Вернуться к списку статей

Давид Лория «Ертістен» қоштасты, ендігі барар жері «Ақтөбе» ме?

Футбол
1K
Давид Лория «Ертістен» қоштасты, ендігі барар жері «Ақтөбе» ме?
2015 жылдан бері «Ертіс» клубының қақпасын қорғаған Давид Лория Павлодардан кететінін мәлімдеді. Бүгін ол «инстаграмдағы» ресми парақшасында командамен және оның жанкүйерлерімен қоштасты.

Ал «уикипедияда» оның ендігі клубы ретінде «Ақтөбе» көрсетіліпті.

«Қайырлы күн, достар!

«Ертістегі» кезеңімнің аяқталғанын үлкен өкінішпен хабарлауға мәжбүрмін. Клуб маған өз шешімін айтты, мен оны еңсемді тік ұстап қабылдауым керек.

Күндердің күнінде «қош бол» деп айтатын уақыттың келетінін түсінетінмін. Мен бұрын да Павлодардан кеткенмін. Ол кезде маған шетелдік клубтан ұсыныс түскен. Сонда да «Ертіспен» қоштасу оңай болмаған еді. Бұл жолы іштегі сезімімді айтып жеткізу мүмкін емес. Өйткені, басқа командалардан гөрі осы клубта көп ойнадым.

Павлодардағы кезеңім пайдалы, әрі нәтижелі болды деп есептеймін. Екі рет қола медаль алып, бір рет күміспен күптелдім. Бірақ, бұдан бөлек, үш рет ауыр жарақат алып, пышақтың астына (ота жасатуға) мәжбүр болдым. Одан кейін ұзақ емделдім.

Қалаға да, осы уақытқа дейін қолдап, мені өз баласындай қабылдаған жанкүйерлерге де алғыс айтамын. «Ертіске» және оған қатысы бар барша жандарға сәттілік тілеймін! Осы отбасының мүшесі болғаныма қуаныштымын.Павлдодар менің жүрегімде мәңгілікке қалады.

Футболшы өзіне сенетін командада ойнауы тиіс. Енді мен пайдамды барымша тигізе алатын, ойыныммен жанкүйерлердің бір жыл емес, бірнеше жыл бойына қуанта алатын команда іздеймін. «Ертістің» жанкүйерлеріне, бапкерлер алқасы мен барша ойыншыларына, қызметкерлеріне шын жүректен табыс тілеймін! «Қош бол» дегім келмейді. Сондықтан, қайта көріскенше, достар!», - деп жазды Давид Лория.

Естеріңізге сала кетейік, Лория алғаш рет «Ертіс» сапында 2010-2012 жылдары ойнаған. Одан кейін клуб намысын 2015-2017 жылдар аралығында қорғады. Бұдан бөлек, Қазақстанның «Жеңіс», «Есіл», «Шахтер», «Астана», «Қайрат» командаларының қақпасын қорғаған. Ал шетелдіктерден Мәскеудің ЦСКА-сы мен Аустралияның «Энфилд-Сити Фэлконс» жастар командаларында доп тепкен.

Ал уикипедияда Давид Лория 2018 жылдан бастап «Ақтөбеде» ойнайды деп көрсетіп қойыпты.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика