:0). Жуков, 81 (3:0).

Ескертулер: Нұрғалиев 6, Ткачук 60, Исаэл 80.

«Қайрат»: Покатилов, Исаэл, Бато, Элек, Аршавин (Иличевич 78), Уго, Парагульгов (Хуан Фелипе 67), Ахметов, Вороговский, Қуат (к), Әліп (Жуков 46).

Резерв: Плотников, Анене, Лунин, Сүйімбаев, Исламхан, Швырев.

«Ақжайық»: С. Ткачук, Басов, Путраш, А. Ткачук, Эсеола (Оралбай 84), Сапанов (к), Қайыров, Тапалов, Ерсәлімов, Нұрғалиев (Шайыхов 67), Антипов (Худобяк 58).

Резерв: Удалов, Сәкенов, Сапарбекұлы, Эсеола, Омаров.

Төрешілер: Қызылбаев (Ақтөбе), Бельский, Филоненко (екеуі де – Тараз).

Алматы қаласы, Орталық стадион. 7100 көрермен.

Алайда, Алматыдағы жауынды ойында «Ақжайықтың» «Қайрат» қақпасына бір гол соғуға да шамасы жетпеді. Рас, ресейлік легионер Хабиб Адеринсола баспен допты Стас Покатилов қорғаған қақпаға тоғытқан. Бірақ, оның алдында тізесі қақпашының кеудесіне тиіп кеткендіктен ақтөбелік бас қазы Бақыт Қызылбаев голды есепке алған жоқ. Ал алаң иелері үш гол соқты. Алдымен оң қапталдан Елдос Ахметовтан пас алған Исаэл екі-үш ойыншыны алдап өтті де, Арьен Роббеннің мәнерінде сол аяғымен қақпаға қақырата тепті. Бұл кездесудің 19-шы минуты болатын. Араға 15 минут салып Андрей Аршавиннің парашютті пасынан кейін уругвайлық сұрмерген Уго Сильвейра есепті еселеді.

Екінші таймда жаңбыр құйып кетті де, екі команданың да ойындары аса жүрген жоқ. Тіпті, шығыс трибунада көрермен қалмай, бәрі батыс трибунаға, шатырдың астына тығылды. Ал мүлгіген тыныштықты 81-ші минутта Георгий Жуковтың голы бұзды. Үзіліс кезінде Нұралы Әліпті алмастырған жартылай қорғаушы Исаэлдің оң қапталдан асырған пасын бірден қақпаға бағыттап, таблодағы көрсеткішті 3:0-ге жеткізді.

Осылайша, «Қайрат» 4 турдан кейін 10 ұпай жинап, турнир кестесінде «Астана» және «Ордабасыдан» кейінгі 3-ші орында тұр. Енді оларды келесі турда «Астана» күтіп тұр. Өз кезегінде «Ақжайық» Оралда «Ордабасыны» қабылдайды.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика