Вернуться к списку статей

«Астана» әлі Стойловтың командасы ма?

Футбол
1K
Станимир Стойловтың «Астанадан» кеткеніне бір ай болды. Осы аралықта елордалықтар төрт кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Ал ойындарына қарасаң, команданы, құдды бір, әлі күнге болгар бапкері баптап жүргендей әсерде боласың. Дегенмен, осы аралықта жаңа жаттықтырушы Григорий Бабаян командада не өзгерте алды? Соған тоқталайық.

Григорий Бабаянның бапкерлігімен «Астана» алдымен Қазақстан Суперкубогында «Қайраттың» қорғанысынан түк қоймай, алматылықтарды 3:0 есебімен ойсырата жеңді. Одан кейін Премьер-лиганың бірінші турында «Ақжайықты» да дәл осындай есеппен ұтып, кейінгі екі кездесуде «Жетісу» мен «Қайсар» қақпаларына жауапсыз екі-екі голдан соқты. Дәл қазір елордалықтар ел чемпионатында өз қақпасына гол жібермеген Премьер-лигадағы жалғыз команда.

Ол енді «Астананың» ойын стиліндегі өзгеріске назар аударып көрсек. Жалпы, бас бапкер қанша ауысса да команданың қалай ойнауы бірінші ретте футболшыларына байланысты ғой. Өткен маусыммен салыстырғанда «Астанада» аса бір өзгеріс жоқ. Рас, Жуниор Кабананга кетті. Алайда, оның шебінде деңгейі әлдеқайда төмен болса да, ойын мәнері конголыққа ұқсас Алексей Щеткин бар. Сондықтан, жаңа бапкер Бабаян Станимир Стойловтан қалған стильді өзгертуді дұрыс көрмеген секілді. Оның үстіне, Григорий Константинович те төрт жылдай болгар маманының ассистенті болғанын ұмытпаған жөн. Командаға жаңадан Юрий Перцух, Бақтиер Зайнутдинов, Марко Станоевич сынды ойыншылар қосылғанымен соңғысы ғана өткен турда негізгі құрамнан орын алды. Яғни, Бабаян әлі өз тарапынан командаға үлкен өзгеріс енгізе қойған жоқ. Бұл туралы «Қайсармен» болған ойыннан кейін бас бапкердің өзінен де сұрағанбыз.

– «Астананың» өз ойын стилі қалыптасқан. Осыған дейін қалай ойнасақ, дәл қазір де сол жолдан тайған жоқпыз. Біздің ойын жүйеміз 4-2-3-1. Бұл жүйе қазір өз жемісін беріп тұр. Оны өзгертудің қажеті де жоқ. Бізге командалық ойынды жақсартуға тырысу қажет, - деп жауап берген сол кезде Григорий Бабаян.

Расымен де, велосипед ойлап шығарудың қажеті не? Ең бастысы, Стойлов салып кеткен ойынды бұзып алмай, керісінше оны ары қарай да жақсарта білсе болғаны. Әйтпесе, бас бапкері ауысқаннан кейін бірден бар білгенінен жаңылып жатқан командаларды да көріп жүрміз. Әзірге Бабаян мен «Астананың» серіктестігі жемісін беріп-ақ жатыр.

Дегенмен, сол баспасөз мәслихатында байқадық. Бабаян да Стойлов сияқты сөйлейтін болыпты. «Қайсарды» 2:0 есебімен еш қиындықсыз жеңсе де, өз командасының ойыны ұнамапты. Кейбір жігіттерді «сойып» та салды. Таяқтың бір ұшы ұлттық құрама сапында Венгрия және Болгарияға қарсы кездесулердің үздік ойыншысы болған Роман Муртазаевқа да тиді.

– «Рома, қазір барлық газеттер мен сайттар тек сен туралы жазуда. Ұлттық құрама сапында ең жақсы ойыныңды өткіздің. Олай болмайды», - деп Муртазаевтың өзіне де айттым. Тіпті, үзіліс кезінде де ескерттім. Бұлай ұзақ шыдай алмаймыз. Оған мүмкіндік береміз. Алаңға шығып, өзінің 100% ойынын көрсетпесе, оның орнын басатын басқа ойыншылар бар. Құрамада көрсеткен ойыны бізге аса маңызды емес. Себебі, дәл қазір «Астана» сапында болғандықтан, осы жерде көрсететін ойыны маңызды. Егер өзіңнің максимум деңгейіңді көрсете алмасаң, онда саған орын жоқ, - деді сонда Григорий Константинович.

Иә, Станимир де ашуланса, осылай деп қаһарланатын еді ғой. Шамасы, ұстазының жанында жүріп, оның бар мінезін өз бойына сіңіріп алған секілді. Бірақ, Бабаян қаншалықты Стойлов сияқты бола алар екен?

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика