Кеше Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Ұлан Қонысбаев «Ақтөбемен» келісімшартқа отырды. Қанша уақытқа, қандай жалақыға екенін білмейміз, бір анығы, алдағы маусымды жартылай қорғаушы «Ақтөбеде» өткізеді.
Рас, бұл жаңалықты қуанышпен қабылдадық. Біз ғана емес, барлық жанкүйерлер осынау келісімшартқа қуанған шығар. Әйтпесе, 27 жасында футболмен қоштасты дегенің тым обал ғой.
2016 жылдың 6 маусымы еді. ФИФА датасы емес, бірақ ҚФФ-ның сол кездегі басшылығы Даляньға барып, Қытаймен жолдастық кездесу өткізіп қайтуды құп көрді. Мұның арты қандай дауға ұласарын ол кезде Қазақстан футбол федерациясының атқамінерлері сезген де жоқ шығар. Өйткені, шыны керек, «Қытай – Қазақстан жолдастық кездесуі» дегенде ешкім футболшыларымыздың емес, Қонысбаевтың жарақатын еске алады. Тіпті, қазірдің өзінде матчтың қандай есеппен аяқталғанын бірден еске түсіретін жанкүйерлер аз.
Расымен де, бірінші таймның соңына таман өте ауыр жарақат алып, алаңнан жедел жәрдемнің көмегімен ғана кеткен футболшы содан бері алаңға оралған жоқ. Содан бері талай ем-домнан өтті, аяғына бірнеше рет ота жасатты. Қазақстаннан бастап, Қытай, Италия, неміс медицинасының барлығын көрді. Футболға қайта оралуы ұзап кетті. Тіпті, кейінгі кездері оның алдағы карьерасына күмәнмен де қарай бастағанымыз рас. Дегенмен, шынын айтқанда, жарақат алғанға дейін де Қонысбаевтың футболдағы жолы болмай жүрген еді. 2014 жылы Қарағандының «Шахтерінде» тамаша ойнап, кейін «Астанаға» ауысты. Алайда, 2015 жылы елордалықтар сапында жарты-ақ маусым өткізді де, Алматының «Қайратына» қоныс аударды. Бірақ, «Қайратта» да допты домалатып әкете алмады. 2016 жылы «Атырауға» барды. «Мұнайшылардың» сол кездегі бас бапкері Стойчо Младенов Ұланға үлкен сенім артып, негізгі құрамда ойнатып жүргенімен көбінесе ойын соңына қарай ауыстырып жіберетін.
Енді Қонысбаев «Ақтөбеде» доп тебеді. Кемі жарты маусым. Бірақ, ұзағынан сүйіндіреді деген үміттеміз. Иә, дүниеге келгенде анасының құрсағынан аяғымен шыққан таланттың футболмен тым ерте қоштасуы әділетсіз болар еді. Туылғанда қолында доп болмады демесеңіз, Ұлан расымен де футбол үшін жаралған жан. Ертерек бабына келіп, жанкүйерлерін әлі талай қуантады деп сенеміз.