Вернуться к списку статей

Дмитрий Шомко – Стойлов ұлттық құраманы жаңа деңгейге көтере алады

Футбол
1K
Дмитрий Шомко (
Елордалық команданың вице-капитаны Дмитрий Шомко өз командасының ертеңгі Суперкубокта жеңіске жететініне сенімді. Қарсыласына құрметпен қарағанымен әр сөзінен «Астана» мықты дегенді сездік. Сондай-ақ, қорғаушы Станимир Стойловтың ұлттық құрамаға бас бапкер болуы жайлы өз пікірін білдірді.

– Ертеңгі ойынға тас-түйін дайынбыз. Клуб басшыларының алдымызға қойған барлық тапсырмаларын орындаймыз деп сенемін. Соның бірі – Суперкубок. Ертең жеңіске жетіп, жанкүйерлерімізді қуантуымыз керек. Сондай-ақ, оқу-жаттығу жиыны да ойдағыдай өтті. Бұған «Спортингпен» болған кездесулер дәлел. Әлбетте, командада жарақаты бар бірқатар ойыншылар бар. Бірақ, ертеңгі матчта бұл бізге кедергі болмайды деп ойлаймын.

– Дима, Станимир Стойловтың ұлттық құрамаға бас бапкер болып баруы туралы не айтасыз?

– Бәріміз де Станимирдің әлеуетін, оның қаншалықты білікті маман екенін жақсы білеміз. Ол ұлттық құраманы жаңа деңгейге шығара алады деп ойлаймын. Әрине, «Астана» үшін бұл жаңалық емес. Әйтсе де, Григорий Контантиновичпен де бірге жұмыс жасап жүргенімізге біраз жыл болды. Бұған дейін Стойловтың көмекшісі болған. Сондықтан, команданың ойыны аса қатты өзгере қояды деп ойламаймын. Бәріміз де клуб басшыларының алдымызға қойып отырған тапсырмаларын жақсы түсінеміз.

– Ұлттық құрамаға бас бапкер болып тағайындалған кезінде Стойлов өзгелер таныстықтың арқасында ғана бас командаға шақыртылды деп ойламас үшін енді «Астана» футболшыларына екі есе жақсы ойнау қажеттігі туралы айтты...

– Біріншіден, ешкім ешқашан ұлттық құрамада тамыр-таныстықтың арқасында ойнаған жоқ. Екіншіден, егер сен 100 пайызға дайын болмасаң, ұлттық құрама емес, «Астанада» да ойнай алмайсың. Әр ойында өз шеберлігіңді дәлелдеуің керек.

– Сіз бұған дейін де Қазақстан Суперкубогын жеңіп алғансыз. Ертеңгі кездесуде де жеңіске жетуге мотивация қалды ма?

– Мен Суперкубокты бір емес, екі рет жеңіп алғанмын. Дегенмен, мұндай жүлделерді күн сайын ұта бергің келеді. Клуб үшін, оның жанкүйерлері үшін және клуб басшылары үшін барымызды саламыз.

– Сіздіңше, «Астананың» «Қайраттан» басты артықшылығы неде?

– «Астана» мен «Қайрат» қазір Қазақстан футболының басты командалары. Бір-біріне оңайдықпен беріспес екі қарсылас. Екі астананың дербиін көреміз. Екі команданың да барлық ойыншылары сапалы ойын көрсете алады. Олардың шабуылы мықты, бірақ біздің барлық шебімізде шеберлер жетерлік.

– «Астананың» ойыншылары әлі өткен жылғы сыйақыларын толық алған жоқ деп естідік. Бұл сіздің командаңызға психологиялық тұрғыда кері әсер етпей ме?

– Өткен маусымнан қалған сыйақылардың белгілі бір мөлшері қолымызға тиді. Басшылық барлық қарыздарды жақын уақытта жабатындықтарын айтып сендірді ғой. Дегенмен, бізге бұл жағдай психологиялық тұрғыда ешқашан кері әсерін тигізген емес. Оған Еуропа лигасындағы ойындарымыз дәлел.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика