Вернуться к списку статей

Таңат Нөсербаев "Тобылда" доп тебетін болды

Футбол
1K
Таңат Нөсербаев
Қазақстан ұлттық құрамасының экс-ойыншысы Таңат Нөсербаев жаңа команда тапты. Осы маусымды шабуылшы Қостанайдың «Тобылында» бастайды.

Бұл Таңаттың кәсіпқой футболдағы небәрі төртінші клубы. Шымкент футбол клубының түлегі бұған дейін 2006-2010 жыл аралығында «Ордабасыда» ойнаған. Одан кейін 6 жыл «Астанада» доп тепті. Ал былтыр қайта Шымкентке барып, «Ордабасы» сапында 22 матч өткізген. Өткен маусымда 9 гол соғып, шымкенттіктердің басты сұрмергені атанды. Сондай-ақ, Қазақстан чемпионатының қола жүлдесіне қол жеткізді.

Ал «Астанада» ойнаған алты жылда үш рет ел чемпионы атанып, екі рет ел кубогына ие болған. Бұдан бөлек, әртүрлі тұжырымдарда үздік шабуылшы, үздік ойыншы номинацияларын да жеңіп алып жүрді.

Дегенмен, биылғы маусымда Таңат Нөсербаев «Ордабасының» маусымға өткізген хаттамасына енбей қалды. Соңғы кездері Шымкентте клубтың қосалқы құрамымен жаттығу өткізіп жүргені болмаса, ресми ойындарда алаңға шыққан жоқ. Яғни, шымкенттіктерге керексіз болып қалды.

Енді міне, бір кездері еліміздің ең үздік ойыншылары болған Таңат Нөсербаев «Тобыл» футбол клубында доп тебетін болды. Бірақ, маусым соңына дейін жалға ойнайды. Одан кейін «Ордабасыға» қайта оралуы мүмкін.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика