Вернуться к списку статей

Қанат Мұстатаев – "Тараздан" әлі талай Сейдахмет пен Зайнутдинов сияқты таланттар шығады

Футбол
1K
Қанат Мұстатаев –
Соңғы үш жылда «қыл арқанның» үстімен жүруді әдетке айналдырып алған «Тараз» футбол клубы ақыры Премьер-лигадан ұшып тынып, биылғы маусымды Бірінші лигада өткізетін болды. Содан клубта «тазалау» жұмыстары кеңінен жүріп, өткен айда басшылық тізгінді Қанат Мұсатаев ұстады.

Кезінде Қазақстанның үздік ойыншысы болған, кейін Қазақстан футбол федерациясында әртүрлі басшылық қызметтерді атқарған маманмен «Тараздың» биылғы маусымдағы мақсаты туралы сұхбат құрған едік.

– Қанат Бектілеуұлы, бұрындары әртүрлі басшылыққа қызмет атқарғаныңызбен ешқашан клуб директоры болған емессіз. Бұл сіз үшін жаңа кезең. Енді «Таразды» қалай қайта түлетпексіз?

– Тараз қаласы ежелден футбол дәстүрі бай аймақ. Осы өңірден Сейілдә Байшақов та, Дмитрий Огай мен Ваит Талгаев, Вахид Масудов та шыққан. Біздің заманымызда Олег Литвиненко, Нүркен Мазбаев, Азамат Ниязымбетов, Нұрмат Мырзабаев, Ерлан Елеусінов сынды мықтылар ойнады. Одан кейін Мұрат Тілешев те «Тараздың» түлегі. Кейінгі буыны да жақсы. Ұлан Қонысбаев, Бауыржан Исламханды қазір футболға қызығатын барлық бала таниды. Қазір де бұл аймақ таланттардан кенде емес. «Уфаға» кеткен Еркебұлан Сейдахмет пен «Астанаға» ауысқан Бахтиер Зайнутдинов соның дәлелі. Дегенмен, соңғы кездері, ашығын айтуымыз керек, Таразда балалар футболының деңгейі сәл төмендеп кетті. Бұған дейін өзім Шымкенттегі «Оңтүстік» академиясын басқардым. Сонда бізге Тараздан балалар көп келетін. Шу, Меркі сынды аудандарын айтпағанда қаланың өзінен, тіпті «Тараз» футбол орталығынан да жеткіншектер келіп жатты. Бұл нені білдіреді? Қазір Жамбыл облысында балалар-жасөспірімдер футболы кішкене ақсап қалған сияқты. Әйтпесе, «Арқада күн жайлы болса, арқар ауы несі бар?» деген бар емес пе? Біздің басты мақсаттарымыздың бірі де осы – Тараздағы таланттарды қайта түлетіп, олардың жаттығуларына бар жағдайды жасау. Бұл бірінші кезекте инфрақұрылымға байланысты. Мен де бұл тұрғыдан тәжірибе бар. Кезінде ҚФФ спорт директоры ретінде барлық аймақтардың жағдайымен танысқам. Енді Тараз футболына оң өзгеріс әкелуге тырысам.

– Дегенмен, бірінші команданы да ұтуға болмайды. Соңғы кездері «Тараздың» жағдайы мәз емес. Ақыры Бірінші лигаға ұшып тынды. Аймақтың бас командасына қалай серпін беруге болады?

– Иә, осы қызметке басты екі мақсатпен келдім. Біріншісі балалар футболы, екіншісі бас команда. Дұрыс айтасыз, соңғы жылдары команданың көрсеткіші тым төмендеп кетті. Екі жыл бұрын електік ойын өткізді. Одан кейін «Алтайдағы» проблеманың «арқасында» ғана Премьер-лигадағы орнын сақтап қалды. Сөйтіп, ақыры былтыр Бірінші лигаға ұшып тындық. Енді менің мақсатым – команданы қайта Премьер-лигаға шығару. Командаға тұрақтылық керек. Бір ұшып, бір оралып жүре беру – дәстүрі бай клуб үшін дұрыс емес. Сол үшін жергілікті ойыншылардың барлығы ешқайда кетпей, командада қалса екен деген тілек бар. Жалпы, Таразға барған бетте бірінші кезекте жергілікті футбол ардагерлерімен, жанкүйерлермен және журналистермен кездесіп, аймақ футболы жайлы біраз хабар алдым. Енді осы жылы бұйыртса, клубтық атрибутикаларды сататын арнайы дүкен ашсақ деген жоспар бар.

– Клуб басшылығы қызметіне келмес бұрын Тараз футболын біраз зерттеген сияқтысыз. Неліктен клуб соңғы кездері нашар өнер көрсетіп жүрді деп ойлайсыз?

– Маған дейінгі жағдайдың қалай болғанын талқылап жату дұрыс емес шығар. Мен одан да жоспарыммен бөлісейін. Оның еш бірін жасырмаймын ғой. Жалпы, өзім үшін біраз қорытынды шығардым. Енді тек жоспарларымды жүзеге асыру қажет. Қазір мен клубқа бой үйретіп алайын, сосын тағы бір кездесіп әңгімелесерміз.

– Ендеше «Тараздан» Еркебұлан Сейдахмет кетті, Бахтиер Зайнутдинов Астанаға ауысты. Биыл бұлардың орнын басатын басқа жас таланттар бар ма?

– Команда қазір жаңа маусымға дайындық үстінде. Жаттығуларын көрдім. Есімдерін атамай-ақ қояйын, бірақ жалынды жастар бар. Олардың бірқатары өз жастарында Қазақстан құрамаларына шақыртылып жүр. Ал Сейдахмет пен Зайнутдинов амал жоқтықтан кеткен жоқ. Олардың деңгейі «Тараздан» өсіп кетті. Лайықты ұсыныстар болды, одан бас тарту дұрыс болмас еді. Мұндай командалар шақырып тұрғанда бас тарту мүмкін емес. Әлбетте, сақтап қалғымыз келді. Алайда, болашақтарына балта шабуға болмайды. Сәттілік тілейміз! Алдағы уақытта «Тараздан» Сейдахмет пен Зайнутдинов сияқты таланттардың талайы шығады.

– «Тараздың» алдында бірінші маусымда-ақ Премьер-лигаға оралу мақсаты тұр ма?

– Екі бағытты айтып өттік қой. Кез келген жолмен қайта оралуды көздемейміз. Бұл да біздің басты мақсаттарымыздың бірі. Дегенмен, сонымен қатар, инфрақұрылымды күшейтіп, балалар футболын да дұрыс жолға қоюды көздейміз. Ал «Тараздың» биыл Бірінші лигада топ жаратынына сенімдімін. Бұл үшін бізде барлық мүмкіндік бар. Өткен жылғы капитан Нұртас Кургулинді сақтап қалдық. Бауыржан Байтана қайта оралды. Басқа да тәжірибелі жігіттерді шақырдық. Сондықтан, бұйыртса, Премьер-лигаға қайта оралып, үздіктердің бірі болуға тырысамыз.

– Соңғы сұрақ. Бас бапкерлік қызметте Ваит Талғаев қалатын болды ма? Әйтпесе, ол жайында да неше түрлі сыбыстар шығып жатыр...

– Бірден айтайын, Талғаевқа менің сенімім өте зор. 1996 жылы «Таразда» өзім де Ваид Абдул-Хамидовичтің қарамағында жаттыққанмын. Сол жылы чемпион болдық. Былтыр да «Тараз» Премьер-лигадағы ең кішкентай бюджеттің иесі болғанына қарамастан барлық командаға қарсы жақсы ойнады. Егер әлгі «-6 ұпай» болғанда өз орнын сақтап қалар еді. Ал Бірінші лигада бапкер ауыстырудың қажеті жоқ. Талғаевқа бәрі сенеді.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика