Вернуться к списку статей

Эдуард Глазунов – Биыл "Астананың" чемпион болғанын қаламаймын

Футбол
1K
Эдуард Глазунов –
Ел футболының дәл қазіргі қос фаворитінің әлеуеттері жайлы отандық маман Эдуард Глазуновтың пікірін білген едік.

Енді бес күннен кейін Қазақстанда кезекті ел чемпионаты басталады. «Қайрат» Алматыда «Қызыл-Жарды» қабылдаса, ел чемпионы «Астана» өз алаңында Оралдың «Ақжайығымен» кездеседі. Ал маусымның алғашқы ресми матчында «Қайрат» пен «Астана» Суперкубок үшін таласып, елордалықтар 3:0 есебімен жеңіске жеткен еді. 

– Эдуард Борисович, Суперкубок матчын көрген шығарсыз. Сіздің ойыңызша, «Қайрат» неге сонша қауқарсыз болып, «Астана» несімен мықты болды?


– «Қайратты» әлсіз болды немесе «Астана» соншалықты басым болды деп айтпас едім. Дегенмен, «Қайраттың» қазіргі халі алаңдатады. Әлбетте, құрамы өзгерді. Жаңа футболшылар көп. Мұның бәрі маңызды. Алайда, бірінші ретте дәл қазір «Астананың» нағыз бабында екенін ескеруіміз керек. «Қайратқа» ешнәрсе жасатқан жоқ. Шынын айтсам, «Қайраттан» мұндай қауқарсыздықты күткен жоқпын. Бұған бір жағынан оқу-жаттығу жиындарындағы жаттығулары да әсер еткен шығар. Бәлкім, маусым алдындағы дайындық кезінде бір жерден қателесті ме, ол жағын енді жаттықтырушылар алқасының өздері анықтауы тиіс.

– «Қайраттың» трансфері жайлы айтып қалдыңыз. Ендеше алматылық клубтың басшылары орталық қорғаушы Жарко Маркович пен басты сұрмергені Жерар Гоудың орнын баса алатын ойыншылар таба алды ма?

– Орталық қорғаушы шебі – «Қайратта» ғана емес, Қазақстанның бүкіл командаларында үлкен проблема. Бұл шепке жақсы ойыншы табу өте қиын. Жарко Маркович тәжірибелі футболшы болатын. Қазір оның орнында басқа жастар ойнап жүр. Оларға үйренісу үшін біраз уақыт керек. Сондай-ақ, Гоудың орнына Уго Сильвейраны алдыртты. Былай қарасаң, жаман шабуылшы емес сияқты. Дегенмен, оған да уақыт керек. Оның үстіне, Жерар Гоудың бірнеше жыл қатарынан үздік сұрмерген болуы жартылай қорғаушыларының арқасы. Бүкіл команда соның гол соғуына жұмыс жасайтын. Егер Сильвейраға да солай көмектесер болса, ол да гол соға алады деп ойлаймын. Егер «Қайратта» Бауыржан Исламхан, Андрей Аршавин, Исаэл және Георгий Жуков төрттігі бабында болса, онда оларды тоқтату қиын. Алматылықтардың ойындары көп жағдайда жартылай қорғаушыларына байланысты.

– Сол Исламханның Суперкубокта қосалқы құрамда қалып қойғаны таңғалдырды...

– Мен де оны негізгі құрамда алаңға шығатын шығар деп ойлағанмын. Шынын айтсам, өзім таңғалдым. Оның қосалқы құрамда отырып, ойын барысында алаңға шыққан сәтте ойынды күшейтіп жібергені есімде жоқ. Кім біледі, бәлкім бабында болмаған шығар, бәлкім, аздап жарақаты бар болар. Бірақ, оның қосалқы құрамда қалып қоюы – жақсылықтың белгісі емес. Бұл жерде бір гәп бар. Исламбек Қуат қанша тырысқанымен «Астананың» қарқынына жалғыз өзі төтеп бере алмады.

– Ойын ірі есеппен аяқталғанына қарамастан Суперкубок мәртебесін ақтай алды ма?

– Жоқ, «Астана» барлық жағынан мықты болып, «Қайраттың» ойыны Суперкубок мәртебесіне лайық болмады. Бәрі де жақсы, тартысты матчты күтті. Таблода тек 3:0 есебі ғана тіркелді, әйтпесе «Астана» 5-6 гол айырмашылығымен де жеңіске жетер еді. Неге бұлай болғанын, «Қайраттың» неге соншалықты қауқарсыздық танытқанын саралау үшін жаттығу жиындарын қарау керек шығар. Мені таңғалдырғаны, оқу-жаттығу жиындарында «Қайрат» қай ойында болмасын, өз қақпасына 2-3 голдан жіберіп жатты. Қарсыластары аса қарымды болған жоқ. Міне, барлық сұрақтың жауаптарын осы жерден табуға болады. Қорғаныс шебінде және орталық тұсында бір кемшін бар секілді.

– Қалай ойлайсыз, «Қайратқа» бабына келу үшін қанша уақыт қажет болады?

– Әлгі 0:3 есебі «Қайратқа» жақсы шапалақ болып тиді деп үміттенемін. Ел чемпионы болуды көксеп жүрген клуб бұлай ойнамауы керек. Сөзден іске көшетін кез келді. Әйтпесе, амбициясы зор, бірақ ойыны көңілден шығып жатқан жоқ. Қалай болған күнде де "Қайрат" биыл да чемпиондыққа таласуға қабілетті дегенге сенгім келеді.

– Енді «Астана» туралы. Қалай ойлайсыз, клуб басшылары команда тізгінін толығымен Григорий Бабаянға тапсыра ма, әлде жазға таман басқа бапкер шақыра ма?

– Мен әрдайым отандық мамандарға сенім артқанды құп көремін. Сондықтан, Гриша Бабаян «Астанада» ұзағынан болса, сүйінер едім. Оның үстіне, оның тәжірибесі баршылық. Талай білікті бапкердің мектебінен өтті. Енді өз бетінше жұмыс жасайтын кезі келді. Оған тек сәттілік тілеймін! Егер сенім артып, тізгінді толығымен Бабаянның қолына берсе, Стойловқа жасаған жағдайды оған да жасаса, онда ол да жақсы нәтижелер көрсетеді деп ойлаймын. Әйтпесе, бізде отандық мамандарға келгенде басшылар сараңдық танытып, шетелден келген жаттықтырушылардың бар еркелігін көтеріп жататын жаман әдеті бар.

– Сонымен, «Астана» биыл да ел чемпионатында жеке-дара көшбасшы болады деп ойлайсыз ба?

– Шынымды айтсам, «Астананың» биыл чемпион болғанын аса қаламаймын. Әлбетте, еурокубокта елордалықтарға сәттілік тілеймін! Әр жетістігіне қуаныштымын. Дегенмен, Премьер-лиагаға серпін, жаңа леп керек. «Қайрат» қана емес, чемпиондыққа тағы үш-төрт клуб таласса екен деймін. Бұлардың қатарына «Ордабасы» мен «Тобылды» қосуға болады. Қызылорданың «Қайсары» да биыл жақсы күшейді. Владимир Аржановпен келісімшартты ұзартыпты, Асқат Тағыберген оралды. Бас бапкері Стойчо Младенов та білікті бапкер, консервант маман. Олар да кез келген командаға лайық қарсылық көрсете алады. Бұлардың қатарына «Ертісті» қосыңыз. Бірақ, павлодарлықтардың трансферлерін қарап отырмын. Құрамы біршама селдіреп қалған сияқты. Қиын болады. Бір сөзбен айтқанда, «Астана» ғана емес, барлық командалар маусымға тыңғылықты дайындықпен келсе екен деймін.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика