Вернуться к списку статей

Демеушісі зор «Астана», зар болып жүр ақшаға...

Футбол
1K
Фото fca.kz сайтынан
Қазақ клубы алғаш рет Еуропа лигасының 1/16-финалында додағы түсіп, бірінші ойында ұтылып қалды. Себеп... қаражат қат, ақша жоқ...

Әрине, «Астана» мен «Спортингті» қатар қойып, салыстыруға да, таразыға тартуға да келмейді. Португалия клубының деңгейі – әлдеқайда жоғары. Бюджеті – қомақты, жалпы трансферлік бағасы – шамамен 10 есе артық. Қысқы үзіліс кезінде құрамын күшейту үшін 40 миллион еуро жұмсады. Тағысын тағы...

Сондықтан, «Астана» неге өз алаңында «Спортингтен» ұтылып қалды деп, бүйректен сирақ шығарып отырған жоқпыз. Түсінеміз, деңгейі жоғары команда басым түсті, ал елорда клубының ойыншылары намысты қолдан бермеуге тырысты. Бірінші таймда тіпті Португалия клубын әбден састырды. Бұл да – ерлік! Ерлік болғанда қандай!

Әйтсе де, матчтан кейін «Астана» клубының бас бапкері Станимир Стойлов бар мәселені қаражатқа, ақшаға әкеліп тіреді. Әрі бұл бірінші рет емес. Қараша айында «Вильярреал» клубымен болатын ойынның алдында да, өткен жылғы сыйақыларын ала алмай жүргендерін тілге тиек етіп, жиналғандарды жабырқатқан.

«Еуропада ел намысын абыроймен қорғап жүрген команда, қазақтың да футбол ойнап, азулы команда жасақтай алатындығын бүкәл әлемге паш етіп жүрген ұжым, бұлары несі» – деп, журналист біткен тұнжырадық. Енді міне, «Спортингтен» ұтылғанда, дәл сол жағдай қайталанып отыр. Ұнжырғасы түсіп, қапаланып отырған бапкерге қосылып, егіле жаздадық...

Бас бапкердің неліктен ұтылғандарына егжей-тегжей тоқталғаннан гөрі демеушілерге деген өкпе-назын төгіп салғаны көп болды. Осы ойлантты. Бірден емес, әрине, бәрін де ой елегінен өткізген соң. Себебі мына бір сөзі құлақтан кетер емес:

–  Демеушілеріміз ойланып-толғанып, біздің мәселемізді шешеді деп үміттендім. «Астана» «Спортингтен» өтеді деп сендім...

Дұрыс айтасыз, Стойлов мырза! Бәріміз де сендік. Біз де, жанкүйерлер де сенді. Астананың шыңылтыр аязына қарамай, стадионға 30 мың жанкүйер жиналды. Үміт алға жетелеп, бәрі де сенім артты. Сенбесе, Сарыарқаның сүйектен өтер суығында «Астана-Аренаға» келер ме еді, салпақтап?!

Стадионға жиналған сол 30 мыңның кем дегенде... иә, кем дегенде, үш мыңы жаяу келеді. Өйткені, халықта да ақша жоқ. Көбісінің билетке ақшалары болғанымен, арлы-берлі автобусқа тиын-тебендері санаулы. Дәл сол күні Қабанбай батыр көшесімен стадионға жөңкілген халықтың қарасы қалың болды.

Олардың ойларына «демеуші», «ақша» деген сөздер кіріп те шыққан жоқ шығар. Олар тек «намыс», «Астана», «футбол», «Еуропа лигасы», «плей-офф» деп ағылды. Тіпті «Спортинг» клубының бас бапкері Жоржи Жезуш та «стадиондағы атмосфера керемет» деп, көрермендерімізге риза болғанын және сүйсінгенін жасырмады.

Өкінішке қарай, қазақ топырағында бұрын-соңды болмаған осындай футбол мерекесін «ақша дауы» «құртты». Көңілге кірбің түсірді. Сонда қалай, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» өз міндеттемесін орындамай ма? Тиісті қаржыны «Астана» футбол клубына аудармай ма? Еліміздің атын шығарып, абыройын асқақтатып жүрген команданы қолдамай ма?

Ал «Астана» ше? Неге тек Бас демеушісіне байланып қалды? Басқадай қаржы көздерін іздестіріп, келіссөздер жүргізуге болмай ма? Білікті мамандары бар емес пе? Әлде «өзімшіл» «Самұрық-Қазына» оған да рұқсат бермей ме?! Біздікі тырнақ астынан кір іздеу емес, ебін тапса, «басқа да қаржы көздері табылмас па екен» деген тілеу ғана.

Жалпы, Еурокубоктар додасындағы UEFA-ның негізгі талабының бірі де осы емес пе?! Яғни, әр команданың өзін-өзі қаржыландыруға көшуіне ықпал ету сияқты еді. Не үшін «Астана» жазаға тартылды, неліктен жаңа ойыншылар сатып ала алмайды? Бұл да сабақ болмаған ба?

Әйтеуір, ойды мазалаған сұрақ өте көп. Қаржы мәселесіне келгенде, байыбына жетіп, көп нәрсені түсіне алмай қаламыз. Станимир Стойлов айтқандай, жоғары өрлеп бара жатқан команданы өзіміз аяғынан шалып, жойып-құртып алмасақ екен деп, шыр-пыр боламыз. «Астана» клубын, оның жанкешті футболшы жігіттерін қимаймыз.

Түсінбейтініміз көп дедік қой, соған бір мысал келтірсек, артық бола қоймас. Өздеріңіз білесіздер, жақында «Астана» Джуниор Кабананганы қып-қызыл ақшаға сатты. Сол қаржы ойыншыларға берешек қаражаттың орнын жабуға жетпеді ме? Әлде «Астанаға» одан да көк тиын түспей, «Самұрық-Қазына» өз қалтасына салып ала ма?! Сұрақ көп, өте көп...

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика